Мектеп пен ата-ананың ортақ мақсаты – бала тәрбиесі
Жаңа 2025–2026 оқу жылы қарсаңында В.И.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінде ата-аналар комитетінің алғашқы отырысы өтті. Бұл жиын – тек формалды кездесу емес, мектеп пен ата-аналардың өзара сенімді қарым-қатынасын нығайтудың айқын қадамы болды.
Отырыста мектеп директоры, сынып жетекшілер мен ата-аналар комитетінің мүшелері бас қосып, жаңа оқу жылындағы басты бағыттарды айқындады. Жиналыстың күн тәртібі мазмұнды әрі ауқымды болды: мектептің оқу-тәрбие жоспары таныстырылды, ата-аналар комитетінің төрағасы сайланды, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асырудың жолдары талқыланды.
Жиналыстың басты мақсаты – жаңа оқу жылындағы тәрбие және білім беру бағытындағы жұмыстарды үйлестіру, ата-аналар мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайту болды.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер:
- 2025–2026 оқу жылына арналған мектептің оқу-тәрбие жоспары;
- Мектеп пен ата-аналар комитетінің ынтымақтастығын арттырудың жолдары туралы.
- Мектеп ата-аналар комитетінің қызметін үйлестірудің ерекшеліктері туралы.
- Мектеп ата-аналар комитетінің төрағасы мен алқасын сайлау.
- «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын бірлесіп іске асыратын жағымды орта қалыптастыру
Жиналыс барысында ата-аналар өз ұсыныстарын ортаға салып, мектеп өміріне белсене араласуға дайын екендіктерін білдірді. Әсіресе, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мектептегі үйірмелер мен секциялардың жұмысын жандандыру, оқушылар арасында киберқауіпсіздік пен құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері талқыланды.
Комитет мүшелері жаңа оқу жылында мектеппен бірлесіп түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастыруға, қайырымдылық акцияларына қолдау көрсетуге, оқушылардың сапалы білім алуы үшін жағдай жасауға ниетті екенін жеткізді.
Бүгінгі ата-аналар – мектептің белсенді серіктесі. Ал мұндай ынтымақтастық – болашақ ұрпақтың саналы, білімді әрі отансүйгіш азамат болып қалыптасуына жол ашады.
Осылайша, ата-аналар комитетінің алғашқы отырысы жемісті өтіп, мектеп пен ата-ана арасындағы серіктестікке жаңа серпін берді.
А.Таскинбаева,
директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары