Кең пейілді азамат
21 тамыз — Спорт күніне орай кейіпкеріміз Алға ауданы спорт саласының дамуына зор үлес қосқан, құрметке лайықты жан, өз ісіне адал, бар жан-тәнімен берілген Ахметов Кенжемұрат Жәуітұлының жүріп өткен жолы кейінгі толқын жастарымызға үлгі болар деген ниетпен мақаланы назарларыңызға ұсынбақпыз.
Ахметов Кенжемұрат Жәуітұлы 1966 жылы 13 сәуірде Алға қаласында дүниеге келген. Көпбалалы отбасынан шыққан. 14 жасында 8 кластан бастап күреске қатысып бастаған. Сол кезден бастап-ақ күнделікті жаттығып, аз ғана уақыттың ішінде бағын сынап, жарысқа да қатысып бастап кеткен. Ол кезінде Орынборда, Қырғызстанда және Қазақстан бойынша өткен бүкілодақтық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болған. 1985 жылы әскерде болғанда иығын шығарып алады. Бірақ кейіпкеріміздің спортқа деген сүйіспеншілігінің жоғары болуына байланысты иығы күніне бірнеше рет шығып кетсе де, ештеңеге қарамай салып алып күресе беретін болған. Денсаулығына байланысты 1986-1987 жылдары күреспен айналысуды қояды, одан кейінгі жылдары тек осы спорт түрінен шәкірт тәрбиелеп жүреді. 1990 жылы Гүлфира Әбиболлақызымен отбасын құрып, Бауырбек, Мейірбек есімді екі ұлды болып, бүгінде немерелер сүйіп берекелі шаңырақта ғұмыр кешуде.
1996 жылы Алға балалар үйіне жұмысқа орналасып, денешынықтыру пәнінен сабақ береді. Онда да балаларды күреске баулып, үйретіп бар жанын салады. Жетім балалармен жұмыс жасау қаншалықты қиын болса да, аянбай сол балаларға ерекше көңіл бөлуді тоқтатпайды. Осы аталмыш жетім балалар үйінен күреске арнайы бір бөлме жасақтап, оқушыларды жаттықтырады. Байғазин Кенжеғали Жаңабайұлы кейіпкеріміз Кенжемұрат Жәуітұлына бойындағы ерекше қасиетін, спортқа деген ықыласын байқап үнемі қолдау көрсетіп, көмектесіп жүрген. 1999-2001 жылдары Алға балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде күрестен жаттықтырушы, 2001-2011 жылдар аралығында осы спорт мектебінің директоры болып қызмет еткен. Директор болса да түске дейін костюм шалбар киіп басшылық қызметті атқарса, түстен кейін шәкірттерін күреске дайындаған. Алға балалар үйінде жұмыс жасамаса да ондағы шәкірттерін ұмытпай, жаттықтыруды тоқтатпаған. Спорт мектебіне басшылық қызметке келген жылдары спорт мектебі өте салқын, төбелерінен су ағып, жағдайсыз болып тұрған. Тіпті ішінде дәретхана да жұмыс жасамай, далада болған. Балаларға ешқандай жағдай жасалынбаған болатын. Соның барлығын Кенжемұрат Жәуітұлы өзі қолға алып, демеушілер табады. Бәрін ретке келтіріп, балаларға спортпен алаңсыз айналысу үшін жағдай жасап қояды. Мектептің шатырына, су, жылу құбырларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалыпқа келтіреді. Кейіпкеріміздің бұл ерекше еңбегін атап кетпеске болмас еді. Қай жерде қызмет етсе де немқұрайлылық танытпай, өз үйіндей жаны ашып жүрген нағыз азамат. Сұхбат барысында кейіпкеріміз осындай игі істерді атқаруда сол кездегі аудан әкімі Марат Тағымов, қала әкімі Мамырғали Аққағазов, Алға ауданының спорт ардагері Амангелді Кебенов, Бектұрған Ідірісов сынды азаматтардың еңбегі зор екендігін ерекше атап өтті. Ризашылығын білдірді.
