Ұлы Жеңіске – 80 жыл

Ерлікке тағзым – ұрпаққа үлгі

 Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл. Бұл Жеңістің оңайлықпен келмегені де рас. Бүгінгідей ашық аспан астында алаңсыз ғұмыр кешуіміз біздің хас батырларымыздың арқасы. Жеңістің ақ таңын жақындатуға қасық қаны қалғанша жандарын аямай үлес қосқан батырларымыз туралы жазу, айту, насихааттау бүгінгі бақытты ұрпақтың парызы деп білеміз. Себебі, олардың әрқайсысы балалық және жастық шақтарын туған елдің бостандығы мен келешегі үшін құрбан етіп, күресті. Алға ауданынан шыққан батырлар көп, солардың бірегейі – алғалық жауынгер, Ұлы Отан соғысының ардагері Зайлағи Қадыршенов туралы оқырман назарына ұсынбақпыз.

 Зайлағи атаның  бақытты балалық шағы да болып үлгермеген. Ата-анасынан ерте айырылып, қазақы дәстүр бойынша аға-жеңгесінің қолында тәрбиеленеді. Әке-шешесі Голощекиннің солақай саясатының кесірінен болған ашаршылықтың құрбандары. Зайлағи атаны аға-жеңгесі өз балдарынан кем көрмей, өте жақсы қарап өсіріп, жеткізген. Алғадағы № 2 мектептің жеті кластық білімін алып шығады.

Халқымыздың тең жартысын жалмаған ашаршылық жылдарынан соң енді-енді есін жия бастаған кезде сұрапыл соғыстан хабар келіп, кәмелеттік жасқа енді толған жап жас жігіт 1942 жылы соғысқа аттанып кетеді. Бастапқыда Уфада (Башқұртстан) кіші командирлер курсынан өткен соң, оған аға сержант атағы беріліп, 1-ші Прибалтика майданына қарайтын Ржев қаласының маңына жіберілген.

Соғыс ардагері өз естеліктерінің бірінде былай деп отты жылдарды еске алады: « — Ол кезде патриоттық сезім мықты болатын. Көз алдымда талай жігіттер Отан үшін деп соңғы демі қалғанша шайқасты. Өлгендерін есептемегенде, біздің әскерлер төрт мыңдай фашист солдаттары мен офицерлерін тұтқынға алды. Станокты пулеметтің атқышы ретінде жаяу әскердің шабуылын қолдап отырды. Кейіннен бөлімді қайта жасақтауға жіберді. Смоленск облысының Красное станциясының түбінде үш жерден жарақат алып, Сычевка станциясындағы госпитальда үш ай емделгеннен кейін ІІІ Беларусь майданына жіберілдім. Ол кезде взвод командирі, аға сержант Василий Липатов деген орыс жігіт мені пулеметшілер бөлімшесінің командирі етіп тағайындады. Минск, Орша қалаларын азат етуге қатыстық. Бойымыздағы барлық күш-жігерімізді барынша жинап, жауды жоюға бет алдық. Ең басты мақсатымыз жауды жеңіп, туған елге бейбітшілік заман сыйлау болды. Қай ұрыста болмасын, біз жанымызды пида етуге әрқашан дайын болдық».

Кейіннен Зайлағи Қадыршенов тағы да сол аяғынан жараланып, Мәскеудегі 32-ші эвакуациялық госпитальға жіберіледі. Жарақаты өте ауыр болған соң төрт айдан кейін 1945 жылдың қаңтар айында Башқұртстанның Кинель станциясына, артынан Читаға жолдама береді. Бірақ, денсаулығы сыр беріп ол жерге жетпей, Байкал көлінің жағалауындағы Слезянка станциясындағы госпитальда емделуіне тура келеді. 1945 жылдың наурыз айында елге аман-есен оралады. Оны елде жетімдікті сездірмей өсірген қадірлі аға-жеңгесі қуанышпен қарсы алады. Соғыс аяқталғаннан кейін де біраз жылдар өтсе де, Зайлағи атаның майданда алған жарақаты жанына батады. Отан үшін отқа түсіп, өмірін қиюға даяр болған соғыс ардагері ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы», кейіннен І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен наградталған. Сонымен бірге, «Маршал Жуков» және т.б медальдардың иегері.

Зайлағи ата майданнан оралған соң еліне адал қызмет етеді. Денсаулығына байланысты оқырмандар үйінің меңгерушісі, «Мағаджан» кеңшарында бөлімше меңгерушісі, Тоқмансай ауылында аға шопан болып еңбек етіп, құрметті зейнеткерлікке шығады. Өмірінің соңына дейін Алға қаласында тұрды. Өмірлік жары Людмила Дмитриевна екеуі сегіз бала тәрбиелеп өсіріп, жеткізген. Бүгінде тамырын кеңге жайған әулеттің ұрпақтары әке аманатын арқалап, өмірден өз орындарын тапқан жандар.

Зайлағи Қадыршеновтың қызы, Алға қаласының тұрғыны Баян Зайлағиқызымен тілдесіп ардақты әкесі туралы естеліктерімен бөлісуді сұрағанымызда былай деп еске алды:

« — Әкем туралы айтатыным өте көп. Ол бір параққа сыймайды-ау. Әкеміз біз үшін әрқашан асқар таудай асыл тұлға болып қала береді. Себебі, әкеміз бізге даналықтың, ізгіліктің үлгісін көрсетіп кетті. Отаны үшін аянбай соғыс жылдарында ерлік көрсеткенін мақтан етеміз. Соғыстан кейінгі жылдары мүгедек болса да ешқашан билік басындағыларға барып, көмек те сұрап көрмеген. Бір сөзбен айтқанда, «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп көрмеген адам. Тек қана әрдайым ақ адал еңбегімен жетістікке жетіп, ұрпағын жеткізген, отбасына мейіріміділікпен қараған ардақты жан болды. Дүниеден өтіп кеткенінше бізге «Ешкімнің ала жібін аттамаңдар! Ешкімнің ақысына кірмеңдер! Біреудің сыртынан ғайбат айтпаңдар, жала жаппаңдар!» деп үнемі ақылын құлағымызға құйып отыратын. Сонда ғана сендер менің үмітімді ақтаған болып есептелесіңдер дейтін. Анам екеуі бақытты ғұмыр кешті. Ешбір баласын, келінін, күйеу баласын бөлмеді, бәріне бірдей қарап, жақсы көрді. Осындай батыл да, ержүрек, адал адамның перзенті болғанымызды мақтан тұтамыз.».

Қайтпас қайсарлығымен ерекше көзге түскен алғалық батыр Зайлағи Қадыршенов туған елі үшін туған ерлердің бірі. Ұлы отан соғысы жылдары көрсеткен ерен ерлігі кейінгі ұрпаққа қашан да үлгі болып қалары сөзсіз. Адалдық пен адамгершілік қасиетін өмірінің негізгі өзегіне айналдырған батыр өз ұрпағының және туған елінің мақтанышы. Батырларымыздың рухы мәңгі жасасын!

Марал САНДЫБАЙ