Қаламыздың ең ірі балабақшасы болып саналатын «Еркетай» бөбекжай балабақшасының «Еркетай» тобы бүлдіршіндері Жаңа жылдық ертеңгіліктерімен келушілерді таң қалдырды. Мерекелік ертеңгілікке қатысқан балабақша меңгерушісі Шынарай Таженова да тәрбиеленушілердің білімі мен тәртібіне тәнті болды.

«Қош келдің, Жаңа жыл!» тақырыбында өткен мерекелік ертеңгілікті «Еркетай» тобының тәрбиешілері Шонтыбаева Анаргул Ескуатовна мен Узакбаева Айгерим Абайқызы жүргізді. Мерекелік шараның ойдағыдай өтуіне тәрбиеші көмекшісінің де еңбегі сіңеді. Осы тұста Искужина Айгуль Умрзаковнаның еңбегі зор екенін атап айту керек.

Кішкентай аққалалар болып киінген топтың қыздары мереке нақышын келтірді. Ұлдардың да жалт-жұлт еткен костюмдері көзге оттай басып, ерекше әсер қалдырды. «Еркетай» тобының тәрбиешілері мен ата-аналары ертеңгілікке аса үлкен дайындықпен кіріскені көрініп-ақ тұрды. Бір-бірінен қалыспай, тақ-тұқ еткен балақайлар да тәштай түрлеріне сай өнерлерін көрсетті. Би билеп, ән шырқап, тақпақ айтты. Ойын ойнап, мәре-сәре болды. Жаңа жыл кешінде, жарыса би билеген «Еркетай» тобының сұлу қыздары мен сымбатты ұлдары мерекенің сәнін келтірді.

Шынарай Таженова,
«Еркетай» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі

  • Бүгін біздің  бірнеше  жыл  мәпелеп, күтіп, тәрбиелеп  өсірген  бүлдіршіндеріміз міне, бойлары да, ойлары да өсіп, Жаңа жыл ертеңгілігінде өз өнерлерін көрсетуде. Жас ұрпақты жан-жақты дамыған, ой-өрісі биік, көзі ашық азамат етіп өсіру үшін тәрбие жүйесінде әртүрлі қызықты шаралардың маңызы басым. Осы тұста тәрбиешілеріміздің іс-шараларға аса ұқыптылықпен дайындалатынына тағы бір мәрте көзім жетіп отыр. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараның нақышын келтірген балақайлардың өнеріне де баршамыз тәнті болдық. «Еркетай» ересек тобы ұл-қыздарының болашақта озат оқушы болатындарына сенімдімін.

«Еркетай» бөбекжай балабақшасы ұжымының әзірлеген мерекелік бағдарламасын, сондай-ақ кейіпкерлерді сомдаған тәрбиешілердің де балаша билеп, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанын айта кетейік. Кәсіби түрде көрсеткен өнердің арқасында балақайлар Аяз ата мен Ақшақардың, сондай-ақ ертегі кейіпкерлерінің шынайы екеніне күмәнданбай, ғажайып әлемге түскендей болды. Осындай шынайы қуаныш пен күлкі сыйлаған мамандардың арқасында балақайлардың балалық шағы бақытқа бөленді.

Мадина Тажибекова