МҰНАЙШЫЛАРҒА ЖАҢА ЖОБА ТҮСІНДІРІЛДІ

Өңірлік коалиция мүшелері Жаңажол кен орнында болып, мұнайшыларға жаңа Конституция жобасының мән-маңызын түсіндірді.

Мұнайшылар жер қойнауына қатысты баптарға ерекше назар аударды. Коалиция өкілдері 2022 жылы енгізілген «Жер қойнауы — Қазақстан халқының меншігі» нормасы жаңа Конституция жобасында өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Бұл халық мүддесіне сай табиғи ресурстарды пайдалануға құқықтық негіз береді.
Сонымен қатар экология мәселесі де кеңінен қозғалды. Жаңа Конституцияда алғаш рет қоршаған ортаны қорғау, өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, апаттардың алдын алу және азаматтардың қауіп-қатер туралы ақпаратқа уақтылы қол жеткізу құқығы нақты бекітіледі. Мұның бәрі өндірістік өңірлерде тұратын тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ Ата Заңдағы адам құқықтары мен бостандықтарына ерекше мән берілгені айтылып осы бағыттағы нормалар талқыланды.
— Жобада адамның қадір-қасиетін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындайды. Еліміздің әрбір азаматының денсаулығын қорғау, әлеуметтік қолдау алу және еңбек ету құқықтарына кепілдік қарастырылған. Сонымен қатар сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және шығармашылық еркіндік қамтамасыз етіліп, зияткерлік меншік заңмен қорғалады, — деді өңірлік коалиция мүшесі Абай Сақтағанов.
Кездесу қорытындысында мұнайшылар жаңа Конституция жобасын қолдайтынын және бірауыздан референдумға қатысатынын айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.