Кәсіпкерлікке жол ашқан семинар
Алға қаласындағы «Жадыра» отбасын қолдау орталығында аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен әйелдердің көшбасшылық қабілетін арттыру және кәсіпкерлікке бағыттау мақсатындағы «Лидер» семинар-тренингі өтті. Іс-шараға қатысқан қала кәсіпкерлері мен әлеуметтік санаттағы отбасылар өз кәсіптерінде жаңа технологияларды енгізу, тиімді көшбасшылық әдістерін дамыту жөнінде тың ақпараттарға қанықты.
Семинар барысында қатысушылар бизнесті тиімді жүргізу, нарықтың талаптарын түсіну, және цифрлық шешімдерді пайдалану сынды өзекті мәселелер жөнінде кеңес алды. Спикерлер мен тренерлер әйелдердің іскерлік салада табысқа жетуіне қажетті дағдыларды дамытудың маңыздылығына тоқталып, көшбасшылықты қалыптастыруда жүйелі әдістер ұсынды.
Қатысушылардың бірі, ісін жаңа бастаған кәсіпкер Айгүл Ахметова, семинардың іскерлік бағыттағы білімін кеңейтіп, шабыт бергенін атап өтті.
- Тренинг барысында алған тәжірибем өз ісімді жетілдіріп, жаңашылдыққа бағыт берді. Осындай басқосулар әйелдерге жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді ол.
Іс-шара аяқталған соң қатысушылар орталыққа алғыс білдіріп, семинар барысында алған білімдерін өз салаларында қолданатынын айта келе алдағы уақытта осындай тренингтерге қатысуға қызығушылық білдірді.
Бұл бастама, аудан басшылығының айтуынша, әйелдер арасындағы көшбасшылық пен кәсіпкерлікті дамытудың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта да әйелдердің біліктілігін арттыруға бағытталған осындай іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылмақ.
Гүлім КЕНЕШОВА