Ізтай мұрасы — ғаламторда

 …Аудандық орталықтандырылған кітапханадан ақжолтай хабар жетті- белгілі журналист, әріптесіміз Шара Елеусізқызының жерлесіміз, ақын Ізтай Мәмбетовтің 90 жылдық мерейтойына орай сол кезде баспадан шыққан «Табанталда қалған із» атты зерттеу кітабы енді ғаламтордан орын алып, қалың оқырманға жол тартыпты. Бұл дегеніміз — кез келген қолында  телефоны бар оқырман Ізтай мұраларын қалаған уақытта, кез келген жерде оқи алады деген сөз. Біз кітап авторын сөзге тарттық.

 -Апай, жақсы жаңалық естіп жатырмыз…

-Иә, жаңа ғана келісім-шартқа қол қойып шықтым. Тек Алға ауданы үшін ғана емес, исі қазақтың Ізтайы туралы аз-маз жасаған еңбектің тек аудан көлемінде қалып қоймай, қалың оқырманға жол тартқанына қуаныштымын. Енді Ізтай туралы қолында ұялы телефоны бар оқырман өзіне ыңғайлы уақытта оқи алады деген сөз, мерзімі де шектеусіз.

-Ақынның 90 жылдық мерейтойында бұрын еш жерде жарияланбаған көптеген дүниелер бар екенін естідік…

-Бұл жерде ақыннан қалған мол мұраны (13 пәпкі-бума) ақын атындағы кітапханаға тапсырған Ізтайдың жиені Рита Еркусимованы арнайы атай кеткен жөн. Ізтай атындағы балалар кітапханасының меңгерушісі, шын мәніндегі Ізтай мұраларының шырақшысы деп айтсақ та болады, Ақшолпан Ізтілеуова маған хабарласты. Одан кейінгі ұзақ уақытқа созылған сараптама, ақынның өз қолымен жазылған дүниелерді тасқа басу, аудармаларын сұрыптау, тағы басқа қыруар шаруа басталып кетті. Өзім де әдебиеттің ол жақ, бұл жағында жүргендіктен болар, әлде анамнан «Мен туыппын ақпандатқан боранда» деген әнді бала кезімнен естіп өскендікі ме, Ізтай маған бейтаныс емес еді.

Ал аталмыш бумалардан табылған құнды дүниелерге аузымды ашып қалдым десем де болады. Ізтайды бұрын тиіп-қашып білгеніммен, Алға ауданына қызметке келгелі өмірбаянын білдім, бұрынғыдан да көбірек ден қоя бастадым.

Мақтанғаным емес, әдебиеттен алыстау, болмаса онша түсіне қоймайтын біреудің қолына түссе, бұл мұралардың тағдыры не болар еді деп те ойлаймын кейде…
Бар шаруаны жиып тастап, 5-6 ай отырдым, ол кезде негізгі жұмысым болса да, әріптестерім Мәдина мен Зита газеттің бар шаруасын көтеріп алып, менің алаңсыз зерттеу жасап, кітап құрауыма көп көмектерін тигізді.

Сол зерттеудің сүрлеуінде жүріп, ақынның жары сыйға тартқан домбырасын туу Торғайдан тауып, суретін алдырдым. Қазіргі белгілі журналист, өнер зерттеушісі Батырболат Айдаболсында екен, ол кісіден де сұхбат алып, кітапқа енгіздім. Аудандық әкімшіліктің қолдауымен оқырман қолына тиді.

-Ауданда тағы да бірнеше кітап шығарыпсыз…

-Жеке адамдар ғұмырына арналған кітаптарды айтпай-ақ қояйын, Алға тарихы үшін екі рет «Естелікке  айналған есімдер» атты алғалық Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған дүниені айтсам болады. Ол да көп еңбекті қажет етті.

-Зейнетке шықтыңыз, бірақ сіз сияқты шығармашылық адамы қарап отыра алмайтын шығар…

-Жалпы көп оқимын, кезінде қолыма түспеген дүниелерді тауып алып, ғаламтордан іздеп «байып қалдым» десем де болады. Жазу-сызу жағына келсек, әлгі бір «арнау жазып берші, тілек жазып берші» дегендерге, қаражат жағы қатты қысып кетпесе, аса құлшына қоймаймын.

Қазір де бос отырған жоқпын, аударма жасаймын, зерттеулерім бар. «Аударма» дегеннен шығады, «тек қана қазақ тілін білу керек, орыс тілі қажет емес» дегенге түбегейлі қарсымын. Белгілі ғалым, жездеміз, апамыз Атыраудың қызы. Иштван Қоңыр Мандокидің айтқаны бар, «көп тіл білу — көп терезесі бар бөлме тәрізді, сәуле жан-жағыңнан түседі». Оның үстіне әлем әдебиетінен тікелей аударма жасауға әлі мүмкіндігіміз кемшін.

