НӘЗІК ЖАНДЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ

           8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай әкімшілік акт залында «Асыл арулар» атты салттанатты жиын өтті. Ауданымыз бойынша түрлі салада еңбек етіп, қоғамға өз үлестерін қосып келе жатқан бірқатар асыл жандар марапаттарға ие болды.

         Тіршіліктің күретамыры болып табылатын әйел затының жаны өте нәзік, жүрегі мейірімге толы. Көгілдір көктемнің басталар шағында осынау мерекенің аталып өтілуі де кездейсоқ емес. Себебі, жер бетіндегі тіршілік асыл аналарымыздан бастау алады. Ардақты аналарымызға,  адал жарға, аяулы әпкелерге, қаракөз қарындастарға деген ерекше құрмет көбеймесе, азаймауы керек. Көктем мерекесі қарсаңында аудан өнерпаздарының ұйымдастыруымен өткен әдемі кеш көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, әсер қалдырды.

Мерекелік кештің шымылдығы мың бұралған биші қыздардың «Қазақ биімен» ашылды. Шара барысында алғашқы құттықтау сөздің легін бастаған аудан басшысы Асланбек Шүйіншәлиев ауданымыздың барлық асыл аруларын шуақты мерекемен шын жүректен құттықтап, жүрекжарды тілектерін арнады. Сонымен бірге олардың әрбіреуінің еңбегін жоғары бағалап, қоғам өміріне белсене араласып жүрген және қызметте жетістіктерімен көрінген жандарды алғыс хатпен марапаттады.

Облыс әкімі Асхат Берлешұлы Шахаровтың «Алғыс хатымен» ұзақ жылдар бойы тазалық бағытында тұрақты еңбек атқарып келе жатқан Бестамақ ауылдық округі әкімі аппаратының кіші қызметкері, аула сыпырушысы  Умарова Шара Сайлаубаевна,  өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Тамды орта мектебінде 2005 жылдан бері еден жуушы болып жұмыс жасап келе жатқан кіші қызметкері  Ерназарова Светлана Кадировна,         35 жыл еңбек өтілі бар, көпке үлгі болған жан Болгарка орта мектебінде еден жуушы болып қызмет етіп келе жатқан Маринова Ольга Владимировна,       саналы ғұмырын қарапайым жұмысқа арнаған еңбек адамы, Қарабұлақ мектеп бақшасының күзетшісі Махамбетова Зауреш Жайлаубаевна марапатталды.

Сонымен қатар Алға ауданының әкімі Асланбек Серікұлы Шүйіншәлиевтің  «Алғыс хатымен» өмір сынағына сынбай, 5 бала тәрбиелеп отырған батыр ана Асима Абельдинова,      ұзақ жылдар бойы ауданның дамуы жолында  жұмыс жасаған еңбек ардагері Раиса Карчигина, ерекше жанға қамқорлық көрсете отырып, өз кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкер ана Бекжанова Шахноза Джолдасбаевна, 33 жыл білім саласында еңбек етіп келе жатқан білікті ұстаз Мулдагалиева Шуга Бутаровна, 37 жыл зертханашы қызметін атқарып келе жатқан адал еңбек иесі Агисова Назгуль Сагидулловна, 28 жыл әлеуметтік салада еңбек етіп келе жатқан кәсіби маман  Утеулина Айнур Айтбаевна, жас спортшылардың денсаулығын қорғау жолында15 жыл бойы адал қызмет атқарып, жауапкершілігі мен мейірімділігі арқылы ұжым құрметіне ие болған медицина қызметкері Шалабаева Амина Тулегеновна, қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз ету саласында қызмет атқарып, көші-қон қызметінде жауапкершілік пен кәсібиліктің үлгісін көрсетіп жүрген полиция қызметкері Сармурзина Дина Едиловна, ұзақ жылдар бойы білім саласында теңдессіз қызмет атқарып жүрген басшы ұстаз Есенова Гүлмира Абдигалиевна, мектепке дейінгі білім беру саласында жемісті еңбек етіп, жас ұрпақтың дамуына зор үлес қосып келе жатқан білікті басшы Таженова Шынарай Сағындыққызы,     білім беру саласында кәсіби шеберлігімен танылып, сапалы білім беруге үлес қосып жүрген тәжірибелі мектеп директоры Махамбетова Гүлжахан Сағынбайқызы, өз қызметін  терең меңгерген,  білімді және  білікті  маман  ретінде танылған үздік  педагог Тналина Мира Куатовна, 21 жыл бойы архив саласында адал еңбек етіп, тарихи құжаттарды сақтауға және ұлт мұрасын қорғауға үлес қосып келе жатқан тәжірибелі қызметкер Изтлеуова Акалма Бисенқызы,      қорғаныс істері саласында жауапты қызмет атқарып, әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстарға белсенді үлес қосып жүрген білікті маман Дарибаева Айнур Айткалиевна, 28 жыл бойы медицина саласында адал қызмет атқарып, адам өмірі мен денсаулығын қорғау жолында кәсібилігі мен мейірімділігін танытып келе жатқан тәжірибелі мейірбике   Алиева Асылжан  Искаковна, 30 жылдық еңбек өтілімен, оның ішінде 10 жыл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында қызмет атқарып, халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіп келе жатқан тәжірибелі маман Саналиева Куляш Битуллиевна марапатталды.

Айтулы күн аудандық өнер иелерінің мерекелік бағдарламасына ұласты. Мерекелік кеш барысында Нұрсұлтан Қаратаевтың орындауындағы «Гүл сыйлайық әйелге» атты әсем әннің ырғағымен залдағы барлық нәзік жандыларға гүл шоқтары таратылды. Әйел заты тек бір күн емес, әр сәт сайын құрметтеуге әбден лайықты. Бұл салтанатты кеш асыл жандарға деген құрмет пен алғыс білдірудің тамаша үлгісі болды.

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