Конституцияның легитимділігін нормалардың тікелей қолданылуы қамтамасыз етеді — сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде сарапшылар конституциялық реформаны қызу талқылап жатыр. Әсіресе, бір палаталы парламентке көшу, билік тармақтары арасында өкілеттілікті қайта бөлу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, өкілдік демократияның жаңа институттарын құру тәрізді тақырыптар күн тәртібінде тұр. Ұсынылған өзгерістерді енгізуге қандай негіз бар? Өзгерістер қабылданған жағдайда қандай келеңсіздіктер тудыруы мүмкін? Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Мемлекеттік құқықтық пәндер» кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Еркінбек Нұртазинмен осы сауалдар төңірегінде сұхбаттасқан едік.
– Сіздіңше, бүгінгі таңда бір палаталы парламентке көшудің қаншалықты негізі бар?
– Конституционализм тарихында бір палаталы парламентке көшудің теория жүзінде де, тәжірибе жүзінде де толықтай негізі бар. Унитарлы мемлекетте, әдетте, бір палаталы парламент болады.
Ескеретін жайт – мәселелерді шешу үшін болашақ парламент кәсіби органға айналуы тиіс, яғни практик заңгерлерден, саясаттанушылардан, экономистерден және елдің интеллектуалдық элитасы өкілдерінен құралуы керек. Біздіңше, 107 депутат болса, ең оңтайлы құрам болар еді. Олар меритократия ұстанымдары негізінде сайлануы не тағайындалуы қажет.
Мұндай Парламент заң шығарумен айналысып қана қоймай, мемлекеттің ішкі саясатын қалыптастырумен де шұғылдануы тиіс. Ол өкілдік демократияның идеялары, құндылықтары және ұстанымдары талқыланып, қыз-қыз қайнап жататын орталық болуы қажет.
– Жаңа жүйеде билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік өзгере ме?
Президент, Құрылтай, Үкімет және Вице-президент арасындағы тепе-теңдік, негізінен, сақталады. Бұрынғыдай әрқайсысының тиісті үлес салмағы болады. Билік тармақтарының ешқайсысына өзгелерінен ресми басымдық берілмейді.
Сонымен қатар, заң шығарушы биліктің рөлі күшейіп, парламенттік бақылаудың механизмдері кеңейтіліп, мемлекеттік органдардың жауапкершілі артып жатыр. Демек, Президент, Құрылтай, Үкімет, Конституциялық және Жоғарғы соттың өкілеттігі өзара теңдікпен үйлестірілген.
Әйтсе де, бір нәрсені түсінуіміз керек. Атқарушы билік әуелгідей алдыңғы әрі басым орында болып қала береді. Өйткені, қазір әлемде күрделі қоғамдық процестерді басқару функциясы негізгі рөл ойнайды. Сондықтан біздің елімізде де атқарушы билікті күшейту үрдісі жалғаса береді.
– Адам құқықтары мен бостандықтарын кеңейту іс жүзінде жүзеге аса ма?
Бұл жөнінде алдын ала бірдеңе деу қиын. Өйткені, мәселе тым күрделі. Ең маңызды шаруалардың бірі – сот және құқық қорғау органдарын түп-тамырымен реформалау. Бұл туралы Мемлекет басшысы да 2019 және 2020 жылдардағы Жолдауларында айтқан еді.
Сонымен бірге, аталған органдардың қызметін және оларға деген азаматтардың сенім көрсеткішін ғылыми тұрғыда зерттеп, бағалау қажет. Халықтың құқықтық сауаты мен құқықтық мәдениетін көтеру де аса маңызды мәселе.
– Пропроционалды сайлау жүйесі елдің саяси өміріне қалай әсер етуі мүмкін?
Пропорционалды жүйе, сөзсіз, партиялық бәсекені және саяси плюрализмді арттырады. Аталған жүйе саяси партиялардың қызметін белсендендіріп, қоғамдық-саяси үдерістерде олардың рөлін көтеруге тиіс.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына Ұлттық кеңес құру идеясын қалай бағалар едіңіз?
– Заңнамалық бастама көтеруге құқылы «Халық кеңесі» атты жаңа консультативтік институт құру, меніңше, ақылға қонымды. Дегенмен, оның саяси-құқықтық саладағы салмағы, ең алдымен, құрамына байланысты болмақ. Сондай-ақ, ұсынатын заңнамаларының сапасы, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі қабілеті, қандай да бір дискриминацияның алдын алуы, қоғамдық тұрақтылыққа ықпал етуі – осы факторлар Халық кеңесінің тиімділігі мен маңызын айқындайды.
– Сіздің көзқарасыңызша, Жаңа Конституцияға көшу жөніндегі шешімге не себеп болды?
– Бір палаталы парламентке ауысу шешімі болашақ Парламенттің қызметіне қатысты тұтас заңдар тізбегін өзгерту қажеттілігін туындатты. Бұл қалыпты нәрсе.
Қосымша тармақтар қосу, құқық қорғау механизмдерін жетілдіру – мұның бәрі Мемлекет басшысының «әділетті, еститін және нәтиже беретін мемлекет» құру ұстанымын жүзеге асыру жолындағы қадамдар. Ал жаңа Конституцияға көшу бұл мақсатқа жеткізе ала ма, оны уақыт көрсетеді.
Алайда жаңа Конституция автоматты түрде жаңа заңдар қабылдауға және заңнамаға өзгеріс енгізуге әсер етеді. Ал мемлекеттік органдардың іс жүзіндегі қызметі бұрынғыдай деңгейде қалуы мүмкін.
– Конституция жобасын талқылаудың ашық өтуі қамтамасыз етілген бе?
Ашықтық қазірдің өзінде БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы белгілі бір деңгейде қамтамасыз етіліп отыр. Бірақ қоғамдық талқылаудың тереңдігі мен сапасы көп жағдайда түсіндіру жұмыстарына және халыққа ақпараттың қолжетімділігіне байланысты.
– Жаңа Конституцияның легитимділігін не күшейтеді, қалай ойлайсыз?
– Конституцияның легитимділігі, ең алдымен, оның нормалары іс жүзінде қолданылуымен өлшенеді. Сонымен қатар, басты қағидаттары мен мақсаттарын қарапайым әрі ұғынықты тілмен жеткізу халықтың Ата заңға деген сенімін орнықтырады.
Мұндай жұмыстарды ресми арналар арқылы Конституциялық реформа бойынша комиссия, Конституциялық сот немесе Президенттің өзі де атқара алар еді. Қалай десек те, алдағы референдум заңды болады. Оның заңдылығын қамтамасыз етудегі қосымша механизм ретінде электронды дауыс беруді қарастыруға болады.
Алпамыс Файзолла
https://kaz.inform.kz/news/konstitutsiyanin-legitimdlgn-normalardin-tkeley-koldanilui-kamtamasiz-eted-sarapshi-b3afab/