Зерттеулер жайлы айтатын болсам… Бізде бір жаман үрдіс бар, «ойбай, қазақ деген мықты халықпыз, батырмыз, кереметпіз» деп кеуде соғамыз. Соны іс жүзінде қалай дәлелдеп жүрміз, нақты мысалымыз бар ма, Қобыланды, Алпамыстардан басқа? Бергідегі батырларымыз белгілі ғой екібастан…

Үрімшіні басқарған, қытайдың өзі онымен санасқан алғашқы қазақтан шыққан генерал әйел туралы білеміз бе? Ең алғашқы генерал шекарашы қазақ туралы не білеміз? Владимир Ильич Лениннің атасының киімін тіккен қазақ кім? Ұлы Отан соғысы кезінде ең мықты аталған радист қазақ қызы кім еді? Тіпті орыс патшасының дастарханында болған кәмпитті Оралдан жеткізіп тұрған, тәтті фабрикасы болған қазақ кім, міне, осындай нақты фактілермен ғана ұлтымыздың мықтылығын дәлелдей беруіміз керек.

Тіпті қазіргі күйіп тұрған дін мәселесінде де қазақтардың қомақты орны болғанын біреу білер, біреу білмес. Орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин «Посвящение к Корану» деген өлеңін неге, қандай жағдайда жазған? Мединедегі Мұхаммед пайғамбар мешітінде отыз жыл имам болған қазақ кім?

Аңыз-әфсанадан құралған өтірік-шынды ертегімен біз өз ұлтымыздың ұлылығын дәлелдей алмаймыз, осындай ауыз аштырмайтын нақты дәлелдер керек.

О бастан менің негізгі қалауым-журналистикалық зерттеу болатын, облыстық, республикалық газеттерде біршама жарияланды да, осы сала жаныма жақын…

Сіз жоғарыда айтқан құнды деректерді көпшілігі білмейді. Сізді тыңдап отырып, жауабын лезде білгім-ақ кеп кетті. Жариялау ойыңызда жоқ па?

-Бірді-екілі газеттерге айтып көргем, ақысын төлегілері келмейді. Ал мен зейнетке шыққалы «бас сату қажеттігін» үйрендім… Әзірге жинақтап жатырмын, уақыты келсе кітапқа топтастыру ойымда бар…

—  Апай, адами қасиеті жоғары, жаны ізгілікке толы Ізтай ақын туралы жазылған кітабыңыздың кейінгі буынға тиер пайдасы көп. Өйткені, кітапты оқи отырып бойыңа жылулық пен тыныштық орнайды. Болған оқиғалар көз алдыңнан бір сәт жүріп өткендей сезімде боласың. Бірнеше жылғы тыным таппай ізденген еңбегіңіздің арқасында кітап сөрелерінде бос жатып қалмайтындай, керісінше іздеп жүріп оқитындай дүние ұсынғаныңыз үшін Сізге алғыс білдіреміз. Шығармашылық табыстар, зор денсаулық, биік белестер тілейміз! Сұхбатыңызға рахмет!

 «ТАБАНТАЛДА ҚАЛҒАН ІЗ» КІТАБЫ ХАҚЫНДА

Журналист Шара Елеусізқызының аталмыш кітапты жазуға бар ынта-ықыласын, күш-жігерін жұмсағаны көрініп-ақ тұр. Тың, әрі қызықты деректер жазылған. Бұл — әсіресе әдебиетке қызығушылық танытатын оқырмандарға, жастарға, филология факультетінің студенттеріне таптырмас кітап. 2019 жылы Ақтөбе қаласында «А-Полиграфия» баспасында жарық көрген. Жалпы кітап 4 бөлімнен тұрады: 1 бөлім – Мәмбетов мұрасы, 2 бөлім – Ізделетін Ізтай, 3 бөлім – Ақын ақындар жырында, 4 бөлім – Өлеңі әуенге айналған.

Мысалы, Қазақстанның халық жазушысы, аса көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтың Ізтай ақын туралы естелігінде әдемі естеліктер айтылған. Ол өзінің жастық шағында өлеңдер жазып, Ізтай Мәмбетовке көрсетіп, бастапқы кезде сын естігенін сағына еске алғанын айтып береді.

«Өзім де ептеп өлең жаздым. «Жұлдыз» журналының поэзия бөлімін басқаратын Ізтай ағаның алдына бардым. Не болса да, бағымды сынап көрейін дедім. Осы күнгі Пролетар көшесі мен Жібек жолы көшесінің бұрышында Жазушылар Одағының кеңсесі бар еді. Сол кеңсеге жалғасқан бір бөлмеде «Жұлдыз» (ол кезде «Әдебиет және искусство» деп аталады) журналы орналасқан. Екі-үш өлеңімді алып Ізтай аға отырған бөлмеге кірдім. Ол кісі Мүбәрәк Жаманбалинов деген Павлодардан жазатын жас ақынның өлеңдерін қарап отыр екен. Әлдебір сөзін сызып, жөндейді. Ерні күбірлейді. Бір кезде істеп отырған жұмысын тәмамдап, маған назар аударды. Өлеңдерімді оқыды. Байқаймын, көңілі толмады. Өлеңімді өзіме қайтарып беріп тұрып: «Әзірге өлеңге дайындығың жоқ екен, інішек. Оқы. Үйрен. Көр» деді. Мен жақсы көрген ағаның алдынан ішім мұңға толып, сүмірейіп шықтым. Өлеңдерімді жыртып-жыртып лақтырдым. Әсіресе, өзім сыртынан сүйсініп жүрген ақын ағаның көңілін қалдырғанымды өзіме кешпедім. Сыртқа шығып, бүкіл Алматыда жалғыз қалғандай жылаған да болуым мүмкін. Мен екі-үш жылға дейін Жазушылар Одағының маңына да баруды қойып кеттім. ҚазМУ-дан басқа бір жерден Ізтай ағаның қарасын көрсем, «Өлең жаза алмайтын мына бейшара бала неғып жүр?» деп айта ма деп, Ізтай ағадан көпе-көрнеу қашатынды шығардым»

