МАРЖАНБҰЛАҚТА ЖАҢА АМБУЛАТОРИЯ

Мемлекет меншігіне заңсыз иеленген қаражаттарды қайтару бағытында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде прокуратурамен қайтарылған активтер есебінен Ақтөбе облысы аумағында 12 әлеуметтік нысанның құрылысы басталып, денсаулық сақтау саласына 4 объект салынып, халық игілігіне берілді. Бұл бастама ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, қайтарылған активтерді қоғам игілігіне, оның ішінде білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ауылдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Маржанбұлақ ауылында жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.  Бұл – ауданымыз үшін, оның ішінде аталмыш ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Заманауи талаптарға сай салынған дәрігерлік амбулатория тәулігіне 45 адамды қабылдай алады. Жаңа нысанда 2 қызмет көрсету учаскесі, соған сай 2 дәрігер және 10 медициналық қызметкер қызмет көрсетеді.

Ауыл тұрғындары енді денсаулықтарын аудан орталығына немесе қалаға бармай-ақ, жақын жерден тексертіп, сапалы ем-дом ала алады. Салтанатты жиын барысында тұрғындар халыққа ең қажетті нысанның ашылғанына ризашылықтарын білдірді. Амбулатория соңғы үлгідегі техникамен және құрал-жабдықтармен жабдықталған, келушілерге барлық жағдай жасалған. Амбулаторияда сонымен бірге балаларға арналған дамытушылық, тірек-қимылды түзейтін құралдармен жабдықталған арнайы кабинет те бар.

Ашылу салтанатына Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Айбек Тағыберген, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев, Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншәлиев, Алға ауданының прокуроры Нұрбек Тұрышов және аудандық аурухананың басшысы Сержан Жанахметов қатысып, ауыл тұрғындарын атаулы оқиғамен құттықтады.  Сондай-ақ, маңызды шарада Маржанбұлақ ауылының бетке ұстар, елге сыйлы ақ сақалды аталары мен ақ жаулықты әжелері бата беріп, шашу шашып, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Ал ауданымыздың өнерпаздары болса өнерлерін паш етіп, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

P.S.: «Ұлт саулығы – ел болашағы» демекші, денсаулық саласын жандандыру халық қажеттіліктерінің ең маңызды мәселелерінің бірі. Дені сау халқы бар мемлекет қашан да биік жетістіктерге жетері анық. Олай болса, дәл осындай пайдалы бастамалар елімізде көбейе берсін!

Марал САНДЫБАЙ