«Мектепке жол» акциясы

Қамқорлық пен қолдау

  Жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде дәстүрлі түрде өтетін «Мектепке жол» республикалық акциясы — қоғамдағы ізгілік пен жанашырлықтың айқын көрінісі. Бұл бастама жыл сайын мыңдаған баланың жүзінде қуаныш ұялатып, ата-аналардың жүрегіне үміт отын жағуда. Биыл да Қарақұдық ауылдық округінде бұл игі шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

 Акция аясында Қарақұдық ауылдық округінің әкімі Жанболат Барзақов әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға мектеп сөмкелері мен оқу құралдарын табыстады. Бұл — тек материалдық көмек емес, бала жүрегіне сенім мен шабыт ұялатқан мейірімді қадам болды. Жаңа сөмке, жаңа дәптер, жаңа қалам — әр бала үшін білім әлеміне жасалған алғашқы қадамның нышаны.

Игі іске мектеп ұжымы да белсене атсалысты. Ұстаздар қауымы өз оқушыларына деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығын іс жүзінде көрсетті. Әрбір мұғалімнің баланың жағдайына бейжай қарамай, қолынан келгенше көмек көрсетуі – нағыз ұстаздықтың үлгісі.

Қарақұдық ауылдық округінің әкімдігі мен мектеп ұжымы бірігіп атқарған бұл жұмыс ауылдағы бірлік пен өзара қолдаудың жарқын мысалына айналды. Ата-аналар алғыстарын білдіріп, осындай шаралардың балаларға үлкен рухани серпін беретінін атап өтті.

«Мектепке жол» акциясы – тек көмек көрсету емес, қоғамның рухани бірлігін нығайтатын, «жақсылық жасау – парыз» деген қағиданы өмірмен ұштастыратын ерекше дәстүр.

Г.Костанова,

Тікқайың негізгі мектебінің директоры