Кітап оқу сайысы өтті
Кітап оқу – адамды рухани байытатын және ерекше сезім сыйлайтын жағымды әрекеттің бірі. Кітаппен дос болған баланың ой-өрісі кең, өз қатарластарынан озып тұрады. Оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында Маржанбұлақ орта мектебіндегі кітапханада «Оқуға құштар» жобасы аясында «Мен оқып шықтым, сізге де оқуға кеңес беремін» атты жоғары сынып оқушылары арасында сайыс өтті.
Мектеп кітапханасы сайыс өтетін күні көздің жауын алатындай әдемі безендірілген. Қазақ және орыс әдебиеті классиктерінің макеті қойылып, рухани шараның ажарын аша түсті. Әрбір сынып оқушылары сайысқа жауапкершілікпен дайындалғандары көрініп-ақ тұр. Оқушылар Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Фариза Оңғарсынова, Бердібек Соқпақбаевтың бейнесін сомдап, өздерінің оқыған сүйікті кітаптарының мазмұнын көпшілікке талдады. Балалар оқыған кітаптарынан алған әсерлерін көрініс арқылы көрсете отырып, сайысты жандандырды.
«Қазақ аналары — Дәстүрге жол» РҚБ Маржанбұлақ ауылдық округі бойынша төрайымы Жұмақыз Қашқынбаева, Маржанбұлақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сағынхан Мұқанов, аталмыш мектептің аға тәлімгері Рита Дуюсова, кітпханашы Гүлнар Ажиниязова сайыс қатысушыларына әділ бағасын беріп, пікір білдіріп, марапаттады. Сайысты ұйымдастырушылар мектеп кітапханашылары Г.Ажиниязова, А.Төлеенова. Екі күнге созылған сайыс нәтижесі бойынша 8-10 сыныптар арасында 10 «А» сыныбы бас жүлдеге, 9 «А» сыныбы І орынға, 8 «А», 8 «Ә» сыныптары ІІ орынға, 8 «Г» сыныбы ІІІ орынға, ал 5-7 сыныптар арасында 7 «Ә» сыныбы бас жүлдеге, 6 «А», 7 «Г» сыныбы І орынға, 7 «А» сыныбы ІІ орынға, 6 «Ә» сыныбы ІІІ орындарға ие болды. Барлық қатысушылар алғыс хат, дипломдармен марапатталды.
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге — деп, ұлтымыздың ұлы тұлғасы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев айтқандай, кітап тек адам баласын жақсылыққа үндейді. Олай болса, осындай оқушылардың таным көкжиегін кеңейтетін іс-шаралардың жиі өткізіліп тұруы білім беру жүйесіне қосылған зор үлес дер едік.
Марал САНДЫБАЙ