Кеңес отырысында мақсатсыз жер пайдалану
және иесіз малға қатысты шаралар қаралды
Бүгін Алға аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының филиалында кезекті аудандық кәсіпкерлер кеңесі өтті. Кеңес отырысындағы күн тәртібінде келесі сұрақтар қаралды, олар:
1. Ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан пайдаланылмай жатқан және заңсыз пайдаланып жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді заңға сәйкес мемлекетке қайтару жұмысының алгоритмі туралы ақпарат.
2. 2025 жылы және соңғы 2022-2024 жылдарда мемлекетке ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің қанша гектары қайтарылғаны туралы ақпарат.
3. Жер ресурстарын ұтымды пайдалану, қайтарылған жерлерді әділ бөлу және ауылдық елді мекендердің айналасындағы жайылым тапшылығын төмендету туралы ақпарат.

1. Алға ауданы бойынша 2023 – 2025 жылдары арасында ауылшаруашылық жануарларының себеп салдарынан болған жол апаты туралы ақпарат және ауылшаруашылық жануарларының иесіне заңнамалық тұрғыда жауапкершілігі туралы.
Бірінші сұрақ бойынша Алға аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Атымтай Төлеуханов ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару алгоритмін түсіндірді. Атап айтқанда, жерлерге мониторинг жүргізіліп, анықталған учаскелер бойынша актілер дайындалып, облыстық Жер ресурстарын пайдалану департаментіне жолданады. Тексеру нәтижесінде заң бұзушылық анықталса, 1 жыл мерзімге нұсқама беріліп, талаптар орындалмаған жағдайда айыппұл салынып, жер учаскелері сот арқылы мемлекетке мәжбүрлі түрде қайтарылады.
2022–2025 жылдар аралығында аудан бойынша 22 390 га жер мемлекетке қайтарылды, ал 2023 жылы қайтарылған 28 000 га жер ауылдық округтердің елді мекендеріне қосылды. Сонымен қатар, 2023 жылы 1700 га жер конкурс арқылы берілді.
Кеңес мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Арман Нұрғалиев мониторингтік топ жұмысы мен Қаулылардың тіркелу мәселелерін көтерді. Жеке кәсіпкер Райхангүл Жампейсова аукцион туралы хабарламалар ең алдымен жергілікті кәсіпкерлерге жеткізілуі тиіс екенін ұсынды. А. Төлеуханов ұсыныстарды назарға алып, тиісті жұмыстар жүргізетінін атап өтті.

Екінші сұрақ бойынша Алға ауданы ПБ әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы полиция майоры Мұратбек Сайлауұлы өз сөзінде қазіргі таңда ауылдық өңірлердегі өзекті мәселелердің бірі — мал ұрлығы мен үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары деп атап өтті. 2020 жылдан бастап мал ұрлығы Қылмыстық Кодексте жеке бап ретінде қарастырылып, ауыр қылмыс санатына енгізілді. Аталған құқық бұзушылықтар үшін заң аясында қатаң жаза қарастырылған.
Алға ауданында 444 шаруа қожалығы тіркелгенімен, олардың көпшілігі GPS трекерлермен жабдықталмаған. Ұйымдастырылмаған жайылымдар мен сәйкестендірілмеген мал — ұрлық пен жол апаттарының негізгі себебі болып отыр. 2024 жылдың өзінде 24 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның 5-інде мал иелері анықталмаған.
Мал ұрлығы мен тәртіп бұзушылықтардың алдын алу үшін мынадай шаралар ұсынылады:
• GPS трекерлерді орнату;
• Малдарға міндетті түрде таңба, сырға салу;
• Еркін жайылымдарды ұйымдастыру;
• Мал ұстау және бағу бойынша қоғамдық бақылау мен түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
• Рейдтер мен тексерулерді жиі ұйымдастыру;
• Ветеринариялық заңнама талаптарын толық орындау.

Осы шараларды жүйелі түрде іске асыру — мал ұрлығы мен жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Кеңес отырысында сөз алған филиал директоры Бернияз Длимов жер пайдалану мәселесінің өзектілігін атап өтіп, алдағы кеңесті кеңейтілген форматта — жергілікті атқарушы органдардың жауапты бөлім басшылары, аудан әкімінің орынбасары және қала әкімінің қатысуымен өткізуді ұсынды. Бұл бастама кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Отырыс соңында сөз сөйлеген аудандық кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Балкенже Аймухамбетова өз сөзінде аудандық кәсіпкерлер саласының әрі қарай дамуына кеңес мүшелеріне кәсіпкерлердің мәселесіне белсене араласуына шақырып, аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Атымтай Төлеуханов пен Алға ауданы ПБ әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы полиция майоры Мұратбек Сайлауұлына және барлық қатысқандарға өз алғысын білдірді.