Мемлекеттік қызметтегі жаңа өзгерістер

 Бүгінгі жаһандану дәуірінде әр мемлекет халыққа тиімді қызмет көрсетуді басты мақсат етіп отыр. Өйткені мемлекеттік қызметтің сапасы – елдің даму деңгейін айқындайтын басты өлшемдердің бірі. Қазақстан да бұл бағытта батыл қадам жасап, жаңа талаптар мен өзгерістерді енгізуде. Қоғам алдындағы сенім – реформалардың түпкі мақсаты.

Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік қызмет жүйесін жаңарту бағытында үлкен қадамдар жасалып жатыр. Бұл – уақыт талабы. Өйткені халыққа сапалы қызмет көрсету, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету – негізгі мақсат. Осы тұста негізгі жаңалықтармен бөлісе кетейік:

  1. Мемлекеттік басқаруды жаңарту

2024–2029 жылдарға арналған арнайы тұжырымдама қабылданды. Оның басты бағыты – «адамға бағдарланған» мемлекеттік қызмет қалыптастыру. Яғни, азаматтар үшін қызметті ыңғайлы ету, қажетсіз құжаттар мен бюрократияны азайту, цифрландыруды күшейту көзделіп отыр.

  1. Заңға енгізілген түзетулер

2025 жылдан бастап «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға жаңа өзгерістер күшіне енді. Енді бұрын ауыр немесе сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған адамдарға қызметке кіруге мерзімсіз тыйым салудың орнына нақты уақытша шектеулер белгіленеді. Бұл әділдік принципін сақтауға мүмкіндік береді.

  1. Қызметкерлерді іріктеу мен бағалау

Кадр саясаты да жаңарып келеді. Енді бос орындарға іріктеу толығымен ашық әрі бәсекелі түрде өтеді. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысы нақты нәтижесіне қарай бағаланып, жақсы көрсеткіш көрсеткендер ынталандырылады.

  1. Жауапкершілік пен этика

Мемлекеттік қызметкер бұрынғы жұмыс орнын ауыстырған күннің өзінде ескі лауазымында жіберген қателіктері үшін жауап беруге міндетті. Сондай-ақ этика кодексін бұзғандарға да қатаң шаралар қолданылады.

  1. Өңірлердегі ротация

Кейбір қызметкерлерді басқа аймақтарға жіберу тәртібі күшейтіліп, ротацияланған мамандарға арнайы төлем қарастырылған. Бұл тәжірибе кадрлардың біліктілігін арттыруға және аймақтар арасында тәжірибе алмасуға бағытталған.

  Бұл өзгерістер мемлекеттік қызметті заманға сай бейімдеуге, әділдік пен ашықтықты нығайтуға көмектеседі. Мемлекетет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәлелер және оны түбегейлі цифралық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын цифрлық жүйелерді енгізу арқылы іске асыруға мүмкіндіктер береді деп санаймын.

Б.Кангужин,

Алға ауданы әкімінің орынбасары,

Әдеп жөніндегі уәкілі