Конституция – ел тірегі

 Биыл еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Бұл мерейлі датаға орай Алға ауданында елдік пен бірлікті ұлықтаған бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды.

 Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жоспарына сәйкес, 2 қыркүйек күні аудан мектептерінде ашық сабақтар өтті. Оған аудандық сайлау комиссиясының мүшелері қатысып, жас буынды жаңа оқу жылымен құттықтап, Ата Заңымыздың мән-маңызына тоқталды.

Мереке аясындағы шаралар тек білім ордаларымен шектеліп қалмай, мәдениет үйлерінде, кітапханалар мен коворкинг орталықтарында жалғасын тапты. Мұнда учаскелік сайлау комиссияларының ұйымдастыруымен кітап көрмелері, ардагерлермен және тұрғындармен кездесулер өтті. Қоғамдық ойды қалыптастыруға бағытталған бұл жиындарда Конституцияның ел өміріндегі рөлі талқыланып, тарихи деректер мен тағылымды әңгімелер айтылды.

Сонымен қатар, аудандық сайлау комиссиясының бастамасымен тұрғындар арасында арнайы сауалнама жүргізілді. Оның барысында халықтың басым бөлігі Конституцияның ел дамуындағы орнына жоғары баға беріп, демократиялық құндылықтарды қорғаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл сауалнама – азаматтардың саяси мәдениетінің өсіп келе жатқанын, ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсеткен маңызды қадам болды.

Мерекелік шаралар аудан тұрғындарының жүрегінде мақтаныш сезімін оятып, жас буынға елдікті қастерлеудің, заңға құрметпен қараудың мәнін ұғындырды.

 

Алға аудандық аумақтық сайлау комиссиясы