Ерен еңбек еленген күн

 Күз – еңбек пен берекенің, молшылықтың символы. Дәл осы табиғаттың алтын түске боялған сәтінде елімізде Еңбек күні аталып өтеді. Биыл Алға ауданында да бұл мереке кең көлемде ұйымдастырылып, еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілді.

   Алға қаласының орталығында әсем безендірілген сахна орнатылып, еңбек күніне арналған салтанатты шара өтті. Бұл күні ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдары алғысқа бөленді.  Маңдай тер мен адал еңбектің мерейін үстем ететін айтулы күн қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше күйге бөледі.

Мерекелік кеш шымылдығын әсем әуен мен мың бұралған бишілер «Қазақ биімен» ашып, «Әлия гүлі» би ансамблі көрермен көңілін көтерді. Фанфар үнімен сахнаға көтерілген жүргізушілер көрерменді мерекенің мазмұнымен таныстырып, еңбек адамдарына деген құрметті паш етті.

Алғашқы құттықтау сөзді Алға ауданының әкімі Асланбек Серікұлы Шүйіншалиев алып, еңбекқор жандарға жүрекжарды тілегін білдірді. Шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл өмірінің өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Олардың арасында ұстаздар, дәрігерлер, ауыл шаруашылық саласының қызметкерлері, мәдениет қызметкерлері, жол жөндеушілер мен теміржол саласының майталмандары бар. Әрқайсысы – туған жерінің нағыз жанашыры, еңбегімен елге үлгі болған азаматтар.

Алға ауданында Еңбек күні кең көлемде аталып өтті. Бұл мереке – маңдай терімен елдің дамуына үлес қосып жүрген еңбек майталмандарына арналған күн. Салтанатты шара барысында әр салада адал еңбек етіп жүрген азаматтар марапат төрінен көрінді.

Атап айтсақ, 44 жыл еңбек өтілін ұрпақ тәрбиесі мен білім беру саласына арнаған ұлағатты ұстаз, ардақты зейнеткер Коргулин Абдимурат Абдилхадирович, 34 жыл өз ісіне адалдықпен қарап, ауылдық жердегі метеорологиялық бақылау сапасын арттырып жүрген Ильинка метеостанциясының басшысы Төлегенова Даметкен Арынғазиевна, 9 жыл бойы адал еңбегімен танылып, шаруашылықтағы жанашырлығы мен тиянақтылығы арқасында ауылдастарының құрметіне бөленген еңбек адамы,  Амангелді ауылының бақташысы Жаймұхамбетов Талғат Өтемұратұлы, 34 жыл бойы оқу орнының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өз қызметін зор жауапкершілікпен атқарып келе жатқан еңбекқор жан, Қарахобда мектеп-бақшасының күзетшісі Алиев Нурбол Махмудович, теміржол саласында 37 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман Кушербаева Айсауле Ешмаганбетовна облыс әкімінің орынбасары Батырхан Жолдас Нұрланұлының «Алғыс хатымен» марапатталды.

Сонымен қатар, «Байтақов» жеке қожалығының басшысы Данияр Қыдырбайұлы, «Алға саумал» жеке қожалығының басшысы Қуаныш Талғатұлы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Аманжолқызы Оразбаеваның «Алғыс хатымен» марапатталды.

Алға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Туратбай Иргал Галимжановна, Алға аудандық мәдениет үйінің электригі Қарамурзин Нұрберген Жаумитбаевич, Алға аудандық мәслихатының автокөлік жүргізушісі Еркінов Кушербай Құлымбайұлы, Есет батыр Көкіұлы ауылының бақташысы Адилов Қайрат Акимгалиевич, «Актобе Ген Строй» ЖШС-нің бас инженері Кенжетайқызы Жанаргүл,  Жерұйық медпунктінің медбикесі Тоилибаева Құралай Қалдыбаевна Алға ауданының әкімі Асланбек Серікұлы Шүйіншәлиевтің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Мерекелік шара барысында бірқатар кәсіпкерге «Жомарт жүрек» төсбелгісі табысталды. Олар: «МАКСИМУС» ЖШС-нің директоры, Бестамақ ауылындағы Есет батыр ескерткішінің айналасын абаттандырып, халық игілігіне үлес қосқан кәсіпкер Майтеков Қайрат Амангелдіұлы. «DEN-Group Plus» ЖШС-нің бас инженері, Есет батыр кесенесіне баратын жолды қалпына келтіруге, ауылға кіреберіс жолға көпір мен су құбырын орнатуға демеушілік көрсеткен жанашыр азамат Ермекбаев Бейбарыс Өтепбергенұлы.

Еңбектің бағаланған сәттері марапат иелерінің жүзіндегі қуанышпен, көрерменнің ыстық қошеметімен үйлесе түсті. Әсіресе, «Жомарт жүрек» төсбелгісіне ие болған демеуші кәсіпкерлердің есімі ерекше аталып, елдің алғысына бөленді.

Салтанатты шара аясында ауылшаруашылық жәрмеңкесі де ұйымдастырылып, тұрғындар жергілікті өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Әсіресе, қайтарымсыз грант ұтып алған жас кәсіпкерлер өздерінің қолөнер бұйымдары мен табиғи өнімдерді ұсынып, еңбектің жемісін жұртшылықпен бірге бөлісті. Жәрмеңке сөрелерінде сүт, ет, нан өнімдері, қолөнер бұйымдары мен заманауи үлгідегі қазақы нақыштағы киім-кешектер де болды.

Сонымен қатар, Алға аудандық Мансап орталығының, «Алға-Жылу» КМК-ның, аудандық білім бөлімінің және жастар ресурстық орталығының қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Нәтижесінде «Алға-Жылу» КМК-ға 19 адам кеңес алып, оның ішінде 14-і кіші бу қазандықтарының операторы болып жұмысқа орналасты. Білім бөліміне 8 адам жұмыс сұрап келді. Олар бастауыш класс пен физика пәні мұғалімдері. Мансап орталығы мен жастар ресурстық орталықтарына да бірқатар аудан тұрғындары жұмыс іздеп келді. Мансап орталығының берген мәліметіне сәйкес 25 адам қатысып, оның ішінде 5 адам тұрақты жұмысқа жолдама алды. Тағы 8 адам мекемелерге әңгімелесуге баруға ниет білдірді. Бұл жәрмеңке мерекенің шын мәнінде жаңа мүмкіндіктерге тағы бір мәрте жол ашқанын айғақтайды.

Мерекелік концерт «Алтын күз әуендері: Абай мұрасы мен Шәмші сазы» атты бағдарлама аясында жалғасын тапты. Қазақтың рухани әлеміндегі қос алып – дана Абайдың қара сөздері мен жүректерді тербеткен Шәмші Қалдаяқовтың әсем әуендері көрерменді бірде ойға шомылдырса, бірде әуезді әнге бөледі. Ән мен биді ұштастырған сахналық қойылымдар кештің сәнін кіргізді. Сахна төрінде жас өнерпаздар да, танымал орындаушылар да өнер көрсетті. Әуезді ән, мың бұралған би, күмбірлеген күй – барлығы да еңбектің мерекелік салтанатын айшықтап берді. Әсіресе, ауыл өнерпаздарының халық әндерін нақышына келтіріп орындауы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Бұл күн – еңбектің бағаланған, адал қызметтің ардақталған күні ретінде меймандардың жадында мәңгі сақталады деген үміттеміз. «Еңбек – ырыстың бастауы» дейді халқымыз. Ендеше Алға өңірінің еңбекқор азаматтары – осы сөздің айқын дәлелі.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА