Көптің асыға күтетін, ерекше көңіл күй сыйлайтын Жаңа жыл мейрамы барлық өңірде тойлануда. Қарапайым тұрғындармен қоса мемлекеттік қызметкерлер де сан-салада қызмет етіп жүрген, жетістігімен ерекше көзге түскен жандарды мейрамымен құттықтап, алғысқа бөлеп жатыр. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғам назарынан тыс қалмайтынын сезіндіріп, оларға да мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында мерекелік жиын болып өтті. Шара барысында олар үшін мерекелік бағдарламалар әзірленді.
Игі істерімен халық алғысына бөленіп жүрген жомарт жандардың демеушілігімен ұйымдастырылған мерекелік кеш қонақтары – қаламыздың ерекше жандары қуаныштарымен бөлісіп, көтеріңкі көңіл күйде жүздесті. Осындай ерекше жандарға – ерекше көңіл күй сыйлаған Балкенже Аймұхамбетова мен «Кездесу» мейрамханасының иесі Бақытгүл Сеитоваға мерекелік дастарханға қатысушылар жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Шараға қатысқан Алға ауданы әкімінің орынбасары Мирхан Ермағанбетов, қала әкімі Нұрбол Сурбаев ерекше жандарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, игі тілегін білдірген олар жиналғандарға сыйлықтар табыстады.
Мадина БОЛАТБЕК