Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл

 Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!

(Ауданымызда ақынды ұлықтауға арналған іс-шаралар легі)

 Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!

Мына адамдар неге жатыр тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойған-ай.

Мына дүние неге жатыр үндемей?!

Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.

Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,

«Мынау – шапан,

Мынау – атың, мін», — демей.

Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!

Бекер өмір сүргенмін бе, әлде мен?

Халқым,

Сенің қасиетіңді білем деп,

Босқа өмірім өтті  ме екен әуремен?!

Айтамын деп қуанышың, мұңыңды,

Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!

Мен, бәрібір  өзіңменен бір болам,

Өзегіңе тепсең-дағы ұлыңды.

…Тойланбаса тойланбасын,

Не етейін.

Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.

 Берші маған, бәйбіше,

Болашаққа арыз жазып кетейін… – деп жырлаған өлең жолдарында ақын ішкі ойымен, көңіл-күйімен бөліседі. Көзі тірісінде сый-құрмет көрмегенін келешекке арыз жаза отырып жеткізген. Ақынның рухы мәңгі өлмейді, себебі оның маржан жырларын бүгінгі ұрпақ аузынан тастамай сүйсініп оқиды, үлгі, рухани азық алады. Еліміздің түкпір-түкпірінде жыл сайын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Бұл дәстүрге айналды. Ақынды ұлықтау – кейінгі ұрпақтың міндеті.

Жақұт жырлары халықпен біте қайнасып келе жатқан биік тұлға, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай ауданымызда көптеген мазмұнды іс-шаралар өткізілуде.

 Мұқағали жыры — мәңгілік

Халықтың сүйіктісіне айналған ақынның туған күніне орай алға аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен тағылымды поэзия кеші өткізілді.

Поэзия кешіне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аппазов Бекжан Аппазұлы, аудандық әкімшілік қызметкері, жас маман Әділ Жоламанов, Алға мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рахметолла Жұбаналин мейман ретінде қатысып, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты деректермен бөлісті.

Кеш барысында Мұқағали поэзиясының тереңдігі мен сыршылдығын айшықтайтын өлеңдер оқылып, мәдениет үйінің қызметкерлері ақынның жүрекке жетер «Есіңе мені алғайсың» атты әсем әнін орындады. Кеш қонағы Бекжан Аппазұлы ақынның өлеңін мәнерлеп оқып, Мұқағали мұрасының мәңгілік құндылығы жайында жылы лебізін білдірді. Ал Жұбаналин Рахметолла ақынға арнаған өз туындысын оқып, жиналған қауымды тебірентті. Сонымен қатар, оқушылар да ақынның таңдаулы өлеңдерін нақышына келтіре орындап, поэзия кешінің көркін арттырды.

Тақырыпқа сай әдемі, әсерлі безендірілген кітапхана іші көрермендерге ерекше көңіл-күй, тыныштық сезімін сыйлады. Кеш соңында кітапханашылар Мұқағали жырының жауһар шумақтарын оқып, «Бақыт деген» әнін әуелете шырқап, поэзия кешін әрлендіре түсті.

Мұқағали мәңгілік жырдың иесі болып әрдайым қала бермек. Шынайы поэзия өкілінің жүріп өткен жолы, өмірінің әрбір сәті тарихқа толы. Оның жырларын әлі талай ұрпақ жатқа жырлары анық.

Поэзия, менімен егіз бе едің?

 Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай Алға аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ауданымыздың 30-ға жуық өнерсүйер жастарының қатысуымен поэзия кеші өтті.

Ерекше ымырт кейпінде безендірілген залға жиналған аудан жастары ақынның рухына тағзым етіп, өлеңдерін әсем әуен ырғағымен ерекше ықыласпен оқыды. Поэзия кешінің жүргізушісі, Алға аудандық  жастар ресурстық орталығының басшысы Ақжайық Жомартұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Әсерге толы кеш еркін форматта өткізіліп, ашық микрофон арқылы әрбір қатысушы жас  Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқып, әндерін шырқады.

Белсенді жастарымыз Темірлан Мирманов «Күтпеген өлім хақында», Бекет Сәрсенов «Отан туралы», Нұрбек Мағрап «Ей, өмір!» атты ақынның өлеңдерін оқыса,  Әділ Жоламан Мұқағали Мақатаевқа арнап өзі шығарған өлеңін тарту етті. Ал Дәурен Заксалыков «Өмір жайлы», «Заман» атты өзі шығарған өлеңдерін оқып беріп, қошеметке бөленді.

Кеш соңында  ұйымдастырушылар атынан жастарға Мұқағали Мақатаевтың «Аманат» атты кітабы сыйға берілді.

Тамдыда «Бақыт деген…» ән кеші өтті

 11 ақпан күні Алға аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Тамды ауылдық клубында  ақынның шығармашылығына арналған ән кеші өткізілді.

Ән кешінде жырлары жүректің үні, елдің мұңы, ананың әлдиі, жастың арманына айналған Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері оқылып, әсем әндері шырқалды.

Ауданымыздың талантты өнерпаздары орындаған ақын әндерін ауыл тұрғындары тыңдап, бір рухани демалыстың куәсі болды. Әндерін қосыла айтып, қошеметтерін де аямады. Мұзбалақ ақынға арналған ән кешінде «Бақыт деген», «Ана, сен бақыттысың», «Есіңе мені алғайсың», «Фариза қыз», «Бақытымды жырлайды», «Күрең күз», «Мен деп ойла», «Сенің көзің», «Құмған алған», «Өмір» атты әндері орындалды.

P.S.: Мұқағали бойындағы  тамаша талантын жұртына арнаған. Ақын өлеңдерінде адам бойындағы адалдық, мейірім, ар-ұят сияқты қасиеттерді жоғары қояды. Ол үшін поэзия – адамды тәрбиелейтін рухани күш. Ақынға деген, оның шығармашылығына деген халықтың ыстық ықыласы қашан да өшпейтіні анық. Өйткені, Мұқағали Мақатаев қазақ халқының маңдайына біткен сүйікті ақыны.

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