Мейірбике — мейірім иесі
Мейірбике – науқастың саулығына дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарайтын денсаулық жанашырының бірі десек те болады. Мереке қарсаңында ақ халаттылардың айнымас серігіне айналып, науқастардың дертіне дауа дарытуға атсалысып жүрген денсаулық сақшысының бірі – Ұмсындық Нургалиеваның еңбегін ерекше атауға болады. Мереке қарсаңында тәжірибелі мейірбикемен тілдесудің реті келіп, әңгімеге тарттық…
- Мен 1968 жылы Алға ауданындағы Еркінкүш ауылында дүниеге келдім. 1985 жылы Алға аудандық медициналық училищесінде мейірбике ісі саласында білім алдым. Еңбек жолымды 1988 жылы Алға аудандық ауруханасының балалар бөлімінде мейірбике болып бастадым. Кейін 1996 жылы хирургия бөлімінің реанимация кереуетінің палаталық мейірбекесі болып қызмет еттім. 2009 жылдан бастап бүгінге дейін ота бөлемінің анестезистік мейірбикесі болып жұмыс жасаймын, — деді Ұмсындық апай.
Емдеу барысында мейірбикелер емделушілермен тығыз байланыста болғасын денсаулық сақтау саласында қызмет көрсетудің сапасы көбінесе мейірбикелердің жұмысына байланысты бағаланады. Осы салада Ұмсындық Нургалиеваның тер төккеніне 36 жылдан астам уақыт болған. Бүгінде өз ісінің шебері десек қате болмас
- Медициналық училищені бітіргеннен кейін бірден оталық медбике мамандығын алып шықпайсың. Қажетті тәжірибе жинақтау керек. Содан кейін қайта даярлаудан өтуге міндеттіміз. Бір қарағанда медбикенің жұмысы оңай болып көрінуі мүмкін. Алайда жұмысымыздың өзіндік қызықтары мен қиындықтары жетерлік. Осы салада бірнеше уақыттан бері қызмет еткесін болар, жұмыс қиынға соқпайды. Басшылық тарапынан үнемі қолдау көрсетіледі, – деді Ұмсындық Абдуахитовна.
Өзінен кейінгі жас мамандарға білгенін үйретіп, кәсіби біліктілігін арттырып келе жатқан өз ісінің майталманы Ұмсындық Нургалиева – отбасында сүйікті жар, аяулы ана, мейірімді әже. Жан жары Берік Нургалиевпен бірге екі ер баланы дүниеге әкеліп, өсіріп-тәрбиеледі. Бүгінде ата-ана бақытына бөленген Берік ағай мен Ұмсындық апай ұлын ұяға қондырып, төрт немере сүйіп отыр. Бақытын отбасынан, сүйікті мамандығынан тапқан Ұмсындық Нургалиеваның ендігі арманы – жолдасымен тең отырып, бейнетінің зейнетін көріп, балалары мен немерелерінің сүйіспеншілігіне бөлену.
Мәншүк САПАРОВА