Шәкірттерінің бәрін өз баласындай көріп, олардың болашақта спорт саласында жалпы өмірде өз орындарын тауып кетуіне себепші бола білген. Өзі күреске дайындаған шәкірттерінің көпшілігін Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орнына спорт факультетіне грантқа оқуға түсуіне көмектескен. Өзі ректорға дейін жолығып, балалардың спортта жеткен жетістіктерін айтып тегін оқып шығуына септігін тигізген. Сол шәкірттері қазіргі кезде Алға қаласындағы мектептерде денешынықтыру пәнінің мұғалімдері, біреулері спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет етуде. Мысалы айта кетсек, Тамды ауылының жаттықтырушысы Кенжемұрат Жәуітұлына 10 класта оқитын Абзал Бекжанов деген баланы әкеледі. Өте жақсы күреседі, талантты бала өзіңіз әрі қарай дайындасаңыз деп тапсырады. Жарысқа Алматыға да барып келгенін, бірақ ешқандай жетістікке жете алмағандығын ескертеді. Тұратын жері болмағандықтан, ол баланы Кенжемұрат Жәуітұлы өз үйіне апарады. Өзінің екі ұлына қосып үшінші туған баласындай қарап, қамқорлық жасап, спортқа баулиды. Жарыстарға шығарып шыңдап, жүлделі орындарға ие болады. Абзал шәкірті алғашында күрестен облыс біріншілігінен І орын, 2002 жылы Павлодар қаласында өткен Қазақстан біріншілігінде І орын алып келеді. Бұл аталмыш жарысқа Ақтөбе облысынан барлығы 46 қатысушы барған болатын. Солардың ішінен топ жарып шәкірті чемпион атанады.
Кейіпкеріміздің пейілінің кең, спортқа жанын берген азамат екендігінің тағы бір дәлелі Бекешов Бағлан деген шәкіртін Түркия мемлекетіне халықаралық жарысқа апару үшін өз үйін кепілдікке қойып, несие алып қолдау көрсеткені. Ол кездері жарысқа қаражат бірден аударыла қоймайтын. Сол себепті уақыт оздырмай осындай қадамдарға да барған азаматтың еңбегін елемеске болмайды. Жоғарыда аталған шәкірттерінен бөлек А.Умбеткулов, Н.Алманиязов, М.Тогабаева, А.Айтуарова, Г.Тапаева, С.Рахметова, Қ.Нашенов, К.Тоқсанбаевтарды ерекше атауға болады. Кенжемұрат Жәуітұлы жалпы 5 спорт шеберін дайындап шығарды: Абзал Бекжанов, Асхат Кусепов, Бағлан Бекешов, Гүлдариға Тапаева, Сәуле Рахметова.
Кенжемұрат Жәуітұлы өз естеліктерінде былай дейді:
- Ең алғашқы қатысқан жарысым әлі көз алдымда. Күрестен жаңа жылдық турнир болатын. Алғадан 18 адам қатысты. Жаттықтырушым Николай Андреевич Егоров бәрімізді жарысқа дайындап апарды. Жарыс нәтижесінде мен 42 кг салмақта ІІІ орынға ие болдым. Сөйтіп бірте-бірте көптеген жарыстарға қатысып, спортқа деген қызығушылығым арта түсті. Бала кезімде күнделікті күрестен жаттығулар таңғы 6.00-де өтетін. Соған ерінбей тұрып жүгіретінмін. Бірде-бір жаттығудан қалмай баратынмын. Талмай тынбай жаттығулар жасайтынмын. Есіме алып отырсам қызық, ата-анам маған «сабақтан қалып қоясың, тренировкаға барма! Сабағыңды оқы!» — деп үнемі айтып жүретін.
Мен өз балаларыммен, шәкірттеріммен, немерелеріммен мақтанамын. Шәкірттерім әрдайым жағдайымды сұрап, хабарласып, мерекелерде құттықтап келіп тұрады. Қазіргі кезде бірі жаттықтырушы, бірі мектепте денешынықтыру пәнінен мұғалім болып қызмет етуде, көпшілігі отбасылы.
Егер адамның бойында еліне, туған жеріне деген шынайы сүйіспеншілік, махаббат болса, алар асулары көп болатынына сенімдімін. Ең бастысы қандай сала болмасын тәртіп керек. Тәртіп пен тәрбие жоқ жерде, ешқандай жетістік те, өсу де болмайды. Менің жастарға, жас жеткіншектерге айтарым: — Тәртіпті, еңбекқор болыңдар! Ешқашан ізденуден, алға талпынудан шаршамаңдар, сонда ғана биік белестерді бағындырасыңдар! – дегім келеді.
Үлкен ұлы Бауырбек те бала кезінен бастап спортпен шұғылданған. Спорт мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдап, №4 Алға орта мектебінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып 5 жыл жұмыс жасады. Кейіннен оны күрес, футбол, волейбол, баскетбол сияқты спорт түрлерінен өте жақсы болғандықтан Алға аудандық төтенше жағдайлар бөліміне жұмысқа шақырады. Бүгінде аталған мекемеде халықтың басына қауіп төнген жағдайларда қорғап, адал еңбек етуде. Кенжемұрат Жәуітұлының немересі де спортқа жақын. Үстел теннисіне қатысып, бүгінде аяқ алысы жаман емес. Ата, әке жолын қуып, талаптанып келеді.
Біз де өз кезегімізде, кейіпкеріміздің отбасына амандық, құт-береке, зор денсаулық тілей отырып, ұрпақтарының алдағы уақытта еліміздің спортының дамуына үлес қосады деген сенімдеміз! Елге сыйлы азаматтар, қашанда құрметке лайықты!
Марал Сандыбай