КІТАПХАНА – ОЙ МЕН ТАНЫМ ОРДАСЫ
Елімізде 2022 жылдан бері 24 қазан күні мәртебелі мамандық иелерінің кәсіби мерекесі Кітапханашылар күні аталып өтіледі. Білімге ұмтылған оқырманның табылатын жері ол қашан да кітапхана болып қала бермек. Ал, сол рухани орданың басты кейіпкерлері – кітапханашылардың орны бөлек. Олардың көзге көп уақытта көрінбей жататын тынымсыз еңбектері әрқашан еленуі тиіс. Газетіміздің бүгінгі мерекелік санында біз ауданымыздың кітапхана саласының дамуына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген ардагер кітапханашылар туралы сөз етпекпіз.
РУХАНИ ОРДА ШЫРАҚШЫСЫ
Мәдени-ағарту саласына 30 жылын арнаған Тамды ауылдық кітапханасының меңгерушісі — Нұрболатова Нұрсұлу Саламатқызы. 1968 жылы, 5 мамырда Алға ауданы, (бұрынғы Ново-Украинка) қазіргі Талдысай ауылында дүниеге келген. 1985 жылы ауылындағы он жылдық мектепті аяқтап, Ақтөбе мәдени-ағарту училищесіне клуб қызметкері және қазақ ұлт
аспаптар оркестрінің жетекшісі бөліміне оқуға түседі. 1988 жылы Нұрсұлу Саламатқызы оқуын тәмамдап, Тамды ауылының клубына көркемдік жетекші болып жұмысқа орналасады. Кейінгі жылдары осы ауылдағы балалар бақшасында көркемдік жетекші, ауылдық кітапханада уақытша кітапханашы болып жасайды. 1997 жылы жаппай мәдени орталықтар жабылып, жұмыстан қысқартылады. 2002 жылдары мәдени орталықтар қайта жанданып ашыла бастайды. Дәл осы жылы ол Тамды ауылдық кітапханасының меңгерушісі болып жұмысқа орналасады. Міне, содан бері қарай аталмыш кітапхананың алға өрлеуіне үлесін қосып жүрген үздік кітапханашылардың бірі. Нұрсұлу Саламатқызымен тілдескенімізде өз ойын білдірген болатын: «Кітапханада жұмыс жасайтын кітапханашы өзінің таныстырып тұрған әрбір кітабын білуі тиіс, кітапты күнделікті оқығаны жөн. Себебі, адамдарға рухани азық беретін ордада еңбек ететін әрбір кітапханашы талапқа сай білімді, жан-жақты, кітапханалық жүйелердің барлығын меңгерген әмбебап болғаны абзал. Шара өткізгенде үлкен дайындықпен, жауаркешілікпен кіріссе, ол көрермен жадында сақталып жақсы нәтиже берері анық. Сонда ғана оларды әрбір кітапханаға келген оқырман есінде сақтап, құрметтейтін болады. Соңғы жылдары елімізде мәдениет саласына, соның ішінде кітапхана саласына ерекше ден қойылып оң өзгерістер байқалуда. Кітапханашылардың жалақылары өсіп, коворкинг орталықтары ашылуда. Сондай коворкинг орталықтары әлі де болса ауылдық кітапханаларда ашылса деген тілегіміз бар. Бұл соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған орталықтар оқырмандардың кітап оқуға деген құштарлығын оятуға септігін тигізер еді.».
Кітапхана ісінің шебері Нұрсұлу Саламатқызы сонымен қатар өнерге де жақын жан. Халықтық атағы бар «Достар» квартетінің мүшесі болып, талай сахналарда халыққа әсем әндерін арнап, қошеметке бөленген өнерпаз. Отбасы мен жұмысты теңдей дәрежеде қатар алып жүрген бүгінгі кейіпкеріміз шаңырағында өмірлік жарымен бақытты ғұмыр кешіп, бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген бақытты ана, үш немеренің сүйікті әжесі. Осындай халыққа береріміз көп болсын деп жүретін елжанды, мәдениетке жаны жақын, өз ісінің білгірі Нұрсұлу Саламатқызының еңбек жолы көпке үлгі боларлықтай.
Марал САНДЫБАЙ