Ел жанашыры
Желтоқсанның ызғарын сезген жан
Егемендік халқымызға оңайлықпен келмеді. Қаншама қан төгіліп, жан берілді. 1986 жылғы суық, ызғарлы Желтоқсан оқиғасын еске алғанда көзге жас алмау да мүмкін емес. Еліміздің Тәуелсіздігін аңсап, алаңға шығып бір топ қазақ жастарының қатарында болған қаламыздың тұрғыны Жұмагүл Бақытжанқызы туралы көпшілік оқырман назарына ұсынбақпыз.
Ол кезде Жұмагүл Бақытжанқызы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетінің соңғы 4 курсында оқып жүрген студент болатын. Сабаққа жиналар кезде таңертең алаңда болып жатқан жайтты ұстазынан естіп, сол жаққа барып аз да болса группаластарымен үлестерін қосамыз деп шешеді. Таңда сабаққа барып, одан кейін шығып алаңдағы көтеріліске шыққан жастардың қатарына қосылады. Бірақ институт ұстаздары студенттердің барлығына ол жаққа баруға болмайтындығын, бәрібір қолдарынан ештеңе келмейтіндігін, оқудан шығып қалу қаупі бар екендігін айтып ескертеді. Сонда да тыңдамай бір топ қыздар болып алаңға аттанады. Жұмагүл Бақытжанқызының көкейінде «неге қазақ жастары ел егемендігі үшін аянбай, қорықпай Тәуелсіздігіміз жолында күресіп жатқанда біз қалай тыныш отыра береміз!» деген ой болады. Сол ойдың жетегімен олар қызу көтерілістің қасынан табылады. Алайда алдыңғы қатарға өтпегенмен шетінде болса тұрып, басқа қаншама өршіл рухты жастармен бірге қосылып патриоттық әндер, жалынды ұрандарды қайталап айтып тұрады.
Ол туралы кейіпкерімізбен тілдескенімізде былай деп еске алады: « — Жыл сайын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесі аталып өткенде менің бойымды ерекше бір сезім билейді. Себебі, мен сонау қаһарлы Желтоқсан оқиғасын өз көзіммен көрген болатынмын. Ол көріністі көзбен көріп сезіну деген мүлдем басқа. Қазіргі кездегі аты әлемге танылған еліміздің егемендігі еш оңайлықпен келмеді. Қаншама жастарымыз қыршын кетті. Алаңда алдыңғы қатарға өтіп белсенділік танытқандардың барлығы аяусыз жазаланып, өлтірілді, көпшілігі сотталды. Одан бөлек естігендеріміз жүректі ауыртпай қоймайды. Сол жылы аязды күні аз да болса қазақ жастарымен көтеріліске қатысқанымды Тәуелсіздігіміз жолындағы азғантай үлесім деп білемін. Кейіннен осы көтеріліске барғанымызды ұстаздарымыз естіп, бірақ ешкімге айтпады. Ол кезде оны айту қауіпті болатын. Бізге ешкімге тіс жармаңдар деп ұстаздарымыз аладаушылық білдірді. Сөйтіп аман-есен Адамның бойында жоғары оқу орнын аяқтап, арман қуып жан-жаққа кеткен болатынбыз. Туған еліне, халқына деген шынайы махаббат, сүйіспеншілік болса, еріксізден – еріксіз бойыңда ерлік, батылдық, тулаған сезім пайда болады. Оны басымнан өткердім. Еліміздің алдағы уақытта болашағы жарқын, аспанымыздың ашық, жұртымыздың тыныш болғанын тілеймін. Ел еңсесі биік болып, Көк Туымыз мәңгі желбіресін! «Желтоқсан оқиғасына» қатысып, құрбан болғандардың есімдері мәңгілікке есімізде қалмақ, олардың өршіл рухтары әлі тала жасқа үлгі болары анық.».
Құрманалина Жұмагүл Бақытжанқызы 1966 жылы 13 қарашада дүниеге келген. Шалқар ауданы, Сарыбұлақ совхозы, Байқадам ауылының тумасы. 1973-1983 жылдары Қорғантұз орта мектебінде білім алып, 1983 жылы алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1987 жылы тәмамдайды. Жолдамамен 1987 Мұғалжар ауданы, Құмжарған негізгі мектебіне жұмысқа жіберіледі. Сол ауылда кейіпкеріміз отбасын құрады. Содан 2023 жылға дейін аталмыш білім ордасында үздіксіз ұстаздық етіп, отбасылық жағдайына байланысты Алға қаласына қоныс аударады. 2023 жылдан бастап күні бүгінге дейін «Даму» балаларды дамыта түзету орталығында мұғалім болып еңбек етуде. Отбасылы, жолдасы екеуі үш қыз тәрбиелеп өсірген жандар. Өмірлік жары Мұрат 9 жыл бұрын бақилық болған. Жұбайы еңбекқор, қайырымды жан, қыздарының сүйікті әкесі болғанын да кейіпкеріміз жеткізді. Бүгінде үш қызы да білім саласында елімізге адал қызмет етуде. Перзенттерінің барлығы да ұядан ұшып, отбасын құрып, өмірден өз орнын тапқан.
Өмірінің мәнін әрдайым еленген еңбегімен өрнектеген ел жанашыры, ұлағатты ұстаз Жұмагүл Бақытжанқызының жүріп өткен жолы жастарға үлгі болсын демекпіз. Өскелең ұрпақтың бойында батылдық, елге деген ыстық сезім болсын. Сол кезде ғана Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік болмақ.
Марал САНДЫБАЙ