Еңбек – ырыстың қазығы
Еңбек күніне орай Ізтай Мәмбетов атындағы балалар кітапханасы жұмысшы мамандықтарға құрмет көрсету және кез келген еңбектің маңыздылығын атап өту, жас жеткіншектерді еңбекке баулу, өз еңбегімен жетістітерге жеткен адамдарды үлгі ету мақсатында Алға қаласындағы жеке кәсіпкер Алибек Жакитаевтың дөңгелек жөндеу жұмыс орнына экскурсия ұйымдастырды.
Экскурсияға Алға қаласындағы №3 қазақ орта мектебі 6 «в» сыныбының ер балалары, ата-аналар және кітапханашылар қатысып, дөңгелек жөндеудің қыр-сырымен танысты. Алға қаласының тұрғыны, өзі жас болса да белді бекем буып, алға ұмтылып кәсіп ашып, бүгінде жемісін көріп отырған Алибек Жакитаев балаларға жұмыс орнындағы әрбір бөлшек пен құрал-жабдық туралы мұқият айтып өтіп, дөңгелек жөндеуді көрсетті. Оқушылар қызығушылықпен тамашалап, дөңгелек жөндеуге арналған әрбір құрылғының не үшін қажет екендігін білді. Тіпті, өздері қолдарымен жасап көріп те байқады. Кәсіпкер небәрі 18 жаста. Бойындағы еңбекқорлығының арқасында жас болса да үй, көлік алған. Оның туған ағасы да Ақтөбе қаласында дәл осы кәсіп түрімен айналысатын кәсіпкерлердің бірі. Алибек ағасының қасында жүріп, үйреніп өз алдына дөңгелек жөндеу нүктесін ашып, бүгінде жүргізушілерге қызмет көрсетуде. Көлік дөңгелегінің еш ақаусыз дұрыс болуы, түрлі жол бойында болатын келеңсіз және қайғылы жағдайлардың болмауының басты кепілі. Ал, жас кәсіпкер жүргізушілердің және жолаушылардың қауіпсіздігі үшін күнделікті аянбай тер төгіп, адал еңбек етуде.
Еңбек адамына құрмет қашан да ерекше болуы керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Өз ісіне деген жауапкершілік, махаббат үлкен абырой алып келетіні рас. Ал, Алибектің бойынан дәл осы қасиеттерді табуға әбден болады. Кітапхана ұжымы да осындай үлгі-өнегені балаларға көрсету мақсатында аталмыш шараны ұйымдастырған болатын. Еңбек адамдары туралы айтқан бөлек, ал сол адамдардың қасында болып, кәсібін өз көздерімен көру мүлдем басқа әсер береді. Оқушылар экскурсия барысында Алибек Жакитаевқа сұрақтар қойып, ерекше әсер де алды. Шараға қатысушылар кәсіпкермен естелікке фотоға түсіп, кәсібіне сәттілік, мол табыс тіледі.
Марал САНДЫБАЙ