Нақты шешім – тұрақты даму кепілі
Алға аудандық мәслихатының кезекті қырық үшінші сессиясында көтерілген мәселелер ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындайтын маңызды шешімдермен толықты. Сессия жұмысы барысында депутаттар назарына аудандық бюджет, елді мекендерді абаттандыру және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік мәселелері қаралды.
Санитарлық қауіпсіздік – басты назарда
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге сәйкес Алға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Н.Утегенов 2025 жылдың 12 ай қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндады.
Басқарма басшысының мәліметінше, есепті кезеңде мемлекеттік қызметтердің 100 пайызы электрондық форматта көрсетілген. Қызмет сапасына қатысты шағымдар тіркелмеген, азаматтардың өтініштері заң талаптарына сәйкес уақытылы қаралған. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар беру, нысандарды қадағалау және түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілген.
Алайда ауданның санитариялық ахуалында алаңдаушылық туғызатын жайттар да бар.
Бруцеллез: сақтық – басты талап
Баяндамашы бүгінде бруцеллез ауруына қатысты жағдай ерекше бақылауда екенін атап өтті. Бұл – мал арқылы жұғатын, адам денсаулығына елеулі қауіп төндіретін жұқпалы дерт. Ауылдық аймақтарда мал шаруашылығының кеңінен дамуына байланысты тұрғындардың қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы аса маңызды.
Мамандар тарапынан аурудың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Мал өнімдерін ветеринариялық тексеруден өткізу, жеке қорғаныш құралдарын пайдалану, уақытылы медициналық қаралу – әр азаматтың жауапкершілігін талап етеді. Бруцеллездің алдын алу тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені баса айтылды.
Туберкулез бойынша өсім тіркелді
Сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша туберкулезбен ауыратындар саны 2 адамға артқаны мәлімделді. Бұл көрсеткіштің өсуі – сақтық шараларын әлсіретуге болмайтынын аңғартады. Туберкулез – дер кезінде анықталып, толық ем қабылданған жағдайда жазылатын ауру. Сондықтан скринингтік тексерулерден өту, флюорографиялық бақылауды уақытылы жүргізу – тұрғындардың денсаулығын қорғаудың басты тетігі.
Басқарма тарапынан эпидемиологиялық мониторинг тұрақты жүргізілуде, байланыста болған тұлғалар тексеріліп, қажетті профилактикалық шаралар қолға алынған.
Екпеден бас тарту – алаңдатарлық үрдіс
Баяндаманың маңызды бөлігінің бірі – балаларды вакцинациялау мәселесі болды. Соңғы уақытта ата-аналардың арасында діни ұстанымдарына немесе жеке көзқарастарына байланысты екпеден бас тартушылар саны көбейген.
Мамандардың айтуынша, екпе – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы. Вакцинациядан бас тарту тек бір баланың ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Ұжымдық иммунитет әлсіреген жағдайда қызылша, көкжөтел, дифтерия сияқты қауіпті инфекциялар қайта белең алуы ықтимал.
Осыған байланысты басқарма ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ата-аналармен кездесулер, семинарлар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихат жұмыстарын жалғастырып келеді. Әрбір ата-ана баласының денсаулығы үшін саналы әрі жауапты шешім қабылдауы тиіс екені ерекше атап өтілді.
Үш жылдық бюджетке – нақты түзетулер
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – 2026-2028 жылдарға арналған ауылдық округ бюджеттеріне өзгерістер енгізу туралы ұсыныс болды. Баяндамашы аудандық қаржы бөлімінің басшысы Г.Кожаберлинаның айтуынша, 2026 жылдың 1 қаңтарына ауылдық округтер бойынша 25 316,3 мың теңге көлемінде игерілмеген қаражат анықталған. Оның 1 612,7 мың теңгесі – 2025 жылы пайдаланылмаған трансферттер, заң талаптарына сәйкес қайтарылуға тиіс.
Сонымен қатар, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудан 5 938,7 мың теңге үнемделген. Атап айтқанда, Ақай, Қарақобда, Тамды және Қарақұдық ауылдық округтерінде үнемделген қаражат елді мекендердің нақты қажеттіліктеріне бағытталмақ.
Мәселен, 12 ауылдық округтің әрқайсысына әкімшілік құқық бұзушылық хаттамаларын рәсімдеу үшін планшеттер сатып алуға 4 198,9 мың теңге қарастыру ұсынылды. Кешенді блок-модуль құжаттарын әзірлеуге 2 800 мың теңге бөлінбек. Бесқоспа ауылдық округіндегі екі полигонның жер учаскелерін рәсімдеу, Бестамақ ауылдық округі аппаратына сейф, Үшқұдық ауылына елтаңба алу, Маржанбұлақ ауылындағы әкімшілік ғимаратқа ағымдағы жөндеу жүргізу де жоспарға енгізілді.
«Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру» бағдарламасы аясында Қайнар ауылының кіреберісіне жарықдиодты шамдар орнатуға және Қарақобда ауылындағы көшелерді жарықтандыруға қаржы бөлу ұсынылды.
Ал «Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру» бағдарламасы бойынша ауылдардың жасыл қорын дамытуға арналған дендрологиялық жоспарлар әзірлеуге 10 094,5 мың теңге бағытталмақ. Сонымен қатар Бестамақ ауылындағы ойын алаңын абаттандыру, Самбай ауылындағы зиратты қоршау, Қарақобда ауылындағы ҰОС ескерткішін қоршау, Қайнар ауылындағы орталық саябаққа сахна орнату және Үшқұдыққа қарасты ауылдарды абаттандыру жұмыстары қамтылған.
Қаржылық тәртіп пен нақты нәтиже
Сондай-ақ сессия барысында Алға қаласы және 12 ауылдық округтерінің 2026–2028 жылдарға арналған бюджеттеріне өзгерістер енгізу мәселесі қаралады. Бұл туралы Алға қаласының әкімі Ж.Бақытжанұлы мен аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Асқарова ақпарат ұсынды.
Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Асқарова 2025 жылғы аудандық бюджеттің орындалуы жөнінде есеп берді. 2025 жылы бюджеттің кіріс бөлігі 12 214,3 млн теңге болып жоспарланып, нақты түсім 12 469,4 млн теңгені құрады. Жоспар 102,1 пайызға орындалды.
Оның ішінде:
- 4 040,7 млн теңге – салық және басқа да түсімдер,
- 1 447,7 млн теңге – субвенция,
- 6 980,9 млн теңге – трансферттер.
Шығыс бөлігі 15 136,3 млн теңгеге жоспарланып, 14 695,6 млн теңге игерілді. Жоспар 97,1 пайызға орындалған.
Қаражаттың басым бөлігі мемлекеттік қызметтерге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, көлік және коммуникацияға, мәдениет пен спортқа, әлеуметтік көмекке бағытталған. Жыл қорытындысы бойынша игерілмеген қаражат 440,7 млн теңгені құрады. Оның ішінде трансферттердің бір бөлігі жоғары тұрған бюджетке қайтарылғаны атап өтілді.
Кезекті сессияда көтерілген мәселелер – аудан дамуының барлық бағыттарын қамтитын кешенді шешімдер. Бюджеттік тәртіп, ауылдарды абаттандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және санитариялық қауіпсіздік – барлығы да тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Алға аудандық мәслихаты алдағы уақытта да жауапты шешімдер қабылдап, өңірдің тұрақты дамуына серпін береді деген сенім мол.
Мадина ТАЖИБЕКОВА