«Мектепке жол» – ізгілікті істерге жол ашады
Тоқмансай негізгі мектебінде жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы өткізілді. Биылғы акция «Жақсылық жаса – балаға қуаныш сыйла!» ұранымен ұйымдастырылып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына көмек көрсетуге бағытталды.
Акция аясында мектептің әлеуметтік педагогы мен сынып жетекшілері аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың тұрмыс жағдайын анықтап, оқу жылына дайындық кезінде қажетті материалдық көмек көрсетті. Ата-аналар мен ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жергілікті кәсіпкерлер мен демеушілер белсенділік танытты.
Нәтижесінде толық емес отбасынан шыққан 2-сынып оқушысына мектеп сөмкесі мен оқу құралдары табыс етілді. Сонымен қатар, мектебіміздің психологы Э.Қ Нурмагамбетова, әлеуметтік педагогы У.А.Муханова тарапынан 10000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.
Акцияға «Тоқмансай МП» медбикесі Алдонгарова Сабира кіші қызметкер Изтлеуова Айгүл демеушілік көрсетті. 1- 4 сынып оқушыларына оқу құралдарын алып берді.Акцияға ат салысқан демеушілерімізге алғысымыз шексіз.
Мектеп ұжымы мен ата-аналар қауымдастығының бірлескен еңбегі арқылы акция аясында балаларға қуаныш пен үміт сыйланды. «Мектепке жол» – мейірім мен қамқорлықтың айғағы болып, қоғамда ізгі істердің көбеюіне себепші болуда.
Қайырымдылық жасау — игіліктің нышаны. Ізгі, мейірімді жан болу арқылы адамдарға жақсылық жасау, соның ішінде балаларға қуаныш сыйлаудан артық ештеңе жоқ деп есептейміз. Мейірімді болуға асығайық!
У.А.Муханова
“Тоқмансай негізгі мектебі” КММ
әлеуметтік педагогы