 Шара Елеусізқызы сыршыл ақын Ізтай Мәмбетовтың он үш бума қолжазбаларын алған күннен бастап-ақ сол әлемге кіріп кеткендей күйде болады. Ізтай ақынның мол мұрасын оқырман қауымға жеткізуде көп еңбек сіңіргені көрініп тұр. Кітапты оқи отырып ақынның ішкі әлеміне, болмысына, бойындағы ерекше қадір-қасиетіне таң қаласың. Мысалы, кітаптағы мына бір үзіндіні алайық: «Ізтай әлемінің тағы бір сәулелі тұсы — өз әріптестеріне, соңынан ерген сөз алаңындағы бауырларына деген ақжарма көңілі мен ақ пейілі. Содан да болар, қаламдас әріптестері де, ақын-жазушы інілері де Ізтайға жарық көрген кітаптарын алғашқылардың бірі ретінде қолжазбасымен ұсынады екен. Ізтай кітапханасында мұндай құнды кітаптар көп.»

Сонымен қатар аталмыш кітапта Ізтай ақынның домбырасы кімге сыйға тартылғаны туралы жазылған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Батырболат Айтболатұлына ақынның жары Мұғрипа апай сыйлаған екен. Мұғрипа апай алматы қаласындағы Ұлттық Ғылым академиясының аспиранттарға арналған Жамбыл көшесіндегі жатақханасында консьерж болып жұмыс жасап жүрген кезінде осы Батырболат Айтболатұлы аталған жатақханада тұратын. Оған Мұғрипа апайдың көңілі ерекше ауып, бір күні өмірлік жары Ізтай ақынның домбырасын алып келеді де, былай дейді:

«- Батырболат, менің жайымды сен енді біршама білесің. Заманның түрі мынау. Ағаңнан ұл қалмады. Үш тал қызымыз орысқол болып кетті. Ізтай ағаңның домбырасы үйде жетімсіреп тұрғанына талай уақыт өтті. Ұстайтын ешкім жоқ. Сен жақсы домбырашы әрі ақынсың ғой. Қадірін білетін лайықты адам өзің деп, мына домбыраны саған әкелдім. Ағаңның көзіндей көріп ұстарсың, айналайын, — деді ағынан жарылып». Әлі күнге шейін ақынның саусақтарының ізі қалған қымбат дүние домбырасын шертіп отырамын депті өз естелігінде.

 Кітапта жергілікті ақындарымыз Гүлімай Әбішқызының, Жұлдыз Қожабекованың, Дәурен Тілеуханның Ізтай Мәмбетовке арнаған жырлары да бар. Өлеңдері әуенге айналған әндері де нотамен бірге ұсынылған. Сонымен бірге аудармалары жайлы да біраз дүние айтылған. Кітап авторы Шара Елеусізқызының Ізтай ақынның мұрасын зерттеу жолында атқарған еңбегі өте зор деп білеміз. Енді міне, кітап ғаламтор бетіне де шығып жатыр. Ізденіп, оқығысы келетін оқырман үшін құнды деректер жетерлік. Осындай өз құндылығын жоғалтпайтын, кейінгі ұрпаққа ой саларлық еңбектер көбейе берсін!

 

Марал Жалғасқызы САНДЫБАЙ

 

ВРЕЗКА

Балғын балалық шақтың әнұранындай болып кеткен «Әрқашан күн сөнбесін» әнін қазақшаға аударған Ізтай Мәмбетов пен Қабдыкәрім Ыдырысов екендігін көпшілігі біле бермейді.

 Күн әдемі, көк әлемі,

Бұл суреті жас баланың.

Ақ қағазға салған өзі,

Жазылған бар сөзі.

 Қайырмасы:

Әрқашан күн сөнбесін,

Аспаннан бұлт төнбесін.

Қасымда болсын мамам,

Болайын мен де аман.

 Айырылмас дос, айнымас дос,

Бейбіт өмір керек елге.

Отыз беске біз келсек те,

Тұрар жүрек сөзі есте.

 Анда солдат, мында солдат,

Халық оқтан шошынады.

Сұм соғысты, қан төгісті,

Болдырмаймыз сәби үшін.