Көктемгі абаттандыру жұмыстары жүйелене түседі

 Алға ауданында аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиевтің төрағалығымен көктемгі санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиын барысында қала мен аудан аумағын тазалыққа келтіру, жасыл желекті арттыру және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы кешенді іс-шаралар қаралды.

Алға қаласының әкімі Ж.Бақытжанұлы өз баяндамасында қала аумағындағы санитарлық жағдай мен абаттандыру жұмыстарының барысына тоқталды. Оның айтуынша, қалада 95 көпқабатты тұрғын үй, 200-ден астам кәсіпкерлік нысан, 43 әлеуметтік мекеме және 13 саябақ пен сквер орналасқан. Осыған байланысты көктемгі екі айлық сенбілік жұмыстары 28 наурыз бен 30 мамыр аралығына жоспарланып отыр.

Сенбілік барысында барлық әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерлік субъектілері өз аумақтарын тазалау жұмыстарын жүргізеді. Жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы техникалар арқылы полигондарға шығарылмақ. Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеті, санитарлық талаптарға сәйкестігі мен абаттандыру қағидалары тұрақты түрде бақылауға алынып, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті әкімшілік шаралар қолданылатыны атап өтілді.

Қала аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, тұрғындар сенбілікке белсенді қатысуға шақырылуда. Сондай-ақ дәстүрлі түрде өтетін «Үздік үй», «Үздік аула», «Үздік мекеме» байқауларының да басталатыны хабарланды.

Жиында Алға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуандық Үсенғалиев аудан аумағындағы жоспарлы жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның мәліметінше, 113 көппәтерлі тұрғын үй ауласы, 75 әлеуметтік нысан және 10 саябақ пен сквер аумағында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар «Қазақстан Ғарыш Сапары» геосервистік мониторингі арқылы анықталатын заңсыз қоқыс орындарын жою, 5 750 түп ағаш отырғызу, 6 мың шаршы метр аумаққа гүл егу, сондай-ақ 25 гектар «жасыл аймақ» қалыптастыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға 12 мыңнан астам тұрғын мен 200-ден астам техника жұмылдырылмақ.

Жиын барысында көтерілген мәселелердің қатарында бірқатар өзекті ұсыныстар да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, Алға аудандық мәслихат төрағасы Марат Төлеуов елді мекендер аумағындағы арамшөптерді улау және олармен күресу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы шаралар тек санитарлық тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдық кеңістіктің эстетикалық келбетін сақтауға да тікелей әсер етеді.

Сонымен бірге «АMANAT» партиясы Алға аудандық филиалының атқарушы хатшысы Динара Кубесова мектеп-гимназияға барар жол бойындағы жаяу жүргіншілер жолының кейбір учаскелерінде жерге кіріп кеткен брусчаткаларды қалпына келтіру мәселесін көтерді.

Аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиев көтерілген ұсыныстардың барлығы назарға алынатынын жеткізіп, тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берілетінін атап өтті. Сонымен қатар аталған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынына сенім білдірді.

Жиынды қорытындылай келе аудан әкімі тазалық пен абаттандыру жұмыстарының жүйелі түрде әрі сапалы жүргізілуі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеліп, сенбілік жұмыстарына барлық мекемелер мен тұрғындарды кеңінен тарту қажеттігі айтылды.

P.S.: Жиын барысында сондай-ақ қала маңындағы Елек өзені жағалауы, айналма жол аумақтары және зираттардың санитарлық жағдайын жақсарту мәселелері көтеріліп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту ұсынылды.

Мадина ТАЖИБЕКОВА