Көшпелі қабылдау: халыққа көмек

«Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында Алға ауданының Есет батыр, Бесқоспа, Тоқмансай ауылдарына көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Тұрғындар «Ауыл аманаты» жобасына қатысу, несие рәсімдеу, алаяқтыққа қатысты кеңес алды.

Ауыл тұрғындарын партияның Алға аудандық филиалының атқарушы хатшысы, отбасын қолдау орталығының заңгері, аналар кеңесінің төрайымы, белсенді орталықтың қызметкері қабылдады.

  • Бесқоспа ауылынан Меңсұлу Шокалова, Гүлбаршын Аекешова, Гүлжанат Айтжанова «Ауыл аманаты» жобасына қатысу үшін кеңес алды. Ал Тоқмансай ауылы тұрғындары ҰОС ардагердің есімімен көше атауын беру туралы өтініш білдірді. Сондай-ақ қатерлі ісікпен ауыратын азаматты дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді, — деді партияның Алға аудандық филиалының атқарушы хатшысы Динара Кубесова.

Қабылдауға келушілердің арасында алаяқтардың арбауына тап болған 3 адам Алға аудандық отбасын қолдау орталығының заңгері Отарбек Пірімжановтың көмегіне жүгінді. Сондай-ақ құжаттарын рәсімдеу бойынша заңгерден кеңес алған азаматтар қатары көп болды. Ал аналар кеңесінің төрағасы Бақыт Ерғалиева ауылдағы отбасын татуластыруға қол ұшын созды.

Айта кету керек, көшпелі қоғамдық қабылдау Үшқұдық ауылында жалғасады.

 Қоғамдық қабылдаудың халыққа берері мол. Тұрғындар аталған жоба аясында көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, күнделікті өмірде маңызды қадамдар жасай алады. Халыққа пайдалы іс жасау игілікке, ізгілікке бастайтын жол екенін есте сақтау қажет.

Мадина ТАЖИБЕКОВА