Кітапқа құштар кітапханашы

 Кітапхана саласына саналы ғұмырын арнаған ардагер кітапханашы, өз ісінің білгірі Маханова Гүлсім Аманқұлқызы Алға ауданы, Қарағаш ауылында 1955 жылы дүниеге келген. 1972 жылы Алға қаласындағы №1 орта мектебін тәмамдап, Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түседі. 1975 жылы училищені аяқтап, ХХ партсъезд ауылына тұрмысқа шығады. Ол ауылда кітапханашы орны бос болмағандықтан екі жылдай уақыт тігінші болып жұмыс жасайды. Кейін бір жыл клуб меңгерушісі де қызметін атқарған. Бала кезінен кітапқа құмар боп өскен Гүлсім Аманқұлқызы «Кітапханашы» мамандығына оқуға түседі. Оның кітапқа деген ерекше махаббатына өзінің әкесі тікелей әсер еткен. Себебі, Гүлсім апайдың әкесі өте білімді, жан-жақты адам болған. Тіпті, ол ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың шақыртуымен қазақ, орыс әліппесін меңгеріп, типографияда жұмыс жасауды үйрену мақсатында Орынборда білім алған. Қызының ерте жастан ертегі, аңыз-әңгімелер оқуына себепкер болып, ізденімпаздыққа жол ашқан. Кейіпкеріміздің айтуы бойынша  бала кезінде алғашында мұғалім болуды армандаған, кітапқа деген қызығушылығы жоғары болғандықтан кітапханашы мамандығын таңдаған. 1979 жылы отбасымен ауылдан Алға қаласына қоныс аударып, аудандық орталық кітапханаға жұмысқа орналасады. Біраз жыл оқу залының меңгерушісі болып, оқырмендармен өте тығыз қарым-қатынаста болады. Ауданымыздың кітапхана саласының дамуына өзіндік үлесін қос білген Гүлсім Аманқұлқызы аталмыш кітапханада 35 жыл еңбек етеді. Кітапханада жұмыс жасаған жылдарын сондай сағынышпен еске алған Гүлсім апай кітаптың, кітапхананың түсінген адамға рухани азық болып, жан тыныштығын сыйлайтын бірден-бір киелі мекен екенін жеткізеді. Сонау 1995 жылы Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына орай облыс деңгейінде кітапханашылардың арасында өткізілген байқауға қатысып, І орынға ие болған. Мерейтойға орай Алға ауданының бір категориясын жоғарылатып, сол кездегі кітапхана директоры Роза Байманқызына 1 айлық еңбекақысын берген болатын деп естеліктерінде бөліседі кейіпкеріміз. Апай еңбек еткен жылдары ауданымызда 34 кітапхана болатын. Әрбір бөлімшеде, ауыл-аймақта орналасқан кітапханаларға іс-сапармен барып, дұрыстап, ол кезде (Библиотечная библиографическая классификация деген болатын) соған аударып, белсенді түрде жұмыс жасаған. Жақсы деген кітаптарды шығарып, көрме жасақтаған. Жұмыс жасап жүріп, біліктілігін арттыруға арналған оқуларға уақыт тапқан Гүлсім Аманқұлқызы үнемі ізденуден жалықпаған. Өзінің сүйікті жұмысына ерекше ден қойып, әрбір аудан деңгейіндегі  шараны ұйымдастырғанда жауапкершілік танытып, жоғары деңгейде өткізіп жүрген. Зейнетке шыққаннан кейінгі жылдары Гүлсім Аманқұлқызы тағы бір жыл аудандық орталық кітапханасында, архивариуста жұмыс жасап, бергіректе «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» Қоғамдық бірлестігіндегі қоғамдық жұмыстарға араласады. Ал, бүгінде аудан орталығында орналасқан «Белсенді өмір сүру орталығына» күнделікті барып, бос уақытын тиімді өткізуде. Гүлсім Маханова еңбегі бағаланып, облыстық мәдениет мекеме басшыларының атынан,  Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, Алға ауданы әкімінің атынан алғыс хаттармен марапатталған.

Өмірлік жолдасы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсіріп, бүгінде ұрпақтары кеңге қанат жаюда. Гүлсім Аманқұлқызы бүгінгі ұрпақтың білімді, кітапқа құштар боп өскенін қалайтынын да жеткізді. Себебі,  ол: «Кітап-бар білімнің бастауы, теңіз түбінде жатқан інжу-маржандай бағалы» — дейді.

                                                             Марал Жалғасқызы