Есет батыр ауылының жастары – ел қорғаны

 Әр дәуірдің өз сынағы бар. Бүгінгі ұрпақтың ең үлкен сындары – елге адал қызмет ету, туған жерінің тыныштығын қорғау. Осы тұрғыдан алғанда Есет батыр Көкіұлы ауылынан әскер қатарына аттанған жас сарбаздар – нағыз ерліктің үлгісі.

Биылғы көктемгі әскерге шақыру науқанында ауылдан алты жігіт өз еркімен қол көтеріп, Отан алдындағы борышын өтеуге бел буды. Бұл – олардың бойындағы намыстың, жүректеріндегі патриоттық рухтың айқын көрінісі.

Олардың арасындағы ең кенжесі – 18 жасқа тола сала мектеп партасынан тікелей әскерге жол тартқан Темірғали Рауан Қуанғалиұлы. Ол үшін әскер – ер жетудің, азамат болудың үлкен мектебі. Ал қалған бесеуі – студенттер. Олар уақытша оқуын шегеріп, «Ел қорғау – ең басты міндет» деп шешті. Мұндай шешім – отансүйгіштіктің жарқын дәлелі.

Әскерге барған жас сарбаздар шыдамдылық пен төзімділікті үйреніп қана қоймайды, олар болашақта қоғамға қажет жауапкершілік пен тәртіпті бойына сіңіреді. Сондықтан да әскерден оралған әр жас – ел тірегіне айналады.

Мәселен, әскерден оралған Әкімғали Мейрамбек Мұратұлы бүгінде Алға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде қызмет етсе, оның ауылдасы Нұрғалиев Наурызбек Марлесұлы – аудандық полиция бөлімінде ел тыныштығын күзетуде. Бұл – әскер мектебінен өткен жастардың туған жеріне адал қызмет етіп жатқандығының нақты айғағы.

Қазіргі таңда елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Есет батыр ауылының жастары бұл жолы да белсенділік танытып, туған еліне қызмет етуге әзір екеніне сеніміміз мол. Бұл – ауыл жастарының бойындағы намыстың ешқашан өшпейтінін айғақтайды.

Есет батыр ауылы жастарының бұл батыл қадамы – кейінгі ұрпаққа өнеге. Олар «Отан үшін қызмет ету – ең үлкен мәртебе» деген қағиданы іс жүзінде дәлелдеп отыр.

Жас буынның бойындағы елжандылық оты өшпей, мұндай азаматтардың қатары көбейе берсін. Өйткені елдің қорғаны да, болашағы да – жастар.

 

«Бесқоспа ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