МӘМС ЖҮЙЕСІ: ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАУДАҒЫ НЕГІЗГІ ҚАДАМ
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі 2020 жылдан бері іске асуда және бүгінгі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың негізгі тетігіне айналып отыр. МӘМС — әрбір азаматтың сапалы және қолжетімді медициналық көмек алуына мүмкіндік беретін әлеуметтік модель. Аудандық аурухана мамандары осы жүйенің маңызын, артықшылықтарын және тұрғындар үшін беретін нақты мүмкіндіктерін түсіндіруді жөн санайды.
МӘМС дегеніміз не?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) — барлық азаматтардың ортақ қорға жарна төлеу арқылы медициналық қызметтерді кепілді көлемнен кеңейтілген түрде алуына мүмкіндік беретін жүйе. Яғни азамат белгілі бір ай сайынғы жарна немесе төлем жасап, қажет кезде тегін әрі сапалы медициналық көмекке ие бола алады.
МӘМС қандай қызметтерді қамтиды?
МӘМС пакетіне халыққа қажетті көптеген кеңейтілген медициналық қызметтер кіреді, соның ішінде:
- Тереңдетілген зертханалық және диагностикалық тексерулер
(ҚҚ, гормондар, УДЗ, рентген, МРТ, КТ және т.б.);
- Созылмалы ауруларды диспансерлік бақылау;
- Дәрігер-мамандардың қабылдауы
(эндокринолог, гинеколог, кардиолог, невропатолог және т.б.);
- Жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу және ем алу;
- Реабилитациялық көмек және физиотерапия;
- Жүктілікті жүргізу, әйел денсаулығын бақылау;
- Балаларға көрсетілетін кеңейтілген медициналық қызметтер.
Бұл қызметтерді азамат өз қаражатымен төлемей, сақтандырылған мәртебесінің негізінде алады.
МӘМС-ке жарнаны кім төлейді?
Азаматтың әлеуметтік статусына байланысты жарнаны әртүрлі көздер төлейді:
- Жұмыс істейтін азаматтар жалақысының белгілі пайызын аударады;
- Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін жарна төлейді;
- Мемлекет әлеуметтік осал топтар үшін жарна аударып отырады
(балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, көпбалалы аналар және т.б.);
- Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке кәсіпкерлер белгіленген тәртіппен өздері төлейді.
Неліктен сақтандырылған болу маңызды?
Сақтандырылған мәртебесі жоқ азамат тек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін (ТМККК) ғана алады. Бұл тек шұғыл жағдайларға қатысты.
Ал сақтандырылған азамат:
- кез келген маманға жолдама арқылы көріне алады;
- қымбат зерттеулерді тегін өтеді (МРТ, КТ, анализдер);
- жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылады;
- қымбат ем-шараларды төлемей алады;
- дәрігерлік бақылауды үзбей жүргізе алады.
Алға ауданында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша халық арасында түсіндіру, ақпараттандыру және профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – әр тұрғынның сақтандыру мәртебесін реттеп, сапалы медициналық көмекті толық көлемде алуына жағдай жасау.
Аудандық аурухана не ұсынады?
Ауруханамызда МӘМС аясында келесі қызметтер көрсетіледі:
- Терапевт, хирург, кардиолог, эндокринолог, гинеколог, ЛОР, невропатолог қабылдауы;
- Лабораториялық және құралдық диагностика;
- Жоспарлы және шұғыл емдеу;
- Диспансерлік тіркеу және бақылау;
- Әйелдер консультациясы;
- Балалар дәрігерлері қызметі;
- Физиотерапия және реабилитация бөлімшесі.
Тұрғындарға тіркелу, сақтандыру мәртебесін тексеру, қажетті зерттеулерге жолдама беру қызметтері күнделікті жүргізіледі.
Қалай сақтандырылуға болады?
Сақтандыру мәртебеңізді «Egov», «Qoldau 24/7» және fms.kz порталдары арқылы тексеруге болады. Егер мәртебе «сақтандырылмаған» болып шықса, бірнеше жолмен оңай төлеуге болады:
- Kaspi/Kaspi QR;
- Egov төлемдер бөлімі;
- Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы.
Аудандағы сақтандырылмаған тұрғындар саны
2025 жылдың есептік кезеңі бойынша Алға ауданы аумағында 6817 адам «сақтандырылмаған» мәртебесінде тіркелген. Бұл көрсеткіш жүйелі ақпараттық және түсіндіру шараларын күшейтуді қажет етеді.
МӘМС жүйесінің маңызымен халықты ақпараттандыру мақсатында Алға аудандық ауруханасының мамандары және алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары кең ауқымды жұмыстар атқарды:
- 9 семинар-түсіндіру кездесуі өткізіліп, оған 2 943 адам қамтылды;
- 2 дөңгелек үстел ұйымдастырылып, 65 тұрғын тікелей қатысты;
- Халыққа таратылған ақпараттық қағаздар саны – 9 864 дана.
Бұл іс-шаралар барысында азаматтарға МӘМС жүйесінің артықшылықтары, сақтандырылмаған мәртебенің салдары, жарналарды төлеу тәртібі, «Qoldau 24/7», «Egov» және fms.kz платформаларында мәртебені тексеру жолдары түсіндірілді.
Аудандық аурухана мамандары МӘМС бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын әрі қарай жалғастырады. Біздің негізгі мақсат — Алға ауданының әр азаматының толық және сапалы медициналық қызметке қол жеткізуіне жағдай жасау.
Сержан Жанахметұлы,
Алға аудандық ауруханасының басшысы