Қоғамдық кеңес

Маңызды мәселелер қаралды

 Аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Алға қаласы әкімдігінің өткен он айындағы атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы мәселе қаралды. Тағы бір қаралған мәселе аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің де жұмысы тыңдалды.

Қала бойынша атқарылып жатқан ауқымды істер кез келген алғалықтың көз алдында. Жасалынып жатқан жақсы шаруалар жеткілікті. Көше жолдары, жаяу жүргінші жолдары біраз қалпына келтірілді.

Әрине, арасында кетіп жатқан кемшіліктер де қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан тыс қалған жоқ. Жүргіншілер жолының кей тұстары ойлы-қырлы екені баса айтылды. Көше жарықтары, жеке малдың бағылуы, қаңғыбас иттер жағдайы, тағы да басқа өзекті мәселелер түгел қамтылды.

Қала мәселесі бойынша баяндама жасаған қала әкімінің орынбасары Данияр Аппазов қоғамдық кеңес мүшелері көрсеткен ұсыныстарды қойын дәптеріне түртіп алды.

Тағы бір үлкен мекеменің — аудандық мәдениет бөлімінің де жұмысы талқыланды. Бұрынғыдай емес, қазір мәдениет саласына жақсы көңіл бөліне бастады. Өтетін іс-шаралардың да жүлде қорлары қатысушыларға серпін сыйлайды.

Алайда салаға келген жаңа басшы Баймұрат Жаналинге біраз ұсыныстар айтылды. Маңдайшалар мен жарнамалардың тіліне назар аудару, әлі ресми бекітілмеген латын әліпбиін тықпалай бермей, бірізділікке көшіру туралы сөз қозғалды.

Сондай-ақ аудан деңгейінде өтетін мәдени шаралардың маңыздылығын арттыру, өнер мәдениетіне баса назар аудару туралы ұсыныстар түсті.

«Өнер саласын жайлап алған дәм-тұзсыз «әндерге», мысалы, « Розовый синтезатор», «Көк жигули», жергілікті жерден-ақ тосқауыл қоюға болатыны, ол үшін ескі әндерді, ретро әндерді насихаттау қажет. Сол кездегі ұрпақтың көзі тірісінде ол әндер жандануы тиіс» деген пікірді кеңес мүшесі Шара Елеусіз қосты. Қоғамдық кеңес мүшелері ұсынысты оң қабылдады. Алдағы уақытта бұл ұсынысты жаңа басшы назарда ұстайды деп ойлаймыз.

Қоғамдық кеңес мүшелері бұл отырысқа белсенділікпен қатысып, көптеген ағымдағы мәселелерді нақтылады. Кеңес жұмысын «сыныптан тыс жұмыс» тәрізді қарамай, жергілікті басшылық та назар аударып отырса құба-құп.

Қуандық САПАРОВ,

қоғамдық кеңес хатшысы