МӘМС: қандай өзгерістер енгізілді?
Еліміздің денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру жылдан жылға арта түсуде, медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыруда жақсаруда. Ультра дыбыстық зерттеу (УДЗ), компьютерлік томография (КТ) аппараттарына түсу дәрігерлердің жолдамасы арқылы жүзеге асырылады, — дейді Алға аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрболат Медеубаев.
- Нұрболат Төлепбергенұлы, бүгінгі таңда аудан тұрғындарының қанша пайызы сақтандырылған?
- Алға ауданы бойынша сақтандырылған азаматтардың саны 33 мыңнан астам адамды құрайды немесе халықтың 84,7% болады. Сонымен қатар, жоспарлы медициналық көмек көрсету, диагностикалық процедуралардан, скринингтерден, оңалтудан өту, ауруханаға жатқызу қажет болған жағдайда тұрғындардың сақтандыру мәртебесінің болмауы қиындық туғызады. Сақтандырылмаған азаматтар МӘМС пакеті бойынша медициналық көмек алуы шектелген.
— МӘМС жүйесінде қандай қызметтер тиісілі?
— Сақтандырылған адам МӘМС пакетінде медициналық көмекке кеңейтілген қолжетімділік алады. Нақтылайтын болсақ: медициналық кәсіби тексерулер; жоғары мамандандырылған дәрігерлердің қабылдауы мен консультациясы; бейінді мамандардың созылмалы ауруларды динамикалық бақылауы; пациенттердің жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек; диагностикалық қызметтер, оның ішінде зертханалық диагностика (УДЗ, рентген, КТ, МРТ); мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық, стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайдағы медициналық көмек; медициналық оңалту; стационарлық, стационарды алмастыратын және амбулаториялық жағдайларда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, МӘМС-те сақтандырылған азаматтар өздері таңдаған емханада медициналық қызмет ала алады, соның ішінде жеке клиникада да. Қажет болған жағдайда, емхананың жеке клиникамен бірлесіп орындау шартын жасау мүмкіндігі болса, пациент өз емханасынан аталған жеке клиниканың қажетті дәрігеріне кеңес алуға жолдама сұрай алады.
— Сақтандырылмаған азаматтар медициналық көмек алудан тыс қалама?
— Шұғыл түрде жүгінген әр азаматқа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша медициналық көмек беріледі. Халық денсаулығы және ҚР Денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекске сәйкес медициналық көмек көрсетудің екі пакеті бар, яғни минималды – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) базалық — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек (МӘМС).
Тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі бюджеттік қаражат есебінен Қазақстан Республикасы азаматтары мен қандастарға көрсетіледі және тиімділігі дәлелденген профилактикалық, медициналық емдеу қызметтері кіреді.
- 2024 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде төлемдер қаншалықты өзгерді?
- МӘМС жарналары мен аударымдары бойынша ставкалар өзгеріссіз қалады. Бірақ базалық есептік көрсеткіштің – ең төменгі жалақының (ЕТЖ) – жаңа мөлшерлерінің бекітілуіне байланысты төлем сомалары өзгереді.
Жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3% мөлшерінде аударымдар жүргізеді
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарты негізінде қызмет көрсететін жалдамалы жұмыскерлер мен жұмыскерлер МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2% мөлшерінде жарна төлейді.
Жеке кәсіпкерлер 1,4 еселенген Ен томенги жалакыдан дан 5% төлейді. 2024 жылы: = 5 950 теңге.
Бірыңғай жиынтық төлем кәсіпкерлік қызметті Жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асыратын бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар үшін уақытша 5 жылға (2019 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін) енгізілді. Тиісінше, 2024 жылы Бірынгай жиынтық төлем болмайды.
Дербес төлеушілер үшін жарналардың мөлшері мына формула бойынша есептеледі: 5% * 1 ЕТЖ = 4 250 теңге.
— МӘМС үшін ақша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі ме?
— Көптеген адамдар МӘМС төлемдері Қорға түседі және ол қаражатқа өз қалауы бойынша жұмсайды деп қателеседі. Жарналар мен аударымдар Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіндегі арнайы шотқа түседі (яғни, тікелей Қорға емес), олар басқа мақсаттарға жұмсалынбайды.
— Жарналар қайда кетеді?
— Ұлттық банктегі арнайы шоттан бұл қаражат медициналық ұйымдарға – Қордың жеткізушілеріне – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтерге төлем ретінде жіберіледі. Яғни, сақтандырылған азаматтар МӘМС тізбесіне енгізілген барлық қажетті медициналық көмекті денсаулық көрсеткіштері бойынша тегін алады, олар үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді.
— Егер мен медициналық көмекке жүгінбесем, жарналарымды шешіп ала аламын ба?
— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе емес, баршаға ортақ жүйе. Қазақстандық модель пациентке денсаулық жағдайы бойынша талап етілетін емнің көлемі мен құнын шектемеу үшін әлеуметтік бағдарланған түрде құрылды.
Мысалда қарастырайық. Бір жыл ішінде өзін өзі қамтыған азамат ретінде 1 адам ай сайын төлем жасаса (айына 4250 теңгеден) бір жылға 51 мың теңге жинайды. Бұл қаражат дербес шотта жиналып, пациент оларды өз қалауы бойынша емделу үшін пайдалана алады деп есептейік. Бірақ бұл сомаға ол шектеулі мөлшерде ғана ем ала алады.
Тек стандартты сынақтар жиынтығы, гормондарды, инфекциялардың болуын тексеру үшін бірнеше ондаған мың қажет. Егер ультрадыбыстық, кардиограмма, КТ/МРТ және басқа аспаптық диагностика қажет болса ше? Яғни бір жыл ішінде жинақталған жарналар диагноз қою үшін толық тексеруден өтуге де жеткіліксіз болуы мүмкін. Сонымен қатар күндізгі стационарға бару немесе тәулік бойы ауруханаға жату қажет болуы мүмкін.
Егер ота жасалатын болса, олардың құны бірнеше миллион теңгеге жетуі мүмкін, онда пациент жай ғана медициналық көмексіз қалады. Жиналған қаражат емделуге кететін шығынды жабуға жетпейді. Сондықтан бұл тәсіл пациенттің өзіне тиімсіз.
Сондықтан, МӘМС жүйесінің отандық моделінде барлық қаражат Ұлттық банктегі бірыңғай арнайы шотқа түседі. Ал сол жерден қаражат төлеушінің санатына және төлеген жарналардың мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған азаматтарға МӘМС бойынша көрсетілген медициналық көмек үшін төленеді.
Ауыл тұрғындарыда аталған жүйенің игілігін көріп келеді. Солардың бірі – аудан тұрғыны Асқарқызы Әния (аты-жөні өзгертілді) сол жақ бүйрегі ауырып, аудандық ауруханасына тексеруге келді. Барлық талдауларды тапсырып, дәрігердін жолдамасымен КТ қызметін Ақтөбе қаласының ауруханасынан өтті.
«Былтыр денсаулығым сыр беріп Ақтөбеде тексерулерді ақылы түрінде өттім. Жағдайым жақсарғасын емімді жалғастырмадым. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде мен сақтандырылмаған едім. Жергілікті дәрігер маған МӘМС-тың мүмкіндіктері мен артықшылықтарын түсіндірді. Бір жыл алға жарна төлеуді жөн көрдім. Медициналық сақтандырудың арқасында қазір маған қымбат зерттеулер, дәрігерлердің қабылдауы мен консультациясы, күндізгі стационарда ем алу қол жетімді», — дейді Асқарқызы Әния.
— Тұрғындарымыз МӘМС-тегі өздерінің мәртебесін қалай тексере алады?
— Әрбір азаматқа DamuMed мобильді қосымшасының пайдаланушылары үшін сақтандыру мәртебесі туралы ақпарат қол жетімді. Сондай-ақ, сақтандыру мәртебесі туралы ақпаратты www.fms.kz Қордың сайтынан немесе https://t.me/SaqtandyryBot сілтеме бойынша арна жеделхатына, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы алуға болады.
Сұхбатыңызға рақмет.
Әңгімелескен Марал Жалғасқызы