КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Видео плейер
Басқосуға «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин, облыстың құрметті азаматы, қоғам қайраткері Естай Жайлыбай, Aqtobe телеарнасының директоры Айдана Смағұлова, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Олжас Мектепбаев пен қоғамдық кеңес мүшесі Дамир Көпжасаровтар қатысты.
Жиынды ашқан Раукен Отыншин жаңа Конституция жобасының негізгі өзегі адам құқығы мен бостандықтары екенін айтты.
— Жаңа Ата Заңымыз 96 баптан, 11 бөлімнен тұрады. Соның ішінде 2-бөлімнің 12-бабынан 40-бапқа дейінгі аралық толықтай адам құқығы мен бостандықтарына арналған. Бұл өте маңызды. Өйткені еліміздің басты құндылығы — адам. Аталған баптарда отбасы, яғни ата-ана, бала құқығы, қауіпсіздігі, неке, білім алу, денсаулық сақтау, ар-ождан бостандығы секілді мәселелер қамтылған. Яғни Конституция, ең алдымен, азаматтың құқығы мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған.
Заң мен тәртіпті сақтау — баршамыздың парызымыз. Мемлекет бізге кепілдік береді, ал біз мемлекет алдындағы міндетімізді орындауымыз керек, — деген Р. Отыншин қазіргі қолданыстағы Конституцияны қабылдау кезінде Конституциялық Кеңес құрамында 12 адам болғанын, оның ішінде үш шетелдік азамат болғанын атап өтті. Оның айтуынша, ол уақыт тәуелсіздігін енді ғана алған жас мемлекет үшін өтпелі кезең еді, сондықтан мұндай шешімдердің өзіндік себептері болған. Ал жаңа құжат уақыт талабына сай әзірленген, ел дамуының бүгінгі кезеңіне бейімделген және жаһандану дәуіріндегі өзгерістерді ескере отырып жасалған.
— «Елу жылда ел жаңа» дегендей, заман өзгерді, қоғам жаңарды. Сондықтан жаһандану дәуірінде заңнамамыз да уақыт талабына сай жетілдірілуі қажет.
Қазіргі халықаралық ахуалды көріп отырсыздар. Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Әлемде мемлекеті жоқ халықтар бар. Ал біз егемен елміз, өз Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар. Сондықтан бірлігімізді сақтап, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғауымыз керек. Осы тарихи сәтте бейжай қалмай, барлығымыз бірауыздан таңдау жасап, дауыс беруге қатысайық. Бұл — біздің құқығымыз ғана емес, ел алдындағы азаматтық жауапкершілігіміз, — деген ол қатысушыларға 15 наурызда болатын референдумға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарын көрсетуге шақырды.
Естай Жайлыбай мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы айтып, бұл мәселені орынсыз ушықтырмай, керісінше, нақты атқарылған жұмыстарға назар аудару керегін жеткізді.
— Еліміз тәуелсіздік алған 35 жыл ішінде ел өмірінде айтарлықтай өзгерістер болды. Кеңес үкіметі тарағаннан кейінгі жылдары жарық сөніп, тұрмыстық қиындықтар болғаны, халықтың ала қап арқалап күн көрген кездері есімізде. Халқымыз сол қиындықтың бәрінен өтті. Кезінде қазақ мектептері санаулы болса, бүгінде саны айтарлықтай артты, білім беру үдерісі мемлекеттік тілде жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Өткенді ұмытпай, елдің бүгінгі жетістіктеріне байыппен қарайық, — деді ол.
Айжан Смағұлова өз сөзінде адамдарды көзқарасына қарай бірнеше топқа бөліп қарайтынын, бірі — «елдегі саяси реформалардың маған қатысы жоқ» деп немқұрайды қарайтындар, екіншісі — «елім, жерім» деп мемлекет мүддесіне өз мүддесіндей қарап, елдегі әр өзгеріске өз көзқарасын айқын білдіретін адамдар, үшіншілері бейтарап көзқарастағы адамдар екенін айтты:
— Біз елдегі өзгерістерге бейжай қарайтындардың қатарында емеспіз. Өзімізді елім мен жерім үшін қызмет ететін азаматтардың қатарына жатқызамын, — деген ол елдің жаңа Конституциясының қабылданар шағы мемлекет үшін тарихи сәт екенін атап өтіп, әр азаматтың таңдау жасауы оның азаматтық ұстанымын айқындайтынын жеткізді.
Олжас Мектепбаев пен Дамир Көпжасаровтар да Конституцияның жаңа жобасындағы негізгі ережелерге қатысты өз пікірлерін білдіріп, жиынға қатысушыларды 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысығу шақырды.
М.ТАБЫН.


