
Өңірлік коалиция мүшелері облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерімен кездесіп, Конституцияның жаңа жобасындағы негізгі ережелермен таныстырды.
Облыстық мәслихат депутаты Бижан Қалмағанбетов пен Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директоры Сайлау Қамиев жаңа Ата Заңдағы негізгі қағидаттарды тізбелеп көрсетіп, оның жаңа қоғам, жаңа уақыттың талабына сай жасалып жатқан өзгерістер екендігін айтты.
— Жаңа Ата Заң жобасын дайындау кезінде арнайы комиссия құрылып, құрамына ғалымдар, саясаткерлер, зиялы қауым өкілдері енді. Алты ай бойы заң жан-жақты сарапталып, халықтың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, тиісті өзгерістер енгізілді. Бүгінде жоба ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, халықтың талқысына шығарылды, жобамен баршаңыз танысқан боларсыздар.
Жалпы, елдің негізгі заңдарын уақыт талабына сай жаңартып отыру — заңдылық. Ата Заңымыз — мемлекеттігіміздің, егемендігіміздің негізгі тірегі. Экономиканың дамуы, мәдениеттің өсуі мен өркендеуі — барлығы да Ата Заңмен тығыз байланысты. Сондықтан баршаңызды 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырамын, — деді Б.Қалмағанбетов.
С.Қамиев жаңа редакциядағы Ата Заңымызда мәдениет, білім, ғылым және инновация мәселелері айрықша көрсетілгенін, жаңа Конституцияда осы құндылықтарға нақты басымдық берілгенін атап өтті.
— Шығармашылық ғылыми-техникалық қызмет еркіндігі арнайы баптармен бекітіліп отыр. Бұл дегеніміз — мәдениет саласы қызметкерлерінің шығармашылық еркіндігі Ата Заң деңгейінде қорғалады деген сөз. Әсіресе ұлттық мәдени мұраны сақтау, қорғау, дәріптеу мәселелеріне ерекше мән берілген. Бұл — музей қызметкерлері, архив саласының мамандары үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе.
Сіздер ұлттық құндылықтарды насихаттап, тарихымызды дәріптеп жүрген азаматсыздар. Біздің бүгініміз бен болашағымыз Ата Заңмен айқындалады. Сондықтан баршаңызды 15 наурыз күні өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырамын. Дауыс беруге барып, өз ұстанымымызды білдірейік, бірлігімізді, азаматтық жауапкершілігімізді көрсетейік, — деді Сайлау Қамиев.
Жиынға қатысушы музей қызметкерлері облыстық коалиция мүшелеріне сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.