Заң мен тәртіп

Кәсіпкерге қорған керек

 

Кәсіп ашу – батылдық, ал оны қорғау – мемлекеттің міндеті. Қоғамның дамуы мен экономиканың ілгерілеуі кәсіпкерліктің тынысымен тығыз байланысты. Сондықтан да кәсіпкердің заңды құқығы – әрқашан мемлекет қамқорлығында. Ал бұл қамқорлық тек сөз жүзінде емес, нақты іспен көрсетіледі.

Алға ауданында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында аудандық прокуратура мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Алға аудандық филиалының бірлескен мобильді тобы құрылып, өз жұмысын бастады. Бұл өз алдына кәсіпкерлердің өтініштері мен шағымдарына дер кезінде әрекет етуге бағытталған тиімді құрал.

Егер сіздің бизнесіңізге заңсыз қысым жасалып, негізсіз тексерулер жүргізіліп жатса немесе басқа да құқықтарыңыз шектелсе, үндемей қалмаңыз! Тікелей байланысқа шығып, өз құқығыңызды қорғаңыз!

…Кәсіпкердің қадамын шектеу – елдің дамуына тұсау салумен бірдей. Сондықтан да заңсыз тексерулер мен қысымға тап болған кез келген кәсіпкер уақыт оздырмай Алға ауданының прокуроры Нұрбек Тұрышовқа 8 (71337) 4-19-19 нөмірі арқылы, прокурордың орынбасары Ардақ Тамабаевқа +7 (775) 719 86 63 нөмірі арқылы хабарласуына болады. Заң өкілдері өз кабинетінде ғана емес, кез келген заңбұзушылық туралы хабарласқандарға құлақ асып, тиісті шара қолдануға дайын.

Сондай-ақ, Алға аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Алға аудандық филиалының директоры Бернияз Длимов та сіздің жағыңызда. Ол – кәсіпкер емес, кәсіпкердің сенімді серігі, кеңесшісі, әрі құқықтық бағыт-бағдар беретін жетекшісі. Қандай жағдай болмасын, кәсіп иесінің жанынан табылып, заң шеңберінде қолдау көрсетуді өзінің азаматтық борышы деп біледі. Сұрағыңыз болса, кеңес қажет болса, оған жұмыс телефоны арқылы — +7 (71337) 7-92-49 немесе ұялы нөмірі  +7 (776) 088 80 28 арқылы хабарласуға болады.

Бүгінгі таңда кәсіп ашу — батыл қадам. «Заң — ортақ, әділдік — басты ұстаным» дейтін елде кәсіпкердің үні ескерусіз қалмауы тиіс. Ал заң мен мемлекет кәсіпкердің жанында болғанда, ел экономикасы да, ел болашағы да сенімді қолда.

Кәсіпкерлерге айтарымыз бір-ақ ауыз сөз: қорықпаңыз, үнсіз қалмаңыз, құқығыңызды біліңіз – қорғауға дайынбыз!

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА