Эхинококкоз ауруының алдын-алу  

                        Эхинококкоз – бауыр және өкпені зақымдайтын паразитарлы жұқпалы ауру. Бауыр эхинококкозының негізгі шағымдары: құсу, тәбеттің төмендеуі,  оң жақ қабырға астының ауырсынуы. Өкпе эхинококкозында дене температурасының жоғарылауы,  интоксикациялық синдромдар, жөтел, қан аралас түкіру, кеудеде ауырсыну байқалады.

Эхинококкоздан емделудің негізгі жолы-хирургиялық ем. Эхинококкоз ауруының таралуы мал шаруашлығымен тікелей байланысты. Адамдарға эхинококкоз ауруы алиментарлы (эхинококкок жұмыртқаларымен ластанған көкөніс, жеміс-жидектер, суды пайдалану арқылы) және қарым-қатынас арқылы (ауру үй жануарларымен қатынасу немесе етті сою кезінде жеке бас гигиенаны сақтамағанда) жұғады.    

Эхинококкоз ауруының тәуекел тобына мал шаруашылығымен айналысатын және мал жануарымен қатынаста болатын адамдар (мал шаруашылығы фермаларының, ет өңдейтін кәсіпорындардың, мал соятын пункттердің, мал сою алаңдарының, малды кәдеге жарату және көму объектілерінің жұмыскерлері және олардың отбасы мүшелеріне; малшылар, аңшылар, орманшылар және олардың отбасы мүшелеріне;  мамық-тері шикізатын өңдейтін шеберханалардың жұмыскерлері және олардың отбасы мүшелеріне;  ветеринария жұмыскерлері және олардың отбасы мүшелеріне; аң фермаларының, қорықтардың, хайуанаттар паркінің жұмыскерлері және олардың отбасы мүшелеріне) жатқызылады.

Аурудың алдын-алу шараларына ветеринариялық бақылау және жануарларды сауықтыру (иттерді мерзімді дегельминтизациялау және  үй малдарын ұстаудың гигиеналық жағдайын жақсарту) жатады.

 Алдын  ала төмендегідей ережелерді сақтау керек:

  • үй жануарлармен қатынасқаннан кейін, бақшада жұмыс жасаған соң, қолды сабындап жуу керек;
  • балалар ойнайтын алаңдарда иттердің жүруіне жол бермеу, құмның ластануынан сақтау керек;
  • үй жануарларына ветеринариялық тексеру мен дегельментизациясын жиі жүргізу, жануарға ветеринарлық паспорт алу;
  • мысық және иттерге сойылған ауру малдың ішкі органдарын беруге болмайды;
  • жемістер және көкөністерді сумен мұқият жуу;
  • тәуекел топтарының адамдар эхинококкозға жыл сайын тексерістен өту керек.

Н.Утегенов,

Алға аудандық

 санитариялық-эпидемиологиялық

 бақылау басқармасының басшысы