ҚР Конституциясына – 30 жыл

Ізгілікті мамандық иесі

  Еліміздің маңызды мерекелерінің бірі Конституция күніне орай газетіміздің өткен санынан бастап Ата Заңымыздың қабылданған жылымен тұспа тұс өмірге келіп, бүгінде ауданымызда еңбек етіп жүрген жандар туралы оқырман назарына ұсынудамыз. Осы мерекелік санда Алға қаласындағы 3 қазақ орта мектебінің химия-биология пәнінің мұғалімі Баймолда Жәмиля Амангелдіқызы туралы айтпақпыз.

Ата Заңымыздың құрдасы Жәмиля Амангелдіқызы 1995 жылы 7 қазанда Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. 2002 жылы Бірлік орта мектебінің табалдырығын аттап, 2013 жылы аталған мектепті тәмамдайды. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университентіне «Биология» пәні мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, аталған оқу орынын 2017 жылы «үздік» дипломмен аяқтайды. Сол жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университентіне «Химия» мамандығына магистратураға түсіп, 2019 жылы Химия мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі атанады.

Еңбек жолын 2018 жылы Алматы қаласындағы №67 Жалпы білім беретін мектепте биология пәнінің мұғалімі ретінде бастап, 2019 жылы Шетел тілдерінің педагогикалық колледжінде химия-биология пәндері оқытушысы ретінде қызметін жалғастырады. Жәмиля бірнеше жыл бойы алған білімін өзінің шәкірттерінің санасына құйып, олардың алдыңғы қатардан көрінуіне зор үлес қосып келе жатқан жас әрі кәсіби маман. Ұстаздың бойында  болу керекті қасиеттердің барлығы  бүгінгі кейіпкеріміздің бойында бар десек артық айтпаспыз. Жамиля 2020 жылы тұрмыс құруына байланысты Ақтөбе облысы Алға қаласындағы №3 Алға қазақ орта мектебіне жұмысқа  орналасып, қазіргі уақытқа дейін химия-биология пәндерінің мұғалімі болып жұмыс жасайды.  Жас ұстаз білімі мен біліктілігін шыңдап түрлі  байқауларға, олимпиадаларға қатысып,  жүлделі орындарға да ие болып келеді. Сонымен қатар шәкірттерін де ғылым жолына баулып,  көптеген жетістіктерге жетуіне септігін тигізіп келеді.

Жәмиля Амангелдіқызы  ҚР  Конституциясының 30 жылдығымен аудан тұрғындарын құттықтап, лебізін білдірді:

  • -«Құрметті алғалықтар! Сіздерді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!Ата Заңымыз – тәуелсіздігіміздің тірегі, ел бірлігінің берік негізі. Отанымыз аман, тәуелсіздігіміз баянды болсын!»

Бүгінде Жәмиля 1 ұл, 1 қыздың  анасы атанып отырған бақытты отбасының ұйытқысы. Жұмыс пен отбасыны қатар тең дәрежеде ұстап жүру кез келген жанның қолынан келе бермесі анық. Ол үшін адамның бойында икемділік, шыдамдылық болуы керек. Ал бұл аталған қасиеттерді бойына жиған жас маманның келешегінен зор үміт күтуге әбден болады.

Марал САНДЫБАЙ