Күзгі маусымда иммунитетті күшейтейік!
Күз келісімен табиғат сары түске боялып, күн салқындап, ағза да жаңа маусымға бейімделе бастайды. Дәл осы кезеңде адам иммунитеті әлсіреп, түрлі вирустық аурулар белең алады. Әсіресе, тұмау мен көкжөтел сияқты жұқпалы ауруларға мән бермей жеңіл қарау — үлкен қателік. Өйткені аурудың алдын алу — оны емдеуден әлдеқайда жеңіл. Дәл осы тұста әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, ағзаны күшейтудің қарапайым әрі тиімді жолдарын ұстануы қажет.
Күз мезгілінде тұмау, көкжөтел сияқты жұқпалы аурулар жиілейді. Әсіресе балалар мен қарттар үшін бұл сырқаттар елеусіз көрінгенімен, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
Тұмау мен көкжөтелдің қауіпі:
Тұмау – ауа арқылы тез таралатын вирус. Ол жоғары температура, бас ауруы, әлсіздік, жөтел, тамақ ауруымен көрінеді.
Көкжөтел болса, әсіресе балалар арасында жиі кездесетін, ұзақ уақытқа созылатын қатты жөтелмен сипатталады. Уақытында алдын алынбаса, өкпе және жүрек жүйесіне кері әсер етуі мүмкін.
Алдын алу – ең тиімді қорғаныс
Екі аурудың да алдын алудың ең сенімді жолы – вакцинация. Вакциналар балаларға тегін салынады. Ал ересектер жыл сайын тұмауға қарсы екпе алып отырса, маусымдық аурулардан қорғанудың тиімді деңгейін қалыптастырады.
Дұрыс тамақтану – мықты иммунитеттің кілті
Иммундық жүйенің 70% ас қорыту жүйесіне байланысты. Сондықтан тамақтану әдеті – денсаулықтың негізі екенін ұмытпаңыз.
Күнделікті ас мәзірінде мына тағамдарға ерекше көңіл бөліңіз:
- С дәрумені мол өнімдер: лимон, қарақат, болгар бұрышы
- А дәрумені: сәбіз, асқабақ, жұмыртқа
- Мырыш пен темір: ет, бауыр, қарақұмық, жаңғақ
- Су: ағзаны тазалап, барлық жүйенің жұмысын реттейді
Тәтті, майлы және фастфуд өнімдерін шектеу де маңызды. Денсаулық – өмірдің ең үлкен сыйы. Сондықтан күнделікті таза ауада серуендеп, жеткілікті ұйықтаңыз. Осылайша сіз стресс деңгейін төмендетесіз. Яғни, иммунитетті табиғи жолмен нығайтасыз. Өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарап, қарапайым алдын алу шараларын ұстансақ – тұмау мен көкжөтелдің қаупін айтарлықтай азайта аламыз.
Күзгі салқынмен бірге келген сынақтарға қарсы тұрудың кілті — иммунитетіміздің мықтылығында. Денсаулықты сақтау — тек дәрігерлердің емес, әрқайсымыздың парызымыз.
Л.Рыскулова,
Алға аудандық ауруханасының жалпы тәжірбиелік дәрігері