Көрісу күні – татулық пен ізгіліктің мерекесі

14 наурыз – Көрісу күніне орай Ақтөбе қаласында «Ел көркейсін бірлігімен!» атты көрісу керуені ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – халқымыздың көне дәстүрлерінің бірі «Амал келді – жыл келді» ғұрпын дәріптеу, қоғамдағы сыйластық пен татулықты нығайту.
Көрісу керуенінің қатысушылары бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Атап айтқанда, мектеп, интернат, медициналық мекемелердің ұжымдарына арнайы барып, мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Кездесу барысында ұлттық салт-дәстүрлердің мән-маңызы кеңінен айтылып, бірлік пен татулықтың қоғамдағы орны ерекше екені атап өтілді.
Сонымен қатар, «Ақмаржан» әжелер ансамблі мен ақсақалдар сый-кәделерін ұсынып, ақ баталарын берді. Ақсақалдар елге тыныштық, жұртқа амандық, ал жас ұрпаққа білім мен табыс тіледі.
Көрісу керуені аясында бірқатар қайырымыдылық шаралары да ұйымдастырылды. Көрісу күні – адамдарды жақындастырып, мейірімділік пен бірлікті насихаттайтын ерекше мереке екені осы шара барысында тағы бір мәрте айқын сезілді. Мұндай тағылымы мол шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптеуге ықпал етеді.

