Еңбекпен өрілген өмір

  Қазақтың «Еңбектің наны тәтті» деген қарапайым қағидасы ауыл өмірінің айнымас шындығы болып келеді. Күннің ыстығына да, суығына да төзіп, тіршілігін төрт түлік пен жердің берекесіне арнаған адамдар бар. Олар туралы көп айтылмайды. Десек те ауылдың, елдің дамуына ең үлкен үлесті солар қосып келеді. Дала төсінде маңдай терімен нәпақа тапқан қарапайым ауыл адамдарының әрбір ғұмыр жолы – тұтас бір тарих, ел мен жерге деген адалдықтың айғағы. Шын мәнінде, маңдай терімен еңбек еткен жанның өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі, бүгінгі буынға сабақ. Осындай жандардың бірі – сауыншылықты кәсіп етіп, отбасын өсіріп, ел қатарлы еңбек еткен Дюсебаева (Тлепина) Рауза Құлантаевна мен тракторды тізгіндеп, жерге адал қызмет қылған Дюсебаев Жолдас Оспанұлы.

 1956 жылдың 1 қыркүйегінде Алға ауданы «Красный колос» (қазіргі Қарақұдық ауылдық округі) колхозына қарасты Тікқайын елді мекенінде дүние есігін ашқан Рауза апайдың тағдыр жолы да, еңбек жолы да қарапайым ауыл адамдарының өмірімен сабақтас. 1972 жылы 8 жылдық мектепті тәмамдаған жас қыз сол жылы-ақ колхоз тірлігіне кірісіп, Богословка (қазіргі Үшқұдық) ауылдық округіне қарасты «Земледелец» ауылында бұзау сауыншысы болып еңбекке етене араласады. 27 жыл бойы сауыншылықпен айналысып, еңбек майданында табандылығымен танылады.

Ыстыққа күйіп, суыққа тоңса да, ауылдың ауыр тұрмысын қайыспай көтерген Рауза Құлантаевнаның еңбегі елеусіз қалған емес. Ол түрлі грамоталар мен алғыс хаттарға ие болды. 1975 жылы колхоз басқармасы Алексей Алексеевич Федорченконың ұсынысымен депутаттыққа үміткерлер қатарына қосылып, жауапкершілігі мен табандылығының арқасында 1976 жылы партия қатарына өтеді. Партия қатарында жүріп ХХІІІ Ақтөбе облыстық партия конференциясына делегат болып сайланып, аудан атынан қатысуы – оның адал еңбегінің айғағы еді. Партия билетін де құрметпен қабылдап, «Үлгілі сауыншы» атағына ие болғаны – Рауза апамыздай қарапайым еңбек адамы үшін үлкен мәртебе.

«Еңбек түбі – зейнет» дейді дана халқымыз. Дәл осы еңбектің арқасында ол өмірлік жолдасын да жолықтырды. 1973 жылы Коммунист (қазіргі Болгарка) ауылына қонаққа барған кезінде болашақ жары Дюсебаев Жолдас Оспанұлымен танысады. Жолдас ағай 1956 жылы 2 тамызда 69-разъездте дүниеге келген. Мектептен соң бірден еңбекке араласып кетеді. Ауылда тракторист-комбайнер болып жұмыс жасай бастайды. Кейін 1975-1977 жылдары әскер қатарында азаматтық борышын өтеп, сол жақтан жол құрылысы мен аэродром саласының маманы біліктілігін алып елге оралады.

1978 жылы Рауза апай мен Жолдас ағай шаңырақ көтеріп, 3 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп өсіреді. Қыздарының үшеуі де ұстаздық жолын таңдады. «Ұстаз – ұлы тұлға» дегендей, олар шәкірт тәрбиелеу жолында еңбек етіп, балаларға білім мен тәрбие беріп жүр. Бүгінде әрқайсысы елдің алғысына бөленіп, әке-шешесінің еңбекқорлығын өз кәсібінде жалғастыруда. Ұлы Серік әке жолын қуып, тракторист-комбайнер мамандығын меңгерді. Бүгінде ол ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, егістік басында маңдай терімен жұмыс жасауда. Әкенің адал еңбегі – баласына мұра болып, жалғасып келеді. «Әкеден өнеге алған ұл тасты да гүл етедi» дегендей, міне Жолдас ағайдың ізі жалғасын тауып отыр.

Жолдас Оспанұлының өзі де 40 жылдан астам уақыт бойы тракторист-комбайнер болып, талай мәрте марапатқа ие болды. 1981 жылы еңбегі еленіп, жаңа салынған үйге қол жеткізсе, 1990 жылы егін шауып І орын алып, «ВАЗ 2106» автокөлігін иеленді. 1993 жылы Ақтөбе облысындағы Авангард ауылында өткен жарыста да І орын иеленіп, «Алғыс хат» пен бағалы сыйлыққа ие болған. Еңбегі еленген азамат ауылшаруашылығына сіңірген еңбегі үшін «Үздік механизатор» атағын да иеленген. Бұл – адал еңбекке деген елдің берген әділ бағасы.

2000 жылы көпбалалы отбасы Алға қаласына қоныс аударды. Алайда 2013 жылы Жолдас ағайдың өмірден өтуі отбасы үшін ауыр соққы болды. Дегенмен Рауза апай сабырын сақтап, балаларын жетілдірді. Бірнеше жыл маусымдық жұмыс жасап, кейін №4 «Алға бөбекжай балабақшасында» аула сыпырушы болып еңбек етіп, осы жерден зейнетке шықты.

Қазір Рауза апай 11 жиен немере сүйіп отыр. «Ұрпағың өсіп-өнсе, еңбегіңнің жанғаны» деген сөз бар. Сол айтқандай, Рауза апайдың еңбекпен өрілген ғұмыры – бүгінгі ұрпаққа үлгі, өмір мектебі іспетті.

P.S.: Уақыт алға озғанымен, еңбектің қадірі ешқашан ескірмейді. Маңдай терімен ел игілігіне үлес қосқан жандардың өмірі – кейінгі ұрпақ үшін сарқылмас өнеге. Рауза апай мен Жолдас ағайдың еңбегі – жерге деген адалдықтың, отбасына деген жауапкершіліктің, елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Қыздары ұстаздықты серік етіп, ұлы әке жолын жалғап жүргені – олардың еңбекпен өрілген ғұмырының жемісі.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА