Алға ауданында «Жыл қорытындысы – 2025» атты салтанатты жиын өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, рухани өміріне және қоғамдық тұрақтылыққа үлес қосқан азаматтардың еңбегі лайықты бағаланды. Жыл бойғы жүйелі жұмыстың нәтижесін саралаған бұл басқосу – еңбек адамына деген құрметтің нақты көрінісіне айналды.

Мерекелік шара қазақ биімен басталып, салтанатты жиында Алға ауданының әкімі Асланбек Серікұлы Шүйіншәлиев алғалықтарды жыл қорытындысымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде 2025 жыл бірлік пен берекенің, нақты істер мен оң нәтижелердің жылы болғанын атап өтіп, еңбек адамын қолдау – мемлекеттің басым бағыты екенін жеткізді.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Абайұлы Бектеновтің «Алғыс хатымен» ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан Қыдырбай Көкенұлы марапатталды.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Берлешұлы Шахаровтың «Алғыс хатымен» бірқатар азаматтардың еңбегі еленді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкер Мәулен Қалдыбайұлы марапатталып, оған Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Елеулі еңбегі үшін» медалі табысталды. Сонымен қатар жер қатынастары саласында ұзақ жылдар еңбек еткен мемлекеттік қызметкер Асхат Төлеуханұлына да Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Елеулі еңбегі үшін» медалі табысталды.
Сонымен қатар еңбек адамының мәртебесін арттыруға үлес қосқан Айгүл Дауылбайқызы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып жүрген Сұлтан Серікұлы, орталық мешіттің қызметкері Серім Амангелдіұлы, «Алға-Жылу» КМК-ның адал еңбек иесі Азамат Серікұлы Алғыс хатпен марапатталды.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Алмасбекұлы Елеуовтің «Алғыс хатымен» әлеуметтік салада жанкешті еңбек етіп жүрген Шолпан Оразғалиқызы мен Светлана Николаевна марапатталып, олардың мейірім мен жауапкершілікке толы еңбектері жоғары бағаланды.
Шара барысында ауданда ұзақ жылдар еңбек етіп, ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Алға ауданының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. Бұл марапатқа мәдениет саласының танымал тұлғалары Бақыт Қойбағарұлы мен Сара Мәжитқызы, ветеринария саласының білікті маманы Серік Жорабекұлы, мемлекеттік қызмет ардагері Бекжан Аппазұлы, ардагер ұстаз Абдімұрат Әбділқадырұлы, «Алға-жылу» КМК үздік жұмысшысы Георгий Викторович, сондай-ақ Есет батыр Көкіұлының мемориалдық кешенінде еңбек етіп жүрген Сәкен Базарбайұлы ие болды.
Ауданға демеушілік жасап, әлеуметтік жауапкершілік танытқан азаматтар да назардан тыс қалмады. «Жомарт жүрек» төсбелгісі ауылішілік жол құрылысына қолдау көрсеткен Хасан Бекташқа және Бесқоспа мен Еркінкүш ауылдары арасындағы жол қатынасына демеушілік жасаған Махамбет Манбетұлына табысталды.
Сондай-ақ кәсіби шеберлігі мен адал еңбегі үшін аудан әкімінің «Алғыс хатымен» Марат Жардинбекович, Думан Байғараұлы, Иманғали Амангелдіұлы, Айнур Сахиевна, Әмірбек Салауатұлы, ұлттық құндылықтарды насихаттауда белсенділік танытқан Күмісай Жұмабайқызы, көпбалалы ана Тұрғанкүл Орынтайқызы, мәдениет қызметкері Разия Еркебұланқызы, медицина саласының үздігі Зайда Саликовна, тазалық саласының еңбеккерлері Маряш Айтбайқызы мен Балзия Сағиқызы, жас спортшы Арнат Ануарұлы марапатталды.
Білімді ұрпақ тәрбиелеуде ерекше үлес қосқан ата-аналар да құрметке ие болды. Республикалық байқаулар мен олимпиадалардың жүлдегерлері Арман Жантөреев, Әмина Арслан, Алихан Қажығалиевтің ата-аналары – Гүлшат Ақжайыққызы, Ескендір Арсланұлы мен Раушан Шоқанқызы, Мұрат Қажығалиұлы мен Динара Нысанқызы аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан тазалығына үлес қосқан Алға қаласының мектептері мен балабақшалары, балалар өнер және спорт мектептері қомақты сертификаттарға ие болды.
Шара соңында «Ауыл» партиясының 25 жылдық мерекелік медалі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген Талғат Болатұлы, Мәулен Қалдыбайұлы, Дүйсенбек Досқұлұлы, Талғат Молдағалиұлы, Қыдырбай Көкенұлына табысталды.
«Жыл қорытындысы – 2025» салтанатты жиыны атқарылған істің есебі ғана емес, ең алдымен адам еңбегіне деген құрметтің, бірлік пен жауапкершіліктің айқын көрінісі болды. Бұл күн әр салада тер төгіп жүрген еңбек адамдарының маңдай тері ақталған, адал қызметтің бағасы берілген сәт ретінде есте қалды.
Жыл бойы қолға алынған жобалар мен бастамалар елдің әл-ауқатын арттыруға, қоғамның дамуына бағытталды. Ал сол жетістіктердің өзегінде қарапайым жұмысшыдан бастап білікті маманға дейінгі әрбір азаматтың тынымсыз еңбегі жатыр.
Алда жаңа міндеттер, ауқымды жоспарлар тұр. Бірақ өткен жылдың тәжірибесі мен бірлігі бекем жұрт барда алынбас асу жоқ. Еңбекке құрмет, елге адал қызмет ету қағидасы сақталған жерде өсім де, өрлеу де жалғасын табары анық.
Ендеше, 2025 жылдың өнегелі жолы келер жылдарға нық қадам, жарқын болашаққа берік негіз болсын.
Мадина Тажибекова