Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі

Қымбатты отандастар!

Бүгін «Тазару күніне» орай еліміздің әр түкпірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңіне жол ашатын ауқымды экологиялық акция басталды.

Бұл – Наурызнама онкүндігінде айрықша орын алатын күн. Қоғамымыздың жаңғыруы күллі табиғаттың жаңаруымен тұспа-тұс келіп отыр. Уақыт пен іргелі өзгерістердің осылай үндесуі баршамызға Отанымыздың игілігі жолында аянбай еңбек етуге айрықша күш-жігер беретіні сөзсіз.

Республика аумағында «Мөлдір бұлақ» бастамасын жаппай жүзеге асыру қолға алынды. Бұл жоба аясында бұлақтардың көзін ашып, тал егу, жағалаулар мен су айдындарын, аулалар мен саябақтарды тазалау жұмыстары жалғаса береді.

Наурыз мейрамы кезінде қабылданған Жаңа Халық Конституциясында азаматтарымыздың табиғатқа қамқорлықпен қарауы ұлттық дүниетанымымыздың басты қағидатының бірі ретінде айқындалған.

Жаңа Халық Конституциясы ел бірлігінің арқауы, рухани және құқықтық бағдарымыз әрі Тәуелсіздігіміздің мызғымас тұғыры болатыны күмәнсіз.

Ата заңымыз қоғамда дүниетанымымыз бен бітім-болмысымыздың өзегі саналатын ынтымақ, жауапты әрі жасампаз отаншылдық, сондай-ақ «Таза Қазақстан» құндылықтарын қалыптастырады.

«Таза Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасының түпкі мәні көшелерді, аулаларды және айналамызды таза ұстаудан ғана емес, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бастайтын ниет пен пейілдің тазалығынан көрініс табады.

Отандастарымызды Тазару күнімен құттықтаймын!

Қазір табиғат игіліктерін ұқыпты пайдалану және саналы тұтыну жолын таңдаған азаматтарымыздың саны артып келеді. Бұл – жарқын болашағымызға кепіл болатын игі үрдіс.

Мен бүкіл халқымызды тазалық пен тәртіп эстафетасына белсене қатысуға шақырамын.

Бәріміз күш біріктірсек, елімізді биік белестерге жетелеп, Әділетті, Таза, Өркендеген Қазақстанды құра аламыз.

Баршаңызға амандық және бақ-береке тілеймін!

t.me/aqorda_resmi