23 қазан күні Ақтөбеде «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Бұл — партияның сайлауалды бағдарламасының өңірде қалай жүзеге асып жатқанын бағамдауға бағытталған маңызды басқосу болды.

Жиын барысында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров аймақ бойынша барлық негізгі бағыттарда ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдары 278 нысанның құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланғанын тілге тиек етті. Бүгінгі күні соның басым бөлігі орындалған, ал 30 жоба бойынша жұмыстар жалғасуда.
— Қалған 30 жобаның 16-сы жыл соңына дейін толық аяқталады. Ал 4 жоба сот процесіне байланысты, 11 жоба республикалық бюджеттен қаржының кеш бөлінуінен, 1 жоба құжаттардың дайын болмауына байланысты уақытша кешеуілдеп отыр. Қалған 14 жоба бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде, — деді өңір басшысы.
Отырыста сөз алған партия хатшысы Ержан Жылқыбаев Ақтөбе облысының сайлауалды міндеттемелерді орындауда оң көрсеткішке ие екенін атап өтті. Алайда ол бұл жұмыстың басты мәні — тек пайыздық жоспарды орындау емес, азаматтардың өмір сапасын арттыру, елді толғандырған өзекті мәселелерді шешу екенін қадап айтты.
— Партиялық бақылау — бұл жай есеп беру емес, халық мүддесін қорғаудың нақты құралы. Біздің басты мақсатымыз — уәде берген жобалардың толық әрі сапалы жүзеге асуын қамтамасыз ету, — деді Ержан Жылқыбаев.
Партия өкілдері облыста әлеуметтік маңызы бар салаларда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін де атап өтті. Мектептер мен ауруханалар салынып, тұрғын үйлер бой көтеруде, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер индекстеліп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр.
Жиын соңында партия хатшысы облыс әкімі мен жергілікті атқарушы органдарға атқарылған жұмыстар үшін ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта берілген уәделердің толық орындалуы партияның басты назарында болатынын айтты.
«AMANAT» партиясы — ел сенімін арқалаған саяси күш. Партиялық бақылау тетігі арқылы әрбір жоба мен бастама халық игілігіне қызмет етуге бағытталып отыр. Өйткені ел мүддесін қорғау, халық сенімін ақтау – партияның ең басты аманаты.
Жұмагүл САГИМБАЕВА