Кітапхана – рухани байлық мекені
24 қазан — еліміздегі руханият пен білім саласында өзіндік із қалдырған ерекше күн. ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазанындағы №833 қаулысына сәйкес бұл күн — Кітапханашылар күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке — халықтың рухани өміріне, мәдениет пен білімнің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген кітапхана қызметкерлерінің еңбегін дәріптейтін маңызды күн.
Алға ауданында да бұл дата айрықша құрметпен аталып өтті. Аудандық орталық кітапхана ғимаратында өткен салтанатты жиынға аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиев, аудан әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Баймұрат Жаналин қатысты.
Мерекелік іс-шара барысында кітапхана ісін өркендетуге елеулі үлес қосқан қызметкерлер марапатталып, еңбектері лайықты бағаланды. Кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі Светлана Жарекина ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А. Балаеваның атынан берілген «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Ақай ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ақмарал Утебалина Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А.Юнисованың атынан «Алғыс хатқа» ие болды. Сондай-ақ, өз кәсібін шын жүректен сүйетін, адал еңбек етіп жүрген кітапханашылар Жайнагүл Матеуова, Нұрсұлу Нурбулатова, Ләззат Иманбаева «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталды. Бұл — олардың кітапхана ісін дамытудағы қажырлы еңбегіне берілген жоғары баға.
Кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінің меңгерушісі Светлана Кушерова ҚР салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық филиалы төрайымы Н.Табылдинованың атынан «Алғыс хат» және сыйлыққа ие болды. Ал, Нағима Сүйесінова С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана директоры С.Хакимованың атынан гүл шоқтары мен «Алғыс хат» алды.
Бұдан бөлек, Қарабұлақ, Бестамақ, Тамды ауылдарының және аудандық орталық кітапхананың бірқатар қызметкерлері аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиевтің «Алғыс хатымен» марапатталды. Олардың қатарында Шолпан Тәжина, Айдана Түйешова, Гүлайым Тапай, Нұрсұлу Қоразова, Ақшолпан Ізтілеуова сынды кітапхана ісінің майталмандары бар.
Бұл күн — тек марапат пен құрметтің күні емес, руханият пен парасаттың, кітап пен білімнің салтанат құрған сәті болды. Кітапханашылар — халық пен кітап арасындағы алтын көпір. Олар — ұлт санасының шырақшылары, оқырманның рухани азығын толықтыратын, ұлт мәдениетінің ұйытқысы.
Бүгінгі ақпарат ағымы күн сайын артып, технология қарыштап дамыған заманда да кітапханашының орны ерекше. Өйткені, рухани байлықтың бастауы — кітап, ал сол қазынаға жол көрсетуші – кітапханашы.
Олардың еңбегі — үнсіз, бірақ мәңгілік. Себебі, адамзат тарихындағы әрбір жаңалықтың, әрбір ұлы ойдың түп-тамыры — кітаптан бастау алады. Сондықтан бұл мереке тек бір күндік қуаныш емес, кітап пен білімнің мәңгілік салтанаты болып қала бермек.
Мадина ТАЖИБЕКОВА