10 қаңтар – Ұлттық гвардия күні мерекесі қарсаңында аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің тілшілері Алға аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы, подполковник Қасымхан Құрбанғалиұлы Мединаевтен әскерге шақыру науқаны туралы сұрап қайтты…

  • Құрметті Қасымхан Құрбанғалиұлы, күні кеше азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру маусымы аяқталды. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз…
  • Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561 «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 ақпанындағы №120 «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2023 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлығына, Алға ауданы әкімінің 2023 жылғы 17 ақпандағы №39 Қаулысына сәйкес, Алға ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімі Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарына 1997-2005 жылдары аралығында туған азаматтарды 2023 жылғы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары ойдағыдай аяқталды. Әскерге шақыру науқаны алдын-ала дайындық және жоспарлау шаралары нәтижесінде ұйымшылдықпен өткізілді. Ауданда әскерге шақыру науқанына байланысты бір күндік методикалық сабаққа селолық аймақтардан әскери есеп жұмысын жүргізуші мамандар мен жауапты тұлғалар шақырылды. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің міндеттемесіне сәйкес шақырылған әскери міндеттілер мен әскерге шақырылғандарды хабардар етіп, оларды белгіленген күні уақытында жетуіне көмек ұсынылды. жалпы, Ақтөбе облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінен 2023 жылдың күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруға 58 адамға жасақ алынды. Нәтижесінде Алға ауданы бойынша 61 шақырылушы Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттанды. Осылайша, наряд 105% орындалды. Жылдық қорытынды бойынша Алға ауданы бойынша жақсы нәтиже көрсеткен ауылдық округтердің қатарынан Ақай, Бестамақ, Қарақұдық және Алға қаласын іліп алып айтуға болады. Аталған елді мекендерде азаматтар мен олардың ата-аналарымен үгіт насихат жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Алға ауданы соңғы екі жыл қатарынан көрсеткіш бойынша алда.
  • Бір кездері әскерге барудан бас тартқандар, себеп-сылтау іздегендер көбейіп кеткен еді. Сіздің берген мәліметіңізге сәйкес, соңғы жылдары керісінше, әскерге шақырылым жақсы көрсеткіш көрсетуде. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
  • Ауданымызда 2023 жылы әскерге шақыруға жататын 265 адам тұрады. Оның ішінде кейбірі әскерге жарамсыз, кейбірі түрлі жағдайларға байланысты кейінге қалдырылады. Біріншіден, әскери борышын өтеуге аттанған сарбаздың атында несие болған жағдайда, банк алдындағы қарызы 12 айға тоқтатылады. Келісімшарт бойынша қызмет ететіндерге толық әлеуметтік пакет, ақшалай жәрдемақы, тұрғын үй төлемдері беріледі. Әскери қызметкер отбасы құрамы бойынша тұрғын үй төлемдерін алады.

Екіншіден, әскерден кейін ақысыз негізде ЖОО-ға түсу мүмкіндігі бүгінде азаматтардың көбін қызықтыратыны сөзсіз. Алайда, бұл Отан алдында борышын өтеп келген әрбір азаматтың ақысыз оқуға түсе алатынын білдірмейді. Бұл жерде де әскерге шақырылған сарбаз өзінің білімі мен білігін жоғары деңгейде көрсетуі керек. Әскер қатарына шақыртылған сарбаздар бір жыл көлемінде әскери өмірдің қызығы мен шыжығының куәсі болып, түрлі әскери және спорттық оқу жаттығулардан өтіп, қару-жарақпен, әскери техникамен жұмыс істеп үйренеді. Осылайша Отанын жаудан қорғаудың барлық әдіс-тәсілдерін меңгеріп шығады. Осылайша, әскери қызметтің нәтижесі бойынша тегін жоғары білім беру мәселесін қорғаныс министрлігі комиссиясының өкілдері шешеді. Іріктеуден өткен сарбаз университет пен білім беру бағдарламасын өзі таңдап, әскерден кейін екі жыл ішінде оқуға түсе алады. Бұл дегеніміз, мерзімді әскери қызметін өткерген азаматқа 2 жыл ішінде ҰБТ есепке алмай және емтихансыз ЖОО түсу мүмкіндігі беріледі. Қазіргі таңда мерзімзі әскери қызметін өткерген сарбаздарға арналған 70 астам оқу орнында білім беру жеңілдіктері қарастырылған. Олардың ішінде кәсіби әскери қызметке арналған және азаматтық оқу орындары бар. Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігінің оқу орындары қатарында Ақтөбе қаласындағы Әуе Қорғаныс Күштерінің Әскери Институты, Алматы қаласындағы Құрлық әскерлері Әскери институты, ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, «Арыстан» мамандандырылған лицейі, Астана қаласындағы С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжі, Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледжі бар.

  • Алға ауданында әскерден келген сарбаздардың жоғары оқу орнына түскендер бар ма?
  • Алға ауданы бойынша Отан алдында әскери борышын өтеп келген азаматтарымыз бар. Лесов Жұмахан, Садуұлы Дастан Әскери бөлімде әскери техниканы, қару жарағын, әскери тәртібі жағынан жақсы көрсеткіш көрсетіп жоғары оқу орнының грантына ие болды. 2023 жылы Алға ауданынан Екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған Т.Ж.Бигельдинов атындағы Әуе Қорғанысы күштерінің әскери институтына Алға мектеп-гимназиясының түлегі, «Алтынбелгі» иегері Алпысбаева Бақытгүл пен Абуталипов Ертай, Қарақұдық орта мектебінің түлегі Сармурзин Ізбасар түсті. №3 Алға қазақ орта мектебінің түлегі Малқаждар Аслан Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледжіне, ал В.И.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінің түлегі Закиев Алишер С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжіне түсті.
  • Ұлттық гвардия күні мерекесі қарсаңында келіп қалған жайымыз бар. Осы тұста Алға ауданы бойынша әскери борышын Ұлттық гвардия қатарында өтеп жатқан азаматтар туралы айтып өтсеңіз?
  • 2023 жылдың әскерге шақыру күзгі маусымында Ұлттық гвардия қарулы күштері қатарына Алға ауданынан 19 азамат аттанды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін және басқа да құрамаларды жасақтау барысында біздің ауданға берілген жоспар толығымен орындалды. Біз күзгі әскери шақырту науқанын сәтті аяқтадық десек те болады. Күні кеше Алға ауданы соңғы сарбаздарын шығарып салды. Осылайша күзгі әскери шақырылым науқаны кезінде ҚР Қарулы Күштерінің қатарына Алға ауданынан 60-тан астам сарбаз Отан алдында борышын өтеуге аттанды. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш болып саналады. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Сарбаздарымыз өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып шығуларын тілейміз.
  • Сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен Мадина БОЛАТБЕК

Алпысбаева Бақытгүл

Алға мектеп-гимназиясының түлегі, «Алтынбелгі» иегері, Екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған Т.Ж.Бигельдинов атындағы Әуе Қорғанысы күштерінің әскери институтының курсанты


 Лесов Жұмахан

Әскери бөлімде әскери техниканы, қару жарағын, әскери тәртібі жағынан жақсы көрсеткіш көрсетіп Орал қаласындағы жоғары оқу орнының грантына ие болды


 Сармурзин Ізбасар (оң жақта отырған)
Қарақұдық орта мектебінің түлегі,

Екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған Т.Ж.Бигельдинов атындағы Әуе Қорғанысы күштерінің әскери институтының курсанты


 Малқаждар Аслан (сол жақта отырған)
№3 Алға қазақ орта мектебінің түлегі,
Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледжінің курсанты