9 сәуір күні Алға аудандық мәдениет үйінде Әлия Молдағұлованың туғанына 100 толуына орай қазақтың өжет те, қайсар мінезді батыр қызының ерлігі бейнеленген «Мергендер» көркемфильмінің көрсетілімі өтті.
Қан майданда асқан ерлігімен, мергенділігімен көзге түскен батыр қызға арналған туынды 1985 жылы Жеңістің – 40, Әлияның 60 жылдығы тұсында түсірілген. Бір жарым сағатқа созылатын әскери драма жанрындағы киноны түсіруге «Қазақфильм» және «Қырғызфильм» бірге кіріскен. Фильмнің алғашқы көрсетілімі Ленинград қаласында өткен. Бұл қаланың батыр қыздың өміріне тікелей қатысы бар. Себебі, ол бала кезінде ата-анасынан ерте айырылған кезде нақтырақ айтқанда, 1935 жылдан бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Сонымен қатар, Әлия Молдағұлова «Мергендер» фильмінде де Ленинград үшін жойқын шайқаста ерлікпен қаза табады. «Мергендер» фильмінің режиссері – Болот Шамшиев, ал басты рөлді сомдаған қырғыз елінің актрисасы Айтұрған Темірова.
Фильмде өмірінде қолына қару ұстап көрмеген жас қыз Әлияның бейнесі сипатталады. Оның жанында жүрген Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебінде бірге оқыған құрбыларына деген адалдығы, жанашырлық сезімі айқын көрсетілген. Сонымен бірге фашистерге қарсы әрбір ұрыс кезіндегі оның жауапкершілігі, командирлердің берген тапсырмаларын бұлжытпай орындауын да кинодан көріп отырып тамсанасың. Қаршадайларынан жүректі қорқыныш билеген сұрапыл соғысқа аттану оңай емес екені белгілі. Бірақ, кинодағы жап-жас қыздар Отан үшін алға ұмтылып, қан төгуге дайын тұрады. Бір-бірін қолдап, қорғайды. Әлия майданда жүріп уақыты аз болса да ауылдағы Сапура әпкесіне хат жазуды ешқашан тоқтатпағандығы да кинода көрсетіледі. Көркем фильмді көріп отырып, бейбіт заманның қаншалықты бізге берілген үлкен сый, бақ екенін түсінесің. Ал, сол кезде Отан үшін шайқасқан батырларымыздың жүрегінде қандай сезім болды десеңізші!
«Адырна» ұлттық порталының деректеріне сүйенсек, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Әлия батырдың 100 жылдығына орай «Әлия» толықметражды көркем фильмі осы мамыр айында жарыққа шығып, көрермен назарына ұсынылмақ. Қазақтың батыр қызы туралы «Әлия» туралы фильмінің сценариін мәскеулік журналист, тележүргізуші әрі актриса Алена Кулешова жазған. Жобаның бас продюсері және сценаристерінің бірі – Александр Шухов. «Әлия» фильмінің режиссері – Ален Ниязбеков. Киноның түсірілім жұмыстары Қазақстан және Беларусь елінде жүргізілген. Батыр қыз туралы көптеген жаңа тың деректер қосылған киноның түсірілімі 2024 жылдың күз айында басталып, қыста аяқталған. Бұл Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына үлкен сый деп білеміз. Кейінгі ұрпаққа оның өмір жолын, ерлігін осындай туындылар арқылы тануға, білуге жол ашылады.
Марал САНДЫБАЙ