Лас судың салдары қандай?
Көктем мезгілі табиғаттың жаңаруымен қатар кейде алаңдататын жағдайларды да ала келеді. Күннің күрт жылынуы, қардың жаппай еруі, жауын-шашынның мол түсуі, өзен-көлдердегі мұз кептелістері – мұның бәрі су деңгейінің көтерілуіне, тіпті су тасқынына себеп болуы мүмкін. Осындай кезде тұрғындарды мазалайтын маңызды сұрақтардың бірі – су арқылы таралатын жұқпалы аурулардан қалай сақтану керек деген мәселе.
Мамандардың айтуынша, су тасқыны кезінде эпидемиологиялық жағдай күрделеніп, түрлі жұқпалы аурулардың таралу қаупі артады. Әсіресе лас су арқылы таралатын аурулар саны көбеюі мүмкін.
Олардың қатарында:
- вирустық гепатиттер,
- тырысқақ,
- іш сүзегі,
- паратиф,
- дизентерия,
- лептоспироз,
- туляремия,
- бруцеллез,
- сальмонеллез сияқты қауіпті инфекциялар бар.
- Сонымен қатар құрт аурулары мен ішек инфекциялары да су арқылы жұғуы ықтимал.
Су арқылы берілетін вирустық аурулардың ішінде энтеровирустар тобы мен гепатит А жиі кездеседі. Су тасқыны кезінде еріген қар суы мен жаңбыр суы араласып, өзен-көлдерден асып төгіледі. Соның салдарынан құдықтар мен ұңғымалардағы ауыз су қоқыс шұңқырлары, шаруашылық аулалары немесе дәретханалар арқылы ластануы мүмкін.
Тағы бір маңызды қауіп – кеміргіштер. Су тасқыны кезінде олар әдеттегі мекендерінен шығып, тұрғын үйлер мен шаруашылық ғимараттарына енуі ықтимал. Ал кеміргіштер көптеген жұқпалы және паразиттік аурулардың тасымалдаушысы екені белгілі.
Сондықтан мұндай кезеңде әрбір тұрғын қарапайым, бірақ тиімді сақтық шараларын ұстанғаны жөн:
- ішуге тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану;
- азық-түлікті сақтау және дайындау қағидаларын сақтау;
- тамаққа термиялық өңдеуден өткен азық-түлік өнімдерін қолдану;
- жеке бас гигиенасын сақтау, әсіресе жас балаларға күтім жасау кезінде тазалыққа ерекше көңіл бөлу – жұқпалы аурулардың алдын алудың маңызды жолы;
- көкөністер мен жемістерді қайнаған сумен мұқият жуу;
- Тұрғын үйлер мен аула маңын таза ұстау да қауіптің азаюына ықпал етеді.
Егер дене қызуы көтеріліп, құсу, іш өту сияқты жіті инфекциялық ауру белгілері байқалса, уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгінген дұрыс. Дәрігердің кеңесі мен дер кезінде көрсетілген көмек аурудың асқынуына жол бермейді.
Қарапайым гигиеналық талаптарды сақтау – денсаулықты қорғаудың ең тиімді жолы. Әрбір тұрғын сақтық шараларын ұстанып, санитариялық мәдениетті қалыптастырса, көктемгі су тасқыны кезеңінде туындайтын қауіптің алдын алуға толық мүмкіндік бар.
Н.Утегенов,
Алға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы