«Мектепке жол» – мейірімділікке бастайтын ортақ жол
«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы – жыл бойы жалғасын табатын ізгі бастама. Оның мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерді мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, білім алуына тең мүмкіндік жасау.
Әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңында көптеген азаматтар осы игі іске үн қосып, оқушыларды киім-кешекпен және оқу құралдарымен қамтуға ниет білдіреді. Бұл – балалардың мектепке қуанышпен баруына себеп болатын мейірімді қадам.
Алға ауданында да осындай жанашыр жандардың көмегімен бірнеше балаға қолдау көрсетілді. Хазрет Мұхаммедқазы Меңдіқұлұлы мешіті 4 оқушыға сөмке мен оқу құралдарын сыйға тартса, №1 Алға мектеп-бақшасының ұстаздары 6 оқушыны толық киім-кешекпен қамтамасыз етіп, жалпы сомасы 172 мың теңгеге көмек көрсетті.
Бұл әрекеттер – жай ғана материалдық қолдау емес, қоғамдағы жанашырлық пен бірліктің айқын белгісі. Әрбір жасалған қайырымдылық балалардың ертеңгі күнге деген сенімін арттырып, оқуға деген ынтасын күшейтеді.
«Мектепке жол» акциясы – болашаққа бастайтын ортақ жол. Себебі балаға жасалған қамқорлық – елдің ертеңіне жасалған қамқорлық.
И.К.Кдыралиева,
«№1 Алға мектеп-бақшасы» КММ
әлеуметтік педагогі