Есет батыр ескерткіші жаңарды
Қазақ тарихының қайталанбас кейіпкерлерінің бірі – Тама Есет батыр Көкіұлы (1667–1749). Ел басына күн туған жаугершілік заманда жауынгерлік ерлігімен, елге деген адалдығымен дараланған баһадүрдің есімі ғасырлар өтсе де ұмытылмай, халқымен бірге жасап келеді. Әбілқайыр ханның сенімді серігі болған Есет батыр Көкіұлы – бар қазақтың мақтанышы, ерлік пен елдіктің символы.
Ел азаматы – елінің айнасы. Осы орайда Алға ауданының ардақты перзенттерінің бірі, «Актеп» ЖШС басшысы Сағыналин Нұрланның елдік іске қосқан үлесі ерекше. 2017 жылы батырдың 350 жылдық мерейтойына орай ол Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылының кіреберісіне 32 миллион теңге қаржыға еңселі ескерткіш орнатып, туған жердің тарихына тағзым етті. Қасиетті мекенге орнатылған алып мүсіннің биіктігі – 11,5 метр. Бұл – тек тас мүсін емес, бұл – өткеннің өнегесін, бүгіннің бірлігін, болашақтың бағытын айқындайтын рухани ескерткіш.
Бестамақ ауылында орналасқан бұл ескерткіш бой көтергеннен бері аудан халқы мен қонақтарының тағзым ететін орнына айналды. Ал биыл тарихи нысанға қайтадан жан біткендей болды. Демеушілердің қолдауымен 32 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұғырдың плиталары түгелдей жаңартылды. Сондай-ақ ескерткіш айналасы абаттандырылып, саябақ жасыл желекке оранды.
Бұл – қарапайым жөндеу емес, бұл – ұрпаққа құрмет, тарихқа тағзым. Есет батырдың рухын ардақтап, есімін мәңгілікке жаңғырту – елдің болашағы үшін жасалған өнегелі іс. Өйткені тарихын құрметтеген халық қана өз келешегін кемел ете алады.
Есет батыр ескерткіші – елдің жадында мәңгілік сақталатын, ұрпақ санасында отансүйгіштік пен елдік рухты оятатын қасиетті орын.
Мадина ТАЖИБЕКОВА