Тілші бағаны
Ит қабу – өзекті мәселе
Бүгінгі таңда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі адамдардың, оның ішінде балалардың итке талануы болып отыр. Өкінішке орай бұндай жағдайлардың саны көбеймесе, азаймауы алаңдаушылық туғызуда.
Күні кеше ғана Алматы облысы, Жалпақсай ауылындағы 10 жасар баланың қабаған иттерге талануы кім-кімді де бей-жай қалдырмады. Ойында ештеңе жоқ ойын баласы аяқ асты иттерден ауыр зардап шегіп отыр. Бұл дегеніңіз, ит иелеренің жауапсыздығы, немқұрайлылығы. Қоршаған ортаға қаупі бар иттерді біле тұра бос жіберіп қою ауыр қылмыс жасаумен бірдей десек те артық болмас. Ондай иттерді иелері үнемі көзден таса қылмай көз алдарында ұстауы қажет. Аталмыш жағдай елімізде бірнеше рет қайталанып, кейде соңы тіпті қайғымен аяқталғаны да қынжылтады. Осы жерде бұған бір тоқтам бар ма деген сауал туындайды.
Қазіргі кезде ата-аналар балаларын емін-еркін далаға ойнауға, дүкенге жұмсауға қорқатын болды. Оның себебін айта берсең өте көп. Далаға шыға қалсаң кез-келген жерде қаңғыбас иттер жүреді. Тіпті, қазір қауіп-қатердің қай жерден, кімнен немесе неден болатынын да білмей қаласың. Бір айтарымыз, бүгінде балаларды қараусыз қалдыру өте қауіпті.
Осы өзекті мәселені көтеріп, ата-аналармен тілдескен болатынбыз. №3 Алға қазақ орта мектебінің ата-анасы Салтанат Кушкайбаева өз ойын білдірді:
« — Көтеріп отырған мәселелеріңіз өте маңызды деп есептеймін. Себебі, бәріміз де бала өсіріп отырмыз. Олардың қауіпсіздігіне қатты алаңдаймыз. Қараусыз қалған қабаған иттерден және көше кезіп жүретін қаңғыбас иттерден балаларымызды қорғап, мектептен өзіміз алып кетуге тырысамыз. Мектептің қасында, тұрғын үйлердің ауласында жүрген иттерді көргенде бала түгілі өзіміздің бойымызды қорқыныш билейді. Тиісті органдар осыған басты назар аударса деген тілегіміз бар. Алматы облысында болған жан түршігерлік жағдайды ешкімнің басына бермесін дейміз. Ата-аналарға айтарым, балаларыңызға мұқият болыңыздар, далада өзін тастамаңыздар, қауіп-қатерден барынша қорғаңыздар дегім келеді».
Ауданымыз бойынша аталмыш мәселеге қатысты қандай шаралар қолданылып жатқандығы туралы «Алға аудандық ветеринариялық стансасы» МКК директоры Б.Мұханбеталин: « — 2025 жылы 11 наурызда «Ақтөбе облысының ветеринария басқармасы» мемлекеттік мекемесімен «қаңғыбас иттерді аулау бойынша қызметтер» үшін келісім-шарт жасалды. Келісім-шарт негізінде 500 бас ит ауланды. Оның ішінде Алға қаласы бойынша 174 ит ауланса, қалған 326 ит ауданеға қарасты ауылдарда ауланды. Өкінішті жағдайлардың барынша алдын-алу үшін тиісті іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатындығын ескертеміз» — деп қысқаша қайырды.
Жалпы қаңғыбас иттер көптеген жұқпалы ауруларды да таратушы. Оның ішінде аса қауіптісі – құтыру, эхинококкоз, қышыма, қотыр аурулары. Осындай қауіпті кеселді ит қапқан кезде жұқтырып алатын халықтың, соның ішінде балалардың жайы не болмақ. Оқиға үстінде әрине бірден медициналық көмекке жүгінсе жақсы, кей жағдайларда ондай мүмкіндік те болмай қалуы әбден мүмкін. Сол себепті де тұрғындарды барынша абай болуды, балаларыңызды қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймыз. Тосыннан келген қауіп-қатерден, иттерден сақ болыңыздыр!
Марал САНДЫБАЙ
.