Медианың басты капиталы: шынайылық пен әділдік

Қазіргі тосын оқиғаларға толы аласапыран заманда бұрынғымен салыстырғанда уақыттың тез өтіп жатқандығы туралы түрлі деректерге сүйенген болжамдар айтылуда. Оны жоққа шығара да алмаймыз. Әйтеуір таң атса, әп-сәтте ымырт үйіріле қалатынына куәміз. Тынымсыз тірлік қамымен ертелі-кеш зыр жүгіріп, мұрнына су жетпей жүрген адамдар да көшкен селдей, ескен желдей белгісіз бір бағыттарға асығыс адымдап бара жатқандарын бағамдау қиын емес. Демек, әмірші Уақыт өз дегенін істеп, жер үстіндегі барша адамзат баласына жаңаша өмір сүру дағдысын ұсынып отыр деген сөз. Қоғам дамуынан тысқары қалмау-өмір заңдылығы.

Осы орайда, сан ғасырлар бойы алаш арысы Ахаң, Ахмет Байтұрсынов: «Газет-халықтың көзі мен құлағы» деп айтып кеткеніндей, бүгінгі тасқындаған ағынды ақпараттар кезеңінде қазіргі БАҚ өзінің бұқаралық сипатын жоғалтып алған жоқ па? Талапқа сай талпыныс бар ма?, — деген сауалдар кім-кімді де бей-жәй қалдырмаса керек. Буырқанған өмір айдынының алапат толқындары жолындағысын жайпап, әлсіздерді әрі итеріп, жаңқадай жағаға лақтырып тастаудан дүзі жанбайды. Ол аз десеңіз, ғасыр жаңалығы-жасанды интеллект баса көктеп төрімізге озды. Алғашында «жер астынан жік шыққан» бұл не өзі деп аздап тіксінгенбіз. Бірте-бірте оған да бойымыз үйрене бастады. Неге десеңіз, дамыған елдер жаңалықты жатсынбай, бірден қабылдап, барлық салада «құл темірдің» игілігін көре бастады. «Жаңа Қазақстан» да шұғыл шешімге келіп, жаңа технологияны игеруге қызу кірісіп кетті. Осындай дәуірлер алмасқан өліара кезеңде журналистердің атқарар миссиясы қандай? Бұл жөнінде жуырда Астана қаласында өткен «ACTANA MEDIA WEEK 2025» форумында жан-жақты талқыланды.

БАҚ-тан оқып білгеніміздей, онда бүгінгі журналист ақпарат таратушы ғана емес, жаңа технологияны жетік меңгерген медиа-сарапшы, деректерге терең талдау жасай алатын контент-креатор болу қажеттігі баса айтылды. Ал, мұның өзі кәсіби біліктілікті шыңдау, басылымды жаңа форматқа көшіру, қазіргі заман талабына сай журналистиканың аясын кеңейтіп, энергетика, цифрлық экономика, экология сияқты күрделі тақырыптарға батыл қалам тербеу міндеттерін алға тартады.  Осыған біздің журналистеріміз дайын ба? Бұрынғыдай   іс-сапармен елді-мекендерді, шаруашылықтарды, астықты алқаптарды апталап аралап, негізінен бірыңғай мадақтаудан тұратын сала құлаш материалдар жазып, қомақты қаламақысын қалтаға басатын беймарал заман келмеске кеткен сияқты. Ондай «өтірікке» көзі қарақты, өзіндік ойы бар талғампаз оқырманды сендіру қиын.

Қазір заман да, талғам мен талап та басқа. Соңғы жылдары БАҚ-тың өгей баласындай әлем-жәлем әлеуметтік желілер де қарынға жабысқан талақтай тайраңдап, бәсекелестікке өріс ашып отыр. Адамнан ұят, сөзден қуат кеткен кезде сондай жолбикелердің жолы болып тұр десек артық айтқандық емес. Өйткені олардың билікке қарсы әйтеуір «тисе-терекке, тимесе-бұтаққа» деп сыртынан тон пішіп айтқан сөздері кейбіреулерге майдай жағады. Оларға:» мұның қате, алауыздықты өршітіп, ел ішін алатайдай бүлдірме» деуге заңымыз солқылдақ.   Ақшаның буына семіріп, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын ондай ынсапсыздарды дер кезінде жөнге салу қиын болып тұр. «Бейбақ көнді, бетбақ жеңді» дегендей блогер деген беті бүлк етпей, оқиғаны «қиыннан қиыстыратын», даулы мәселелерді қорқытып-үркітіп өздері шешуге тырысатын қоғам белсенділері де өздерін-өздері тұлға санайды. Соның бәрі, салалық, отандық журналистиканың беделіне нұқсан келтіруде.

Жоғарыда айтылған аталмыш форум барысында білікті медиа мамандар редакторлар мен цифрлық технология сарапшылары тарапынан журналистиканың жаңа кезеңдегі беталыс бағыты, жасанды интеллектіні асқан сақтықпен, тиімді пайдалану тұрғысынындағы журналист жауапкершілігі, отандық медианың даму келешегі туралы келелі ойлар, сындарлы пікірлер айтылды. Яғни, барлық салаға дендей енген ЖИ-дің артықшылығын жоққа шығаруға болмайды. Ол тілалғыш темірің уақытты, қаржыны үнемдеуге де оң ықпал етеді. Тіпті газетті безендіру, сапалы бейне материалдар ұсынуға да біраз машықтанып алған ЖИ болашақта осы уақытқа дейін қолдарына қалам ұстап, нәпақаларын тауып келген журналистерді БАҚ кеңістігінен ығыстырып шығара ма деген қауіп те жоқ емес. Бірақ қалай дегенде де адамның ақыл ойы, сана-сезімі бәрінен жоғары тұруы керек. Журналистті ЖИ емес, ЖИ-ді журналист бақылауда ұстауы тиіс. Өйткені ЖИ ұсынған материалы үшін мойнына жауапкершілік алмайды. Тіпті «мынауың жалған, шындыққа жанаспайды», — деп құлтемірмен соттаса да алмайсың. Ал, кәсіби журналист жазғанына өзі жауап береді. Сондықтан ЖИ дайындаған материалдар білікті, кәсіби журналистердің сүзгісінен өтуі тиіс.

Сайып келгенде, «сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегендей уақыт тынысын сезінген медиа кеңістік жаңа арнаға бет бұрды. Алдағы он жылдықта баспасөздің басым бағыты қандай болмақ, оқырманды жалықтыратын бір сарындылықтан қалай құтыламыз, мәдениетті медиаэтиканы қалай қалыптастырамыз?, — деген сауалдар да форумға қатысушыларды біраз толғантты. Айтылған пікірлер мен ұсыныстар да сан алуан. Ең бастысы, шынайылық, заңдылық және ашықтық үш тағаны салтанат құрған жағдайда БАҚ-тың бағы жанар еді деген ортақ тұжырымға келді. Өйткені толассыз ақпараттар тасқынының астында қалған оқырмандар хабарламаларды қабылдап үлгермей жатыр. Басылым бетіндегі, эфирдегі, әлеуметтік желілердегі хабарлардың қайсысы дұрыс, жалғаны мен шынайысын анықтайтын қабілеттен, иммунитеттен айырылып қалған оқырмандар пұшайман күй кешуде. Бұған кімді кінәлаймыз?

Осы орайда, алдының ғасырға жуық тарихы бар жергілікті басылымдардың да қазіргі жай-күйі алаңдатады. Материалдық-техникалық базалары ескірген, журналистері қалт-құлт етіп, ойдағыдай жалақыға жарымай, күн көріп отырған газет редакциялары жаңа уақыт талабына жауап береді деп айта алмаймыз. Мүмкіндігіне қарай журналистердің әлеуметтік жағдайларын жақсартып, содан соң сапалы жұмыс талап еткен дұрыс деп ойлаймын. Өйткені кәсіби шыңдалған, өз-өзіне сенімді, қаламгерлер аз жалақыны місе тұтпай, ұлттық компанияларға қызмет ауыстырып кетіп жатқандары жасырын емес. Журналистикаға кездейсоқ келгендер де ілініп-салынып, кеңейтілген хабар жазумен шектеліп жүріп жатқан жайлары бар. Мұндай өгіз аяңмен желдей жүйткіген уақыт көшіне ілесе алмасымыз белгілі. Сонда қайтпек керек?

Ең алдымен журналист мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарына қатаң талап қою қажет. Журналистиканың иісі мұрынына бармайтын дипломды жас мамандарды кадр тапшылығына байланысты амалсыздан қызметке   қабылдағанда біраз қиналып қалатынымыз рас. Сондықтан журналистердің кәсіби біліктіліктерін арттыру үшін мақсатты семинарлар мен медиа форумдарды жүйелі түрде ұйымдастырып тұрса-нұр үстіне нұр. Сондай-ақ, көкірегі көмбеге толы ардагер журналистердің іс-тәжірибелерін таратып, жас журналистерге тәлімгер етіп бекітіп, жолға салып, бағыттап жіберсе-одан әрі алып кету жас тілшінің бойындағы таланты мен талабына байланысты дер едік.

Әрине, БАҚ Ел Президенті мен Мемлекетіміздің ұстанған саясатын халыққа жеткізетін, насихаттайтын алтын көпір іспетті. Сондықтан белгіленген тақырыптарды қамтып, заң шеңберінде мемлекеттік тапсырысты орындайды. Соған байланысты көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті мәселелерге кейде орын болмай қалып, оқырмандардың орынды ренішін туғызады. Бұл да бір ойланатын мәселе. Баспасөзге жазылудың төңірегінде де біраз проблема бар. Пошта байланысы ешқандай сын көтермейді. Көбіне-көп газет қызметкерлері аяқтай жүріп, мерзімді баспасөзге жаздыруды өздері ұйымдастырады. Таныстарына: «көп болса бір дөнердің бағасы ғой,  аудан айнасына жазылсаңдаршы»,-деп саудаласып жүрген жоғары білімді журналистерге жаның ашиды. Кабинетінде отырып, мақаласын жазатын журналисті көшеге сенделтіп қойған қайбір жетіскендіктен дейсің?

Мақаламызды Парламент Сенатының депутаты, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбайдың Астанада өткен медиа форумда сөйлеген сөзімен түйіндесек:

-Бүгінгі ақпарат кеңістігіндегі бағыт-бағдар медиаэтикадан басталады. Шынайылық пен әділдік-медианың басты капиталы. Егер журналистика осы құндылықтардан алыстаса, қоғамның сенімі де әлсірейді. Сондықтан сала қаншалықты қарқынды дамыса да, журналистке тән этика құндылығы жоғалмауы қажет.

                                                                  Рашит ҚҰСАЙЫНОВ